Әлем жаңалықтары

Журналист: АҚШ-та кез келген саяси қызметкерді халық сайлайды

Халықтың 51 пайызы кемінде аптасына бір рет саяси тақырып төңірегінде әңгімелеседі. Ал 18 пайызы саяси мәселелерді күн сайын талқылап отырады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ-та оқитын қазақ журналисі, саяси шолушы Жолдас Өрісбай Азаттыққа берген сұхбатында Америкадағы сайлаудың қалай жүзеге асатынын айтып берді.

Айтуынша, Америка халқы тек президентті ғана емес, билік өкілдерін, сот қызметкерлерін, саясатқа қатысты кез келген жүздеген қызметкерді сайлайды.

«Вирджиния университетінің профессоры Дженифер Лоулестің 2012 жылы жасаған зерттеуіне қарағанда, АҚШ билігінде 520 мыңға жуық сайланбалы қызмет бар екен. Бұл АҚШ азаматтарының сайлау белсенділігі өте жоғары екенін білдіреді. Мысалы, әр төрт жыл сайын президент сайлауы, оның арасында губернаторлар сайлауы, аймақтық заң шығарушы органдар сайлауы, Конгресс сайлауы болады. Яғни сайлау бірінен кейін бірі келіп, сайлау белсенділігі төмендемейді. Биылғы президент сайлауында рекорд болды. Оған сайлаушылардың 66,7 пайызы қатысты», - деді Жолдас Өрісбай.

Америкалықтардың сайлау белсенділігі де тым жоғары екен. Себебі саяси тақырыптар елде жиі қозғалады. Мәселен, халықтың 51 пайызы кемінде аптасына бір рет саяси тақырып төңірегінде әңгімелеседі. Ал 18 пайызы саяси мәселелерді күн сайын талқылап отырады. Әрине мұндай көрсеткіш сайлау белсенділігін де арттырады.

Сонымен қатар “Қазақстанның сайлау жүйесі сырт көзбен қалай көрінеді?” Азаттықтың сұрағына шолушы бүй деп жауап қатты:

«Тек партияға ғана дауыс беру азаматтардың құқығын шектейді. Қазақстан көптеген ел сияқты өкілді демократия үлгісіне сүйенеді. Ол үлгіде халық билік өкілдерін өзі сайлайды. Сайланған адамдар дауыс берген азаматтардың мүдделерін қорғап, мәселелерін көтереді. Бірақ өкілді демократияда халық нақты қандай адамды сайлап жатқанын білуі керек. Қазақстанда партия тізімі жарияланады, бірақ тізімнен кімнің сайланатыны көрсетілмейді. Ол дұрыс емес. Сіз партияға дауыс бересіз де, партия атынан қай адамның депутат болатынын білмейсіз. Мысалы, партия атынан депутат болған адамның мүдделері сайлаушының мүдделерімен сай келмеуі мүмкін.

Әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін шешімдер, заңдар қабылдайтын болған соң нақты кімнің сайланатынын халық білуі тиіс. Сонда ғана ашық демократиялық қоғам құруға болады. Ал қазіргідей кім сайланатыны белгісіз жабық тізім бәлкім парламентті бақылауда ұстау әдістерінің бірі болар».

Айта кетейік, Капитолийде халық толқуы мен тәртіпсіздік, Вашингтонда комендаттық сағат өтіп жатқанда, АҚШ Конгресі Джо Байденнің президент болып сайлануын мақұлдады.

Байденнің 270 дауыс жинағанын Конгресс растады. Дональд Трамп жақтастарының Капитолийге басып кіріп, тәртіпсіздік ұйымдастырғанының салдарынан бір әйел қаза тапты.