Саясат

Құқық қорғаушы: Сайлауға келушілердің саны 20 пайызға да жетпейді

Билік азаматтардың жеке басына тиесілі құқықтың бәрін алып қойды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ-та құрылған Freedom Kazakhstan қорының негізін қалаушы, құқық қорғаушы Барлық Меңдіғазиевтің айтуынша, биылғы парламенттік сайлау - Қазақстан тарихында болған ең нашар сайлау. Ал сайлауға келген келушілер саны шын мәнінде 20 пайызға да жетпейді.

Тәуелсіз бақылаушылардың құқығын қорғаушы Барлық Меңдіғазиевтің айтуынша, оның әлеуметтік желісіндегі парақшасы мен мессенджеріне мыңдаған хабарлама