Ақтөбе облысы

Болашағың жарқын болу үшін, өткеніңе көз сал...

Қазір жаңа заман, жаңа адам. Болашағың жарқын болу үшін, өткеніңе көз салу қажет. Жылдар жылжыған сайын бір-бір үйдің түтінін өшірген сұрапыл соғыс алыстап барады. Талайдың көз жасын құрғатпаған қанды майданнан аман оралған ардагерлеріміз де азайды. Иә, елімізге бостандық сыйлап, жеңіс туын алып берген қадірлі жандар дәл қазір бізге ардагер болғанымен, сол кезде небәрі 16-20 жас арасындағы бозбала еді. Десе де бойларына күш-жігер жинап, оралмауы мүмкін болса да жеңіс үшін қан майданға аттанып кетті.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 Майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер есімі ел есінен ешқашан өшпейді. Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев орны бөлек ұлы тұлға болса, қазақтың «қос шынары» Әлия мен Мәншүк (Мәнсия) қайсар қыздар болды. Олар Кеңес Одағының батыры атағын алды. Әскери қолбасшы, батальон командирі Бауыржан Момышұлы 207 рет ұрысқа қатысқан. Олардан бөлек Жәнібек Елеусізов, Садық Әбдіжаппаров, Махмет Қайырбаев, Абдолла Үсенов, Хұсайынов Ахмедияр сынды батырлар қан майданда ерлік көрсетті. Көрсеткен ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысының батыры» атағы берілген. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес одағының батыры атағын алып, 100-ден астам жауынгер "Даңқ" орденінің иегері атанды. Одан бөлек ерекше атаққа қазақстандық 4 ұшқыш: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский ие болды. Оларға  "Кеңес Одағының батыры" деген құрметті ат 2 мәрте берілді. Қазақстандықтар арасында алғаш болып бұл атаққа танк әскерінің генерал-майоры, Павлодарлық Кузьма Семаченко (1941 жылдың 22-маусымында) ие болды. Аталған атақты соңғы рет Панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлы (11 желтоқсан 1991)   алды.  Одан кейін ешбір жауынгер бұл аттаққа ие болмады.      

 Олар ысқырған жел, қақаған аязға қарамастан, күндіз қалың қар жауып, түнде түтеген боран болса да, қарды кешіп жүріп күресті. Бірнеше мәрте жарақат алып, оққа ұшса да «шегінерге жол жоқ, артымызда Москва» деп ұрандатып, Отан үшін жандарын беруге барды. Миллиондаған жүректі қан жылатқан, сұм соғыс айналып өтпеген шаңырақ жоқ шығар?!

 Бүгінде ардақтап отырған ардагерлеріміз азайып бара жатса, есімдері халық жадынан өшпеген, ерлікпен қаза тапқан батырларымыз біршама. Оның ішінде іс-түссіз жоғалғандарының саны 100-ден асады.

 Халыққа беймәлім, есімін естімеген, десе де ерлік жасаған, отбасына аман оралған батырлар да бар. Солардың бірі, қиын күндердің куәгері – өз атам Толыбаев Дүйсенғали Талдықбайұлы.

 

  1922 жылы қазіргі Байғанин ауданында дүниеге келген атам Дүйсенғали 1941 жылы небәрі 19 жасында соғысқа аттанады. Сталинград түбінде ауыр артиллерияда қызмет атқарып жүрген жерінен тұтқынға түскен. Немістердің тұтқынына түскенде солардың спирт зауытында жұмыс жасайды. Ол қиындыққа бар күш-жігерімен төтеп беріп, күресу үстенде болды. Айлар мен жылдар жылжып өте берді. Ешкімге бағынбайтын уақыт тізгіні 1945 жылға жетіп үлгерген шақта  америкалық азаматтар жас жауынгерді тұтқыннан босатып алады. Американың қаласына аттанған соң сол жақтың жауынгерлері Денис деп атап кеткен. Олар шет елде адал қызмет атқарып жүрген қазақстандық азаматқа қалуға ұсыныс бірдіреді. Алайда жүрегі қазақ деп соққан жас жауынгер 1946 жылы елге аман-есен оралады.

 
Қан майданда Отан үшін күрескен әрбір қазақтың өмірі еңбекқорлықтың, адалдық пен қарапайымдылықтың эталоны болды деуге болады. Жеңіс күні және Ардагерлер. Бұл екі ұғым егіз тәрізді. Өйткені ардақты ардагерлер болмаса жеңістің 75 жылдығы атап өтілмес еді. Болашақ үшін жан берген жауынгерлермен мақтанамыз.
 


Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін