Weekend

Көпшілік ортасындағы жалғыздық

Жас орта белден асқасын адам баласы ойшыл келеді екен. Өткен өмірін таңның атысы, кештің батысы қазбалаумен болып, өкініштен өзек өртендіріп бекерге өз жанын қинайды. Әсте, ол жан қинау болмаса ше? Жан ләззәті шығар, бәлкім. Оскар Уайлдтың «Дориен Грейдің портіретінде» «Біздің заманымыздағы адамдар ақылдың етегінен ұстап алып, оның құлына айналып алған, ал өмірдегі шын мәнінде ең қымбат ешқашан өкінбейтін нәрселер − жасаған қателіктері мен адасулары екенін түсінгенде тым кеш болады»- деп ашықтан анық сараптай салған. Шындығы жасаған қателік пен адасуларыма әсте өкіне қоймасам керекті. Біздің қателік жасауымыз не жасамауымыз Адам атаның шұбырған пенделерімен тығыз қарым-қатынаста. М. Шаханов «Бір адамға байланысты, Бір адамның болашағы» демей ме?!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жас орта белден асқасын адам баласы ойшыл келеді екен. Өткен өмірін таңның атысы, кештің батысы қазбалаумен болып, өкініштен өзек өртендіріп бекерге өз жанын қинайды. Әсте, ол жан қинау болмаса ше? Жан ләззәті шығар, бәлкім. Оскар Уайлдтың «Дориен Грейдің портіретінде» «Біздің заманымыздағы адамдар ақылдың етегінен ұстап алып, оның құлына айналып алған, ал өмірдегі шын мәнінде ең қымбат ешқашан өкінбейтін нәрселер − жасаған қателіктері мен адасулары екенін түсінгенде тым кеш болады»- деп ашықтан анық сараптай салған. Шындығы жасаған қателік пен адасуларыма әсте өкіне қоймасам керекті. Біздің қателік жасауымыз не жасамауымыз Адам атаның шұбырған пенделерімен тығыз қарым-қатынаста. М. Шаханов «Бір адамға байланысты, Бір адамның болашағы» демей ме?! Жаныңда жүрген адам құртам десе құртар, өсірем десе өсіретін дәрежеге ие. Ол- дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сонымен қандай қателік жайында жақ ашып отырғанымды білмей дел-сал болып отырған боларсыздар. Ендеше, мархабат тыңдаңыздар. Ескерте кетейін, оқиғаға қанық болу үшін ортадағы менің мылжың әңгімемді оқи кетуіңізге тура келеді. Ол үшін кешірім сұраймын.


Ес кіріп, ер жетіп желөкпелікпен енді қарым-қатынас бастағалы тұрғанда ақыл деген арлының торына түсіп қалмасым бар ма? О, тоба! Ойлана-ойлана ми жаңғақша шағылып кететіндей еді. Соңымнан қалмайтын ой құрғырың көп кітап оқығаннан болар деп түсіндім. Б. Соқпақпаев Мұхаңның «Қарақ-Қараш оқиғасын» төртінші сыныбында оқыса, мен 5 сыныпта тәмәмдап, түбін түсіргемін. Мектеп оқып жүрген шақтарда тұрған бітімім тұнған классика болатын. Кітапты көлеңкесімен қосып ұстап алар едім. Мұндай құмарлықтан хабардар еткен «сол ұстазға» алғыс.

Жо-жоооқ, сабақ барысында жыбырлаған, қыбырлағандарды ал кеп соғатын долы ұстазды айтпаймын.

Әлгі, атағы асқақ баланы қолпаштап, құшақтап, жағымпазданатын жиіркенішті ұстаз(«ұстаз» дегенге сөздің ұлылығынан ұялып тұрмын) әйелде емес.

Кісікиік, жұрттың бәріне күдіктене қарап, сабаққа түнеріп кіріп, қара бұлттай қаптап шығатын тарихтың мұғалімі деп те ойлап қалмаңыз.

Жоғарыда айттым ғой, ойлау мен ойланудың үстінде ойнаймын деп. «Жар жағалаған жалғыз» шығармасындағы Холден КолфилдСпенсер мырзаны өте жиі ойлағанындай, мен де биология пәнінің мұғалімін жиі ойлайтынмын. Неткен тұнған шежіре. Жыбыр еткен жәндікпен қанат қаққан құстың түр-түсін, қай мекендерді мекендейтінін бәрін-бәрін біледі –ау шіркін. Тек түсінбейтінім, құрт-құмырсқаны түгелдеп, адамдарды зерттеуден қалған сықылды. Өмірдің өрескелдігін сараптай білуге ой толғамының қауқары жетпейді. Ал түсінгенім, арсыз, мәнсіз ешқашан ешкім зерттей алмаған адамдарды зерттеп уақыт кетіргенше жәндіктермен әбігер болайын деген болар. Түсінбей түсініп ой түйгенім осы болды. Мұным ежелгі философ Сократтың «Менің бір нәрсе білетінім, менің еш нәрсе білмейтінім» дегеніндей болды ғой.

