Bugin
"Борат" бір жағынан Қазақстанның бағы, екінші жағынан соры
Осындай сауалға жауап іздеген Сabar.asia басылымы туристтік әл-ауқаты төмен Орталық Азия елдері үшін "Бораттың берері мол" деген пікір айтады.
Басылымның хабарлауынша Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстанды әлем аз таниды. Қазақстанды әлем танымайтынын "Борат" фильмін түсірген Саша Барон Коэнның сөзінен-ақ ұғуға болады.
"АҚШ азаматтары Қазақстанды мүлдем білмейді. Сондықтан да осы фильмді түсіру үшін ешкімге белгісіз елді таңдап алдым. Өйткені бұл фильмнің көркемдік идеясы мен комедиялық астарын жеткізу үшін, өзгеше кино әлемін ойдан құру қажет. Ал Қазақстанның өзі – табиғаты әсем, даласы кең, халқы өр мінезді, намысшыл ел. "Бораттағы" елге мүлдем ұқсамайды", - деп пікір білдерген еді режиссер.
"Борат" фильмі бір жағынан Қазақстанның бағы, екінші жағынан соры" дейді Almaty Walking Tours жобасының негізін қалаушы, Алматыда тұратын америка азаматы Деннис Кин.
Оның айтуынша, Бораттың образын Қазақстанның туризмін дамытуға оң тұсынан пайдалануға болады.
"Бораттың Қазақстан азаматтарының намысына тигені белгілі. Бірақ бұл хайптың тиімді жағын да пайдаланған жөн. Қазір әлем "Бораттың" арқасында Орталық Азия елдерін таныды. Орталық Азия жайлы сөз өрбіді әлемде. "Борат-2" фильмі шыққан кезде әлем Қазақстан жайлы білетінін, оны сөзге айналдыратынын түсіндім. Енді осының оңды жағын пайдаланған дұрыс", - дейді Кин.
Мәселен, фильмнің басты кейіпкері Бораттың "Very nice!" сөзі қазір Қазақстан табиғатын танытатын сөз тіркесіне айналған. Қазақстан табиғаты жайлы түсірілген видеороликтерде "Very nice!" сөзі жиі айтылады.
Бұл видеороликтер жайлы әлемдік БАҚ – "Нью-Йорк таймс", "Би-Би-Си" жазды. Видеороликтің өзі миллиондаған көрілім жинады.
"Әлемнің Қазақстанға деген қызығушылығы барын осыдан-ақ білуге болады. Өйткені видеороликте Қазақстанның әсем табиғаты, қонақжай, ізгі, ақкөңіл халқы көрсетілген. Бұл – әлем үшін үлкен жаңалық. Содан нағыз Қазақстанға келуге деген ниет пайда болды", - дейді Деннис Кин.