Bugin

ҚазҰУ-дың жерін тартып алған кім?

Сыбайлас жемқорлықтың сипаты байқалады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2 гектарға жуық жері тағы да қолды болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бұл оқу ордасының жері жыл сайын "жырылып" жатыр. Мемлекеттік білім беру мекемесіне тиесілі жер телімін бұлай талан-таражға салу халықаралық тәжірибеде болмаған жағдай. Bugin.kz платформасының тілшісі мәселенің мән-жайын тексеріп көрді. 

Оталған 30 гектар

Қазақ білім беру ордасының қара шаңырағына айналған ҚазҰУ-дың өткен ғасырдағы жер телімі 100 гектардай болған деседі. Ал қазір 70 гектарға дейін қысқарып қалған.

Қазақ ұлттық университетінің ат шаптырым жерін кезінде Өмірбек Жолдасбековтің өтінішімен Дінмұхаммед Қонаев үлестіріп берген екен. Оқу орданың ресми сайтында да "ҚазҰУ-дың жалпы аумағы – 100-ден аса гектар" деп көрсетілген. Оқу ордасының жері тағы да талан-таражға түсті деп мәселе көтерген белгілі заңгер Бақытжан Базарбектің қолына түскен қаулыда 71 гектар деп тұр. Сонда қалған 30 гектар жер қайда кетті?

Мұның бәрі 2000 жылдардан басталған талан-таражға ұқсайды... Қазіргі Есентай Тауэрс бизнес орталығы мен Ритц-Карлтон қонақ үйінің жері, Есентай жағалауымен жапсарлас жатқан аумақтың бәрі – осы университетке тиесілі.

- Халықаралық тәжірибе бойынша жоғары оқу орны өзіне тиесілі жерді тек өз игілігіне пайдалануы тиіс. Ол жерде ғылыми зертхана, оқу корпусы, жатақхана, спорт кешені мен басқа білім процесіне қажет инфрақұрылым салынуы керек. Тым болмаса, университет оқытушыларына арнап баспана салуға да болар еді. Ал біздің университет оны жеке кәсіпкерлердің қолына беріп жіберді, - дейді ҚазҰУ-дың оқытушысы Арман Асанғалиев (өзінің өтінішімен аты-жөні өзгертілді).

Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, мемлекеттік университтің иелігіндегі жер, ҚР Жер кодексінің 39-бабына сәйкес, мемлекеттік меншік болып саналады. Сондықтан оны ешкім ҚазҰУ иелігінен шығара алмайды. Ал ұлттық университеттің жері бір емес, бірнеше рет бөлініп, иеліктен шығарылғанға, қолды болғанға ұқсайды. 30 гектар жердің бір күнде жоқ болуы мүмкін емес. Мұның басым бөлігі 2007-2009 жылдары "жоғалған" көрінеді.

Істің мән-жайы

Заңгердің қолына түскен құжаттың көшірмесінде 2012 жылы ҚазҰУ-дың жер телімі 73,3 гектар деп көрсетілсе, 2017 жылғы қаулыда 72,5 гектар, оның ішінде ҚазҰУ-дың өзіне тиесілісі – 71,4 гектар деп көрсетілген. Демек, 30 гектар жер 2012 жылға дейін қолды болған. Енді жекенің қолына өткелі тұрған жер 2 гектарға жуық. Қоғам белсенділері соны сақтап қалғысы келеді...

Алайда жерді кім және қайда беріп жібергені белгісіз. Нақтырақ айтсақ, арнайы сыбайлас топ "істеген" ісін барынша жасыруға тырысуда. Ал заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың сипаты анық байқалады.

Мәселен, 2017 жылы 3 тамыз күні сәйкестендіруші кадастр деректерінің өзгеруіне байланысты ҚазҰУ тарабы жаңадан жерге орналастыру жобасын жасау бойынша арнайы жобалаушы компанияға өтініш түсірген.

