Сұқбат
Ұстаз – ұлы тұлға
Ұстаздық ету – келешекке даңғыл жол салу
"Ұстаз болу – жүректің батылдығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы",- деп алты Алаштың ардақтылары жырлағандай, саналы ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ұшқыр ойлы етіп тәрбиелеу – ұлы іс. Бүгінгі сұқбатым Бәйдібек ауданы, "О.Тайманов атындағы жалпы орта мектеп" МКМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назира Бопинаевамен болмақ.
1. Сәлеметсіз бе?! Сұқбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Сұқбатымызды ұстаздық қызметті таңдау себебіңізден бастасақ..
– Қайырлы күн! Жалпы, мен ұлағатты ұстаздың отбасында дүниеге келдім. Отбасымдағы жақындарымның барлығы – ұстаздар. Мен сол кісілерге еліктеп өстім. Ұстаздық қызметке келуімнің де басты себебі – өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру болатын. Бұл мамандық біліктілікті ғана емес, сабырлық пен жан-жақтылықты да талап етеді екен. Ұстаздық ету – келешекке даңғыл жол салу. Сондықтан да мен осы қызметті таңдадым.
2. Ұстаздарды ұлықтау – ең асыл іс. Қазіргі таңдағы ұстаз бен оқушының арасындағы сыйластыққа көңіліңіз тола ма?
– Бүгінде қоғам арасында түрлі келеңсіз жайт орын алып жатқаны даусыз. Кейбір мектеп оқушыларының жағымсыз қылықтары көңілімді түсіреді. Ұстазға сыйластық таныту қажет. Иә, мұғалім тарапынан қателік кетпейді деп айта алмаймын. Бірақ, білікті ұстаз шәкіртін жақсылыққа ғана жетелейді, білім көгіне шығарады. Меніңше, кез келген оқушының бойындағы сыйластық қасиетін оятуы қажет.
3. Ұстаздық қызмет нені мақсат етеді деп ойлайсыз?
– Ұстаздық ету – ғибратты іс. Ол – тәлім мен тәрбиені ұштастыру, шәкірт болашағын күйттеу және оқушыны биік белестерге жетелеу. Келешек ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу де – ұстаздың парызы. Ертеңгі ел жақсыларын қалыптастыру жолында аянбай тер төгетін де – ұстаз. Сондықтан да оның бағасы биік. Ұстаздық қызметтің мұраты сан қилы деп білемін.
4. Шәкірттерді жеңіс тұғырына шығару үшін ұстаз талмай еңбек ететіні хақ. Оқушы бойындағы қызығушылықты ояту үшін қандай шараларды қолға алу қажет?
– Шәкіртін білімге тәрбиелеу үшін ұстаздың бойында этика мен эстетиканың болуы шарт. Әр сабағын қызықты әрі есте қаларлықтай етіп өткізсе, оқушының да талабы оянады. Ұстаз шәкірттерін бөліп-жармауы керек. Осы бағытты ұстанамыз деп оқушының қызығушылығын жоямыз. Бар кінәні оның бойынан іздейміз. Ал, шәкіртін қанаттандырушы – ұстаз. Сабақты қызықты түсіндірсек, қызығушылықты да оятатынымыз айдан анық.
5. Әңгімемізді жеке өміріңізге ойыстырсақ, бала күніңізден кімге еліктеп өстіңіз?
– Мына жарық дүниедегі шуағын төгер жақсыны ақ сүт берген аяулы ана тәлім бере отырып, бойына бар бағалыны сіңіртеді. Биік бастаманы қалауыма себепкер болған – менің ардақты анам. Ес білген шағымда: "Қызым, ешуақытта адамдықтың арынан аттама. Күндей күлімдеп, өзгелерге ыстық мейіріммен қарасаң, нұр үстіне нұр болады. Кез келген істі байыппен баста. Сынақтарға мүжіліп, өзіңді құрдымға кетірме. Жақсылық жасаудан жалықпа" деп асыл сөздерін жадыма тоқитын. Осындай тұнып тұрған даналықтың иесі анамдай қадірлі адам атанғым келеді.
6. Керемет! Еліміздегі карантин режиміне байланысты білім ордалары онлайн жүйеге көшкені белгілі. Ауылдық жерлерде онлайн оқу ыңғайлы ма?
– Әрине, жамандық айтып келмейді. Қолдан келер шара жоқ. Онлайн режимде оқу ауыл мектептеріне ыңғайлы деп әсте айта алмаймын. Бірақ, басқа да желілер арқылы барынша білім беруге тырысып жүрміз. Оқушылардың білімге деген құлшынысы одан әрі артқан сыңайлы. Ыстық лебіздерін де білдіріп тұрады, мектепке деген сағынышын жеткізеді. Осындай ауыр жағдайда шағым айтудың өзі әбестік болар. "Көп тілегі – көл " деген. Көп ұзамай бұл қиындықты да еңсеретінімізге сенімдімін!
7. Сұқбатыңызға көп рақмет! Сізге шығармашылық табыстар тілеймін.