МӘДЕНИЕТ
Абай тұлғасын көрсету бөлек те, сезініп, жүрекпен жеткізу – үлкен өнер...
Қайталанбас Ұлы Абай рөлін шеберлікпен сомдап, тереңіне үңілу көп өнер адамының қолынан келе бермейтін батылдық болар. Абай сынды түбі табылмас тұңғиық теңіз, алып жұмбақтың образын қайта тірілтіп, сахнада жан беру қай актерға болмасын үлкен мәртебе, мақтаныш, арман екені шындық. Алайда Ұлы Абай рөлін табысты да, ірі ойнаған, күллі жұрт Абай деп таныған, ұлы ақынды тірілте білген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сынды бірегей актерды тілге тиек етпеу қате шығар.
Абай рөлімен небәрі 30 жасында көзге түскен сахна саңлағы жауапкершілігі мол, басқа рөлдерден ерек Абай образын сомдау үшін талант аздық ететінін атап өткен еді. «Актер қай уақытта да өзінің формасын сақтауы, күн сайын өзін дәлелдеуі керек. Мен Абай рөліне келгенге дейін еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқаю керек дегенді ұстанған едім, ал Абайды жіті таныған сайын мен еңкейгенге еңкею керек, шалғайқанға да еңкеюге болатынын түсіндім. Актер деген бұрқ-сарқ етіп қайнап, ішіндегісін айтып тастап, бірақ ар жағында кек қалмауы керек. Ал біреуге кек сақтаған сайын, актердің жүрегі қарая береді, ал жүрек қарайған сайын образын ойнай алмайды. Жүректен шығып, жүректен жету үшін жүрек таза болуы керек» дейді сахнадағы Абай.
Әрине, 30 жасында кімде-кім келісе беруі қиын, жауапкершілігі мол ұлы Абай бейнесін сомдауға мүмкіндік алу еңбектің, таланттың, жүрек тазалығының арқасы деп білемін. Актердің өзі айта кеткендей, алған рөлді сомдауың үшін актерлық шеберлігің жеткіліксіз, сонымен қатар бойыңда кейіпкеріңнің тұлғалық қасиеті болуы шарт. Өмірде екіжүзді, жақсылыққа қас болып, өнерде жақсы рөлді алып шығу мүмкін еместігін айтып, тілге тиек етеді. Тамсана тыңдап отырып, актердің дәл осы сөзімен келіспеске болмады. Құдды алдымда Абайға жан бітіп, ойымда сақталған дәл ұлы ақынның өзі сұхбаттасқандай көрінді.
Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін