МӘДЕНИЕТ

Тілшінің даралық қасиеті

Журналистика саласына қызығатын түлек көп. Бірақ мамандығын бітіргеннен кейін, тілші боп жұмыс істейтіндер аз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тек қаламы қарымды, жанары жалынды, қатарынан оза шапқан журналист қана шыңды бағындырады. Бүгінде журналистер ішінде өзіндік сөйлеу әдебі, өзін-өзі ұстау мәнері бар, тіл байлығы керемет, өзгеден ерекше дара журналистер бар. Кейбір журналистің өзінің экрандағы  стилі болса, кейбірі өмірде қандай, экранда да өзін солай көрсетіп жатады. Дара журналистердің ішінде халық жақсы танитыны да, халық біле бермейтіндері де бар.

«Ныспым – Нартай, әкемнің аты – Аралбай, бүгінгі айтылатын мәселе – мынадай», «мәселе мақұлмен емес, ақылмен шешіледі» деп «Мәселе» бағдарламасын жүргізіп, тіл байлығымен  тәнті ететін Нартай Аралбайұлын білмейтін жан кемде-кем. Тілі мірдің оғындай,сөзі өткір журналист Нартай Аралбайұлы –барша жас тілші үлгі тұтатын, құрметтейтін дара журналист. Әрбір бағдарламасын еркін әрі шынайы жүргізетін Нартайдың бағдарламасын халық басынан аяғына дейін тағатсыздана көретіні сөзсіз. Бағдарламасының әр бөлімінде де халықты таң қалдырудан шаршамайды. Тіпті ішімдік мәселесін қарастыратын бағдарламасында дәл эфирде сыраның бөтелкесін екіншіне ұрып шаққаны қай-қайсымыздың болсын жүрегімізді селк еткізіп, таң қалдырғаны мәлім. Артынша басқа бөтелкелер де жерге құлап, шетінен шағылған. Осындай күтпеген жерден болған тосын жағдайдың өзінде аспай-саспай эфирін жақсы жүргізіп шыққан. «Елдің  мұңын мінбердегілерге жеткізу үшін сенбінің кешінде жолықтық сізбен», «Үш жүзінің басын үтір ғана бөліп тұрған қазақ елі» деп айрықша сөз саптауымен әр бағдарламасын бастап,көрерменге тамаша әсер бере алады.

«Мәселе» бағдарламасының қай бөлімін көрсеңіз де, қызыға көресіз. Өйткені бағдарламада қандай мәселені көтеруіне қарай есте қалатын әрекеттер жасайды. Өз мамандығын сондай жақсы көріп, берілгенін аңғаруға болады. Бірде тақырып альпинистер жайында болғанда, эфирге альпинистер сияқты арқанмен құлдилап түскен. Ал тағы бір бөлімінде  бағдарламаны ваннада  жатып бастаған. Осындай тосын әрі таңқаларлық әрекеттер жасап, елдің елеулісі халықтың қалаулысы бола білді.

Нартай Аралбайұлы халық арасында нағыз журналист, тілі өткір журналист ретінде танымал. Өзін басқа журналистерден айқындап, ерекшелеп тұратын осындай ерек қасиеті бар Нартай Аралбайұлы баршамыз үлгі тұтатын журналистің бірі.

Өжет мінезді, шындықты тікесінен айтып жүрген Дина Төлепбергенді де дара журналист десек қателеспейміз. «Астарлы ақиқаттың» жүргізушісі ретінде көрерменнің көзайымына айналған ерекше журналист. Өзінің өжеттігінің арқасында талай жанның мәселесін көтеріп, көмектесіп жүргені белгілі. Қоғамда қызу талқыға түсетін тақырыптарды көтеріп қана қоймай, сол мәселелердің түйінінің шешілуіне үлес қосып жүрген үлгі тұтатын жан. Эфирде орын алған әрбір жағдаят пен кейіпкерлер арасындағы шиеленіс кезінде де  өз  сөзін өткізе білетін, тыңдата білетін, орынды сөйлейтін  журналист ретінде таныла білді. Осындай даралық қасиеті бар Дина бүгінде халықтың сүйіп қарайтын, қобалжи қарайтын, қалдырмай қарайтын «Астарлы Ақиқатында» ақиқаттың астарын теріңінен зерттеп, тек шынайы ақпарат таратуға үлкен үлес қосып, еңбектеніп жүр.