Лаборант ағай. Біздің сыныпқа үш қайнатса да сорпасы қосылмайтын қай-қайдағы бір жүрген мұғалім. Мұның жанында география мұғалімі жіп есе алмай қалады. Бітімі бөлек, тұлғасы тартымды. Жоғарыдағы бейсаналы ұстаздар тобыры лаборант ағайды әп сәтте ақ ұнатпағанын, уақыт өте келе оған асқан ақылдылығы үшін қоқан лоққы көрсеткендігін мен «есуас» кейіннен білдім. Оны қалай жолықтырғаным хақында көп созбаймын. Алдындары да ол жанды көп көретінмін. Бірақ адам екен демедім. Сәлем-сауқат сұрап, амандасқанда емеспін. Бір күні география деген құрлық пен мұхиттың мәселелерін қозғайтын сабақтан сұлу, сымбатты мұғалима келмей қалып орнына Құдай айдады ма, директор айдады ма, осы лобарант кіріп келген болатын. Өзімізше оның дәрежесін менсінбей отырғанымызда, өз парасаттылығымен бізді бір шыбықпен айдады десем, сіздерге –өтірік, маған-шын. Сол сәттен бері жаныма жан баласын жуытпайтын, жақын тұтпайтын мен, төмен дәрежелі ұстазды өз биігіме шығаруға болатынын түсіндім. Ол маған кітап оқу арқылы, балалықтың жағымсыз сәттерін ұмытуға көмектесті. Кітап арқылы артықша ойлай білуге, асқақ талғамға ие болуға болатындығын айтқан болатын.


-        Психолог Пришвин өз күнделігінде «Бүгінгі күннің тақырыбы жеке адамға арналған махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұластыра білу, екінші сөзбен айтқанда жеке адамды жақсы көре тұрып, көпті сүйе білудің жолын табу»- деген. Сен адамдарды жақын тартпайсың, өзді-өзің болғанды ғана қалайсың. Ал адамдар-аудитория. Сен өз аудиторияңды қалыптастыру төңірегінде де дым бітірмейсін. Алғашында мектеп мұғалімдері мені көргенде кірпідей жиырылатын. Ал қазір ше, жанымда жоқ адамның өзі жоқ.

-        Адамдардың ортасында жүрген соң адамдарша көлгірси біл демексіз ғой. Адамды жақын тұту деген-оған ағыңнан жарылу. Сырыңды аша білу. Адамзаттың бәрін жақын тұтып, оларға сыр деген сандығымды аша берсем, оның несі «сыр» болмақ. Ол бөлек әңгіме, тағы бірі, жақсы көріп, жақының деп түйген адамыңның сатып кетпейтініне кәміл сенесіз бе? Мен сенбеймін. Сол үшін де досқа, адамдарға келгенде аса ұқыптылықпен қараймын. Әттең сізден өзге жан пендесін жаныма жуытпадым. Ол өзімнің сезгіштігім және тоңмойындығым арқасында. Қиянат қылмаудың бір ғана жолы бар. Ол қиянат қылмау.

-        Адамдар неге сатып кетеді, соны білесің бе? Адам өз басын асырап жүрген аң. Аңға тамақ қажет болғаны үшін өзге аңды жеуге тура келеді. Адамда өз қажеттілігі үшін сөзінен таяды, сатып кетеді. Ол сені әу баста жарты жолда тастап кетемін деп әсте ойламаған, тек уақыт өте келе белгігі бір қажеттіліктерге байланысты сені сатқан да кеткен. Ол үшін жазықсыз адамды жазықты етуге болмайды. Өзің артыңа қайрылып қарашы. Сабақта отырған кезіңде көңілің қош көрген қыз үшін дос деп санаған сыныптасыңның бар сырын ашып тастамап па ең?

-        Тоқтатыңыз!

-        Бұл сенің қажеттілік жолында досыңды сатып кетуің. Қажеттілік деп тұрғаным- сенің қызға деген ынтызарлығың, оның көңілінен шығу жолында «достық» салтын бұзғаның. Кәні айтшы енді, өзің адамдарды сатып кетесің де, сатқындық жасаған адамдарға кірпідей жиырыласың. Физикада «теория отнасительности» деген бар. Бұл төңірегінде «Ешбір қозғалысты басқа қозғалыстармен салыстырмай анықтауға болмайды» деген теория қалыптасқан. Ақылың бар бала едің ғой, өзің түсініп аларсың.

