Bugin
Тоқаев Назарбаевтың жақтастарын ысыруы мүмкін
PRISM "Саяси қауіпті басқару" сараптама бөлімінің басшысы Бенджамин Годвиннің Вашингтонда шығатын Diplomat журналына берген сараптамасында Қазақстандағы сайлаудың өткізілуі мен одан кейінгі саяси элитаның бақталастығы жайлы сөз қозғаған екен.
Сарапшының айтуынша, сайлау нәтижесі алдын-ала белгілі болғанымен, саяси науқан Қазақстандағы билік ауысымының келесі кезеңіне жол ашуы мүмкін. Билеуші партия "Нұр Отан" мәжілісте басымдыққа ие болып, билікке адал оппозициялық партиялар да пайда көреді.
Шынайы оппозициялық күштер сайлаудан шеттетілді, белсенділер де халық арасында наразылық акциялары жаппай қолдау тапқан 2019 жылғы президент сайлауы кезіндегі серпінін жоғалтып алғанға ұқсайды. Алматыда 2020 жылы 16 желтоқсанда өткен наразылық шарасының әлсіз болғаны соншалық, билік рұқсат етілмеген демонстрацияны таратуға да тырысқан жоқ" деп жазады Годвин.
"Қазақстанның мұқият басқарылатын саясаты постсоветтік мемлекетте жақында болған тұрақсыздықтан қатты ерекшеленеді" деп есептейтін Годвин Беларусь пен Қырғызстанда сайлаудан кейін болған үкіметке қарсы наразылық акцияларын мысалға келтіреді.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанның заң шығарушы органдарының депуттарын сайлау қорытындысы алдын-ала белгілі болғанымен, бұл бәрібір маңызды шара саналады.
Оның пікірінше, сайлаудан кейін Тоқаев жаңа үкімет құруы мүмкін. Өйткені партиялық тізімде премьер-министр Асқар Маминнің, "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімовтың аты-жөні кездеседі. "Бұл олар сайлаудан кейін қызметінен кетіп, мәжіліс депуттарының заңды қудалаудан құтқаратын иммунитетіне ие болу үшін жаңа орынға жайғасуы мүмкін дегенді білдіреді" дейді Годвин.
"Тоқаев президент қызметіне кіріскен кезде Назарбаевтың негізгі серіктестері мен отбасы мүшелерінің ортасында қалды. Үкімет құрамын жаңартып, "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасын тағайындау Назарбаевтың біржола кетуіне әсер ететін қадам болар еді" деп жазады Годвин.
Ол мәжілісті "эксклюзивті клуб" және "элитаның қолдауы мен бәсекесіне арналған форум" деп атайды. Годвин "Мәжілісте халықтың әртүрлі топтарының атынан сөйлейтін өкілдер болмаса да, бұл орган Қазақстанның саяси экономикасында бейресми маңызды рөлге ие. Назарбаев өзіне адалдық танытқан белгілі бір топтарға осы органға мүше болу мүмкіндігін береді" деп жазады.
Автор бұл тұрғыдан алғанда мәжіліс "элита бақталастығының жаңа майданы" болуы мүмкін деп топшылайды. Дариға Назарбаева сенаттағы билік базасын құруға талпынысы сәтсіз аяқталғаннан кейін мәжіліске өтуі керек. Ал оның "басты қарсыласы" әрі күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Адал" партиясын қолдады. "Адал" партиясы парламенттен орын алса, Құлыбаев бірінші рет парламенттегі саяси күшке қолдау көрсетеді.