Азаттық радиосының жетекшісі, Украинада фильм түсірген жалғыз журналист Қасым Аманжол тек шындықты жеткізетін қасиетімен дара әрі қадірлі. Қасым Аманжол  «Азаттыққа» тележобалар дайындап, ғаламтор желісінде де барынша өзге жерде жарияланбаған керек әрі  шынайы ақпарат таратады. Әсте ешбір телеарна көрсетпеген жаңалықтарды осы Азаттықтан көруге болады. Қасым Аманжол «Неге» саяси қоғамдық ток-шоуына келген кезінде өзінің саяси тапсырыспен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділовтан соңғы сұқбат алғанын, ешбір журналист бармаған кезде жалғыз өзі Украинаға барып фильм түсіргенін айтқан еді.

Қасым Аманжол бүгінгі қоғамда орын алған бар мәселені ескіліктен іздей берудің мәнісі жоқтығын, «жоғалған пышақтың сабы алтынның» кебін киюді ұнатпайтынын анық аңғартқан.

Өзге бір журналист тіл байлығымен, сөз саптауымен, шыншылдығымен ерекшеленіп дара болып жатса, Марат Тоқашбаев ұлтшыл журналист ретінде дара. Марат Тоқашбаев Қазақстандағы журналистика үшке бөлінетінін – қазақ тілді журналистика, орыс тілді журналистика, аралас тілді журналистика деп айтқан еді. Орыс тілді журналистиканың бүгінде басым екенін айта отырып, бүгінгі қазақ журналистерінің  мойнында ұлт тағдыры тұр деп айта келе, журналистерге патриот, шыншыл болу керек екенін айтқан.

Журналистикаға бірі самғап бірден шықса, бірі өрмелеп біртіндеп шыңға жеткен. Сондай дара журналистің бірі – Жайна Сламбек.

«Бармаған жерім, баспаған тауым қалмаған» деп Жайна Сламбек өзінің журналистикада жүргендегі оқиғасын баяндаған. Тіпті қоқыс полигынан бастап, мемлекет басшыларының жиынында ақпарат жинағанын айтқан. Бүгінде «Апта» бағдарламасын жүргізетін нағыз еңбекқор, өз ісінің маманы. Сондай-ақ эфир жүргізу стилі өзгеше. Қадап-қадап, анық дәлдеп сөйлеу мәнері өз алдына айрықша.

Аз уақыттың ішінде көрерменнің көзайымы бола білген, аға-журналист Бейсен Құранбектің есімі алты  алашқа да аян екені белгілі. Марқұм ағамыз «Айтуға оңай» бағдарламасында ел мұңын өз мұңындай көре білген нағыз дара, асыл зада болған еді. Талай-талай жанның басына түскен қиын істі, мәселерді өзінікінен кем көрмей, жоғын жоқтап, істің мән-жайын түсінуге тырыса білген  Бейсен ағамыздың адамгершілік қасиеті жоғары болған. «Жетісу» арнасының директоры болып, «Қарекет» бағдарламасын да жүргізген. Журналистикада Бейсен ағамыздың ойып тұрып алар орны ерекше. Бейнесі жарқын ағамыз «журналист үшін ең үлкен баға – халықтың ықыласы» деген еді. Осындай дара журналист Бейсен ағамыз жүректерде өмір сүріп, көпке үлгі бола бермек.

Елдің елеулісі халықтың қалаулысы, ел мақтаған нағыз дара журналистер. Әрине, өз алдына жеке дара журналист саны көп. Дегенмен менің ұғымымдағы нағыз дара журналистер осы деп білемін. Әрбір журналистке үлгі бола білген, қадірлі болып табылатын журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен нағыз майталман журналистер.

Біз сияқты жас тілшілер, болашақ журналистер үшін сол кісілерден үлгі алу үлкен бақыт, үлкен мәртебе. Шерхан Мұртаза атамыз айтпақшы, «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қоғамға, халыққа пайдасын тигізіп жүрген, небір тағдыр тәлкегіне түскен жандардың бақытты болуына себепші жандар.

 

Редакция ұстанымы автор ойымен сай келмеуі мүмкін