-        «Терең батырады, көп қорқытады». Көппен жүргенің еркіндігіңнен айрылғаның. Сіз түсініңіз, түсінбеңіз «еркіндіктегі тұтқын» болу-ол ең керемет дүние. Еркіндіктен айрылу тар қапаста тынысың жетпей тарылып өлумен тең.

-        Жә, осыда жарар. Қайт үйіңе.

-        Сіз мені түсінбейсіз.

-        Мүмкін...


Бүгін сүйікті жарымның дүниеге келген күні. Салтанатты күнге орай жан достарымды, құрдастарымды жинап, бастарын қосып, арқа-жарқа болып отырмақпыз. Кеш. Қонақтар абыр-сабыр жүрген бөлмеде ине шаншыр жер жоқ. Барлығы бір сөзді жаттап алғандай. «Сендердің жанашырларыңбыз! Сендер дүниедегі ең керемет жұпсыңдар!». Иә, саған, ең керемет жұппыз. Бір-бірін түсінбейтін, бір-біріне мұң шағып ашылмайтын жандарды қалайша «ең керемет жұп» дейді екен. «Жанашырларыңбыз» дейді. Мұнысына да түсіне қоймадым.

Түсінбей отырған боларсыздар, кешегі «көпшілікті» жек көрген адам бүгінде неге олармен арқа-жарқа отыр деп. Бразилияның бір провинциясында крокадилдер адамдар мен малдарға шектен тыс зиян алып келгені үшін, крокадилдердің бірін де қалдырмай қырып тастайды. Алайда, көп уақыт өтпей елді-мекенге жаман ауру тарап, халық шетінен қырыла бастайды. Сөйтсе, крокадилдер табиғатты жаман ауадан тазартып, зиянды бақа-шаяндардың көзін жойып, қастандық жасаған адамдарға көмек көрсетеді екен. Оны білген ел, қыруар ақшаға көрші елден крокадил сатып алып қайта күндерін көре береді. Өзің – провинциясың. Крокадилдер-көпшілік. Сен «көпшіліксіз» өмір сүргің келсе де, ол орындалмайтын арман. Олардың саған зияны тисе де, «жалғыздық» деген түрмеге түспес үшін, міндетті түрде «көпшілікті» сатып алуға тиістісің. «Сатып алу». Ол сенің «көпшіктің сөзін мақұлдауың, олардың мылжың сөздерін көтеруің, солардың ойымен жүріп, еркіндігіңнен айрылуың».

Есік қағылды. «Сізді шақырады, мырза, кім екендігін айтпай тұр»- деді қызметші. Шығып қарасам, от жанары әлі күнге сөнбеген тек тағдыр маңдайына ойқыштап әжім салған жас лаборант ағайдың орнына қартаң тартқан қырықтар шамасындағы кісі күлімдеп қарсы алды. Кім екендігін білген боларсыздар. Амандасып болғасын, тысқа шығып кеттік.

-        «Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос, озсаң да -олжалысың, қалсаң да-олжалысың» деген сөздерді көзім шалып қалған әлгінде. (Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» деген пьесасынан оқыған). Олжадан құр қалдым де.

-        «Бұл неге шөлге құмар?» деп балық түйекқұсқа, «Бұл неге соншама суға ғашық» деп түйеқұс балыққа таңданатын болса керек. Жастық шақта екеуміздің ойымыз да осылай болатын. Мен сізге, сіз маған түсінбей әуре болушы едік. Ал қазір ше? Мен сізді толықтай түсінемін. Сіздің айтқаныңыз мақұл сөз екен. Сіз ләм демей жатып, мен барын айтайын. Қастандықты өз қажеттілігің үшін істейсің, көпшіл болу- ерікті болу деген сөз екен. Оны да түсініп, таңдай қағып, бас шайқап болдым. Сізді «Махаббат қызық мол жылдардағы» Ерболдың ұстазындай сыйладым. Сөзіңізден сыр ұқтым. Бірақ, сөзімде тұра алмадым. Сіздің алдыңызда айтылған сөз-атылған оғымды орындай алмадым. Гетенің «Одиссея» шығарамасындағы Пенелопаны жиырма жыл күткен әйел құрлы қасиетім жоқ екен. Несін айтайын?! Сөз сөйледім, алайда орындай алмадым. Ақылдан- азап көрдім. Шаршадым. Миыма тыныштық керек болды. Ой мен жалғыздықтан арылудың бір жолы үйлену деп ұқтым да, белгісіз, өзінің ойы мен түйсігі жоқ әйелге сөз салдым. Отбасы құрдық. Бүгінде, мағынасыз жанұяның ең керемет үлгісі болып отырған жайымыз бар. Достарды айтайын. Ойымнан от шығып көпшілікті қалаған мен, жағымпаз, мақтаншақ, мылжың, менменқойлардың қасында ғұмыр өткізуіме тура келді. Қазір үйреніпте қалдым. Өмір үйретті.