- ҚР Жер кодексінің 43-бабы бойынша бұл процес былай жүргізілуі тиіс: жерге орналастыру жобасын жасағысы келген ұйым алдымен әкімдікке арыз түсіреді; әкімдік арызды бастан-аяқ қарап, жер қатынастары басқармасына жібереді; олар да арыздың заңды не заңсыздығын тексеріп, арнайы жер комиссиясын құрады; комиссия хаттамалық шешім шығарып, жер кадастры департаментіне жібереді; ал департамент шешімді үш күн ішінде қарап, жерге орналастыру жобасы бекітіледі; бұдан кейін әкім қаулы шығарады. Содан кейін ғана сату және сатып алу бойынша келісімшарт бекітіліп, мемлекеттік акті шығуы керек. Ал "ҚазҰУ ісінде" арыз жер комиссиясының қорытындысы шыққаннан кейін шығарылған, - деп түсіндірді Бақытжан Базарбек.

Ал Қазақ Ұлттық Университетінің баспасөз қызметі бұған дейін "арызды жазған, ешқандай келісімшарт жасаған жоқпыз" деп ресми мәлімдеме таратқан еді. Алайда заңгер "егер ҚазҰУ арыз түсірмесе, онда жер комиссиясы арызды қарап, шешім шығармас еді ғой" дейді. Демек, ҚазҰУ-дың мұндай позициясы мүлдем дұрыс емес. Өйткені бұған ҚазҰУ-дың тікелей қатысы бары құжатта тұр.

- Мұндай мәлімдеменің орнына университет басшылығы арыз жазғанын мойындап, бірақ оған қол қойған лауазымды тұлғалардың қазір қызметте жоғын айтып ақталса, ақылға қонар еді. Ал ештеңеге қатысымыз жоқ дегені - ат-тонын ала қашудың амалы, - деп түсіндірді заңгер.

Берген кім, алған кім?

Бұл жерде іске бір емес, бірнеше инстанция мен тұлғаның қатысқаны байқалады. Ең бірінші – ҚазҰУ-дың өзі және оның тарапынан арыз берген лауазымды тұлға, екіншісі – жер қатынастар басқармасының басшысы. Ол комиссияны құрып, мемлекеттік мүлікті жекенің қолына беруге тікелей қатысқан. Егер оның қатысы болмаса, онда арызды қайтаруына толық құқығы бар еді. Сондай-ақ, соңында қаулы шығарған Алматы қаласының әкімі де сау сиырды боғы емес. Өйткені ол егер жер заңсыз беріліп жатқанын байқаса, онда комиссияның шешімін теріс деп, істі қайтаруына болар еді. Бірақ бұл тұлғалардың бірде-бірі ондай қадамға барған емес.

Сондай-ақ, іске Білім және ғылым министрлігінің де қатысы болуы мүмкін. Өйткені "Мемлекеттік мүлік туралы" заңда мемлекеттік меншіктегі жерді иеліктен шығаруға уәкілетті орган шешім шығара алатыны айтылған. Ал бұл жағдайда уәкілетті орган – ол Білім және ғылым министрлігі.

Демек, "жер ісіне" ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов, сол кездегі білім министрі Е.Сағадиев, Алматы қаласы әкімі А.Есімов пен кейінгі әкім Б.Байбек сынды тұлғалардың қатысы болуы мүмкін. 2012 жылғы қаулыда Ахметжан Есімовтың аты жазылса, 2017 жылғы қаулыда Бауыржан Байбектің қолы мен мөрі тұр.

Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, ҚазҰУ тарапынан арыз берген, оны қараған жер қатынастары басқармасы басшысын, жер комиссиясы басшысының бәрін құжаттардың реестрін тексеру арқылы оңай табуға болады. Сондықтан істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Прокуратураға бермек.

 - Бұл жерде менің ойым мынадай. Іске ҚазҰУ, жер қатынастары басқармасы мен сәулет-құрылыс басқармасының басшылары және қалалық әкім орынбасарының қатысы бар. Бірақ мұның бәрін толық тексеру керек, - дейді заңгер.

Ал саясаттанушы Санжар Боқаевтың жазуынша, жердің сатылуына ректор тікелей қатысты.

