Bugin

Дариға Назарбаева үнсіз. Демек рас болғаны ма?

Назарбаев әулетінің байлығын тағы бір түгендеп көрейік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Назарбаев әулетінің байлығы батыс жұртшылығын әлі таңқалдырып келеді. Олар Еуропадан жыл сайын жылжымайтын мүлік сатып алады. Bugin.kz авторлар платформасы Назарбаев әулетінің байлығын тағы бір түгендеп көрді. 

Құлыбаевтың көне граф жеріндегі үйі

Мәселен, қыркүйекте Ұлыбританияның Daily Mail басылымы Тимур Құлыбаевтың Sunninghill Park-тегі үй-жайынан тағы бір ғимараттың салынып біткенін хабарлап, суретін жариялады. Бұл парк – Ұлыбританияның Аскот қалашығы маңында орналасқан, Беркшир графтығының, ағылшын король әулетінің жері. Оны патшайым Елизавета Эндрю ханзаданың үйлену тойына сыйға тартқан. Бірақ Эндрю әйелімен ажырасқаннан кейін, алып үй-жайды сатылымға қойып, оны Тимур Құлыбаев 15 млн фунтқа сатып алған еді. Қазір Құлыбаев бұл маңда ескі ғимараттарды бұзып, бәрін жаңадан салып жатыр.

Эндрю ханзаданың бұрынғы үйі

Басында бұл үй-жай аукционға 12 млн фунтқа қойылған. Бірақ неге екені белгісіз, Құлыбаев оған 15 млн фунт төлеген. Ағылшын баспасөзі мұндай сатып алу келісімшартына кінәрат бар деп күдіктеніп, тергеу жүргізуді талап еткен. Оның үстіне, Эндрю бұл үйді 5 жыл бойы сата алмай жүрген көрінеді.

Құлыбаев үйді сатып алғанымен, ғимарат 8 жыл бойы бос тұрған. Тек 2016 жылы тұрғын үйді күреп, орнына зәулім сарай сала бастаған. Қазір құрылыс аяқталып қалды. Оны The Mail on Sunday басылымы түсірген суреттен көруге болады.

Құлыбаевтың жаңа үйі

Үйдің ішінде алты жатын бөлме, монша, жаттығу залы, ойын залы және емделу бөлмесі бар. Баспананың қос қапталында екі балалар бөлмесі орналасқан. Соған қарағанда Тимур Құлыбаев бұл үйді тоқалы – Гауһар Берқалиеваға алып беруі мүмкін деседі. Үйдің алдында балалар алаңы мен батут бар. Тағы теннис корды салынып жатыр. Айналасына тал мен көшет егіліп, газон төселуде. Саяжолдар да салынып біткен.

Бұл үйде кім тұратыны әлі белгісіз: Тимур Құлыбаев тұра ма әлде әйелі ме, әзірше жауап жоқ.

Назарбаевтар кварталы

Ағылшын баспасөзін дүр сілкіндірген тағы бір жайт – Бейкер-стрит көшесіндегі Назарбаев әулетінің пәтері. Әйгілі Бейкер-стрит 221b-дегі үй (Шерлок Холмстың пәтері) дәл осы әулеттің иелігінде боп шықты. Сондай-ақ, Бейкер-стриттің бойындағы 215-тен 237-ге дейінгі үйлер де Назарбаев әулеті сатып алған көрінеді. Батыс БАҚ-тары мұны "Назарбаевтар кварталы" деп атайды. Үйлердің жалпы бағасы – 140 млн фунт стерлинг немесе 185 млн АҚШ доллары.

Бейкер-стриттегі Шерлок Холмстың музейі

Назарбаевтар кварталын SourceMaterial мен The Times басылымының тілшілері бірігіп, зерттеу жүргізіп тапқан. Басылымның хабарлауынша бұл үйлер Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтікі. Назарбаев әулеті Лондондағы иелігін барынша жасыруға тырысқан. Жасыру үшін біраз "еңбектенген" көрінеді. Бірақ репортерлер бұрын қолға түспеген құпия құжаттарды тауып, келісім номиналдарын анықтаған. 2015 жылы Global Witness халықаралық ұйымы Бейкер-стриттегі бір үйді марқұм Рахат Әлиевтікі деп тапқан. Алайда оның қалай Дариға Назарбаеваның қолына өтіп кеткені белгісіз.

Ал Дариға Назарбаева батыс БАҚ-тары жазған бұл ақпаратқа еш түсінік берген жоқ.

Алты елдегі мүлік

Азаттық радиосы өткен жылдың басында Назарбаев әулетінің алты елде шашылып жатқан бүкіл мүлкін жинап, қаржылық есебін шығарды. Басылымның есебінше, Назарбаев әулеті билікте 20 жыл отыру арқылы алты елде жылжымайтын мүлік пен жер сатып алған. Оған барлығы 785 млн доллар қаржы жұмсалған көрінеді.

Жиырма жылдың ішінде Назарбаев әулетінің мүшелері Ұлыбритания, Испания, Швейцария, Франция, Чехия мен АҚШ-тан 40-қа жуық үй сатып алған екен. Ең қымбаты – жоғарыда айтылған Бейкер-стриттегі 200 млн доллардық квартал мен 300 млн  долларлық Чехиядағы көне қонақ үй. Одан кейін Женевадағы 75 млн долларлық вилла Динара мен Тимур Құлыбаевтардікі.