Bugin

Адам өмір бойы немен күреседі?

Бақыттың баяны дегеніміз не өзі? Өмір дегенді қалай түсінеміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адам баласы фәни дүниеге келген сәттен қажеттіліктерді туындатады. Өмір сүруге деген талпыныстары пайда болып, бақыттарының баянды болуын қалайды. Бақыттың баяны дегеніміз не өзі? Өмір дегенді қалай түсінеміз? Осы сауалдарды біліп, сараптап, саптаған адам бар ма?

«Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді әлі өзімде зерттеп көрмегем», дейді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Өмір жайында жіліктеп сөз қозғауға менің дәрменім де, ақыл-санам да жетпейді. Бұл тақырыпқа келгенде сөзім-саяз, қиялым-қайыршы. Асылы, ұлылардың қалдырған өнегелерінен «өмір» дегеннің не екендігін, «өмір үшін күрестің» қандай болатынын ізденіп көргім келді. Ақыр соңында өз ойымды тиянақтап, түйінін өзім қоя жатармын. Құрғақ сөзбен ауыз сүртетін тұрақты сөздер мен жиі айтылатын ой тұжырымдары емес, хәкім Абайдың қалдырған өсиеттерін, «қара сөздерін» тілге тиек етпекшімін. Осы тұста, Абай қалдырған сөздердің ішінен өмірлік күреске жататын нақылдарды ретімен орналастырдым.

Көптің бәрі осындай мисал етсең,

Көп айтты деп алданып уағда күтсең.

Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,

Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең-дейді Абай атамыз. Бірінші кезекте, біз көп сөзінен аулақ болуға, өсек-әңгімеге ілікпеуге тырысамыз. Демек, елге жалпақтаған күйі, артымызға тиіп кетер сөзбен күресеміз.

Ғұламаның төртінші қара сөзінде «Қулық саумақ, тіленіп адам саумақ-өнерсіз иттің ісі» делінген. Міне, келесі күрес мал үшін, дүние үшін күрес. Бұл тұрғыда адам баласы жанын беруге даяр екені мәлім ғой. «Мал қайғысы-жан қайғысы». Арам жолмен болсын, адал жолмен болсын дүние тапқанына мәз. Қара бастың қамы үшін қандай да болсын қалқанды бұзып өтуге әзір. Бұл күрестің шешімін ғақлияның соңы айтып-ақ тұр. «Әуел Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».

Тағысы, адамның өзіне-өзін жау тұтқан «өзімен» күресі. Ойламайын десе ойлайды, істемейін десе істейді. Адам өз ой-санасының қолшоқпары болып қалған. Сол себепті, жасаған жұмысы, өмірлік тұрмысы «өзініңкіндей» болмайды. Басқа біреу басқарып отырғандай. «Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, әлде өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе, білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам ызалана алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі». Бұл сөздер «көппен» күреске саятындай. Алайда, мен ойшылдың өз ішіндегі оймен арпалысқаны деп ұқтым.

Тағы бірі, адамның атаққа деген сүйіспеншіліктен туындайтын күресі. «Кербездің екі түрлі қылығы болады. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп,солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «әттең, дүние-ай» дейтұғын болмаққа ойланбақ». «Мақтан» үшін күресті де осы тұста жазайын. Себебі, екі күрес тумалас. Жиырма үшінші қара сөз былай дейді. «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым» деген сөз болса жарар, алдында неше ат бар деп сұрар, артында қалған ат нешеу деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?...». Қит еткен қылытпадан қалмайтын, қолымен тас көтерсе де мақтанып қалатындар жайлы, бұл. «Аттан қалма байталым, жыннан қалма шайтаным»...

Сонымен қатар, ар-намысты да шетке ысырып қоюға болмайды. « Ұят» атты ұлы ұғым үшін де күресеміз. «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымыңның аты».

Екі тізгін бір шылбырды ұстап алып, тізе берсең тағы бірнешеуі шығардай. Бірақ, осымен доғарайын.

Өмір үшін күрестің бірнешеуін қоғамда айна қатесіз көріп жүрміз. Жоғарыдағы күрестерді түйіндей келе мынадай қорытынды шығарып отырмын. Адам «өз бақыты» үшін күреседі. Ал мына күрестер сол бақыт үшін қажеттіліктен туындаған. Бақытты әр адам әр қалай түсінеді және әр қалай қол жеткізгісі келеді.

Күлімдеп атқан әр таң бақытқа толы. Демек, адам баласы әр күні күреседі, ақ желкенін жыққысы келмейді. «Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек-қайратсыздық. Дүиеде еш нәрсе де баян жоқ екені рас, жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ма еді!». Осы тәмсілден бар сұраққа жауап табуға болады. Артық сөзге қалсаң да, мал-дүние жыйсаң да, өзіңді тізгіндей алмасаң, атақ-мақтанға белшеңнен батсаң да, ар-намысыңды қалқалай білсең де бәрі бітеді. Бақытқа енді жеттім дегенде, өзіңнен- өзің келесі ойды туындатып аласың. Және бір рет, бақытыңа қол сермейсің, орындалды делік, келесіде жолың болмай, қайта бақыт іздей бастайсың. Сонымен, басында қойылған сұраққа жауап- бақытта баян жоқ. Өмір дегеннің өзі бақытқа жету жолындағы талас-тартыс, біз айтып отырған әлгі «күресіміз».

«Құдай тәбәрака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі неше мың жылдан бері әркім әр түрлі сөйлесе де бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі» дейді дана Абай атамыз. Бұдан келіп шығатыны, қанша күрессең де, немен күрессең де Алланың айтқаны болмай қоймайды. Бір Алладан күдер үзбей, бақыттың баянын емес, қайырлысын күткеніміз дұрыс болар.