-  ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жердің жекенің қолына өтіп кеткені үшін жауап беруі тиіс. Құрметті ректор, 1934 жылдан бері университет иелігінде болған жер телімін қалайша бере салдыңыз? Гарвард не Колумбия университеті ректорларының жерді сатқанын естідіңіз бе? Бұл іс отставкаға кетумен шешілмейді, - деп жазды ҚазҰУ түлегі Facebook-те.

Айта кеткен жөн, 2008 жылы ҚазҰУ-дың бұрынғы ректоры Төлеген Қожамқұлов та жерді заңсыз бергені үшін қызметтен қуылған.

Ал Арман Асанғалиевтің айтуынша, бұл істің артында құр ректор не қала әкімі тұрған жоқ, одан ары Назарбаев әулетінің ізі жатса керек. 

- Ректор өзі не қала әкімі мұны жалғыз шеше алмайды, - деп түсіндірді ол.

Айта кеткен жөн, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қазір жартылай автономиялық ұйым, яғни, акционерлік қоғам (НЕАҚ). Бірақ 2017 жылғы қаулыда РГП, яғни, республикалық мемлекеттік кәсіпорын деп көрсетілген. Ол кезде оқу ордасы әлі мемлекеттің қолында-тұғын.

Құрылыс жүруде...

Қолды болған ҚазҰУ-дың жері қазір қоршалып тұр. Ішінде құрылыс жұмыстары жүргізуде. Журналист Михаил Козаченконың жазуынша, қазір мұнда бизнес-орталық салынып жатқан көрінеді.

- Бұл аумақтағы бір соттық жердің құны шамамен $40 мың. Сонда қоршаудың ішінде жатқан жердің құны шамамен 2,5-3 млн долларды құрайды екен. Мұндай соманы кім алды сонда? Ал қазір бұл жерде 10 не 14 қабатты бизнес-орталық салынуда, - деп жазады журналист Facebook-те.

Сурет М.Козаченконікі

Ал Азаттық тілшісінің айтуынша, қоршаудың сыртында құрылыс төлқұжаты жоқ. Сондықтан құрылысты жүргізіп жатқан кім екенін біле алмаймыз.

Заң бойынша, әл-Фараби даңғылының бойында биік ғимараттар салуға болмайды. Өйткені тау бөктерінен соғатын жел қала төңірегіне кіріп, ауа тазартуы керек.

Эколог Мэлс Елеусізовтің айтуынша, өткен ғасырда жасалған Алматы қаласының бас жоспары бойынша қазіргі Абай даңғылынан жоғары аумаққа тұрғын үй салынбауы тиіс болатын. Өйткені қаланың сейсмикалық жағдайы тұрақсыз әрі ауа айналымы нашар. Ал қазір таудың етегі мен әл-Фараби бойында салынған үйлер Алматы қаласына ауа жібермей тұншықтырып жатыр.

Имидж құлдырады

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті білім министрлігі шығаратын үздік жоғары оқу орындары тізіміне кірмей қалды. Деректерге көз жіберсек, елдің маңдай алды оқу ордасы 20 жылда алғаш рет бұл рейтингке енбей қалыпты.

Тоқаевқа хат

ҚазҰУ-дың жер ісіне байланысты журналист Серік Абас-шах мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты жерлердің коммерциялық мақсатта қолданылуына тыйым салуыңызды сұрай келе, жерді беру жөніндегі 2012 мен 2017 жылдар аралығындағы заңсыз шешімдерді жоққа шығаруыңызды өтінеміз. Өкінішке қарай, әл-Фараби даңғылының бойындағы бейберекет салынған құрылыс нысандарының салдарынан алматылықтардың таза ауада серуендейтін жерлері де азайып келеді. Бұл сонымен қатар Алматы қаласының экологиясына кері әсерін тигізіп жатыр.

Әл-Фарабидің есімі берілген ҚазҰУ-ға тиісті жерлерді өз қалпында сақтап, Алматыны серуендеуге ыңғайлы саяжайлар мен скверлердің қаласына айналдыруымыз - әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына жасаған ең керемет сыйлығымыз болар еді.

Айта кеткен жөн, 2016 жылы Ресейдің белді оқу орындарының бірі – Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық университетінің 105 гектар шаруашылық жері сатылымға түсерде ел президенті В.Путин араласып, мәселені шешкен еді.