-        Ұқсастық пен ұсақтықтың дәурені жүрді деген осы. Мен де сендей шарқ ұрып, шытынағамын жас шағымда. Алайда, ұстазға да ұстаз табылады. «Өмір-ұстаз» үйретті, жалғыздықтан құтылу үшін, көппен тілдесуді, көппен сөйлесуді. «Сіз мені түсінбейсіз» дегенсің, мен сені айдан да тұнық түсінгемін. Себебі мен де сен сықылды желөкпе едім. Жөнге салған да «Өмір-ұстаз». Жә, мен жылжиын, тек сенің зығырданыңды қайнату үшін келгемін, шаңырағыңа. «Сол арманың, сол мұратың қайда қалды» деп айту үшін келгемін отбасыңа. Айтарымды айттым, ендеше қош! Бір сәттік рахат силағаныңа алғыс!

-        Сіз менің арымды таптауға келдім демексіз ғой. Осы сөздеріңізді алдынырақ айтсаңыз болушы еді ғой. Осыншама қатігез болғаныңыз ба? Тіпті түсіне алар емеспін.

-        «Өмір-ұстаз» жол бермеді бұлай жасауыма. Мүмкін адасып, адасып есінен алжассын деген болар. Айтуды ұмытып барам, Свифтің 10 мың стерлингін алу үшін жындыханаға жатпақпын. Свифтің жазушылық ғұмыры жындыханамен жалғасқан. Ол өлерінде мен секілді ақыл-ойынан адасқандарға мұра қалдырып кеткен екен. Сені келеді деп ескертіп қоямын ондағыларға.

-        Қош болыңыз! Сізбен сөйлесудің реті де келмей қалыпты.

8:00. Таңғы жаңалықтарда адамның қаза тапқаны жайында хабарлады. Анығы, бір топ маскүнемдер ол адамды таптап кеткен көрінеді. Бұл оқиға түнгі төрттер шамасында болған. Айтпашы, кешегі менің достарым үйден 3: 36 да шығып кеткен болатын. Жайың жаннаттан болсын лобарант ағай...

Өмір жолым осымен бел ортадан асып, кәрілікке де табан тіредім. Бойдан- қуат, көзден- от кетті. Алайда ақылым өз орнында. Алыстан орағытып ұзын-сонар әңгіме не үшін жаздым?! Айтарым не? Өмір бойы жалғыздықты қалаған адам болсын, көпшілікті қалаған адам болсын ақыр соңы жалғыз қалып тынады екен? Кешегі ұнатпаған асыл жарым да, саны көп, сапасы жоқ достар да жоқ қазір. «Көпшіліктің» қатары сирей-сирей ақыры мен ғана қалдым. Тағдыр заңы сол екен. Тұла бойым қалаған «жалғыздық» қайта оралды жаныма. «Көппен» өткен күндерімді қателікке баласам да, ол сәттерден ләззат аламын. Сол кездегі у-шу болмаса мына тыныштықтың қадірін әсте білмес пе едім?! Бала күндегі тыныштығымнан айрылған күйі қол үзіп, ұмытып қалар ма едім кім білсін?! Бірақ «Өмір-ұстаз» олай жасатпайды екен. Жас кезіңде көпшіл бол, жалғыз бол, ақыр соңы жалғыздықтың шырмауына бәрібір түсесің. Жаның тыныштықты қаласын, қаламасын ақыр соңы шыбынның да ызыңы естілмейтін тыныштықтың куәгері боласың. Егер «Өмір» атты ұстаз бүйырса, өзіңнің де тынысың естілмей қалады. Тек, ол саған да, мен жыр қылған «көпшілікке» де байланысты емес. Оны «Өмір» ұстаздың өзі шешеді. Мектептегі ұстаздың жылдық бағаңды бағыңа және талпынысыңа орай қоятын болса, Өмір ұстазыңның не шешіп ,не қойғанын да аңдамай қаласың. Ол бәрін өзі біледі. Сенің атақ, дәрежең, білім, парасатыңның өзі ашылмаған және ашылмайтын теорияны өзгертуге не бұрмалауға қауқары жетпейді. Адам- дүниенің ең әлсіз тұрпаты екенін осыдан ақ аңғаруға болады. «Болымсыздан қол жетпейтін биік, көш өтпейтін шыңырау жасап алу» деп міне осыны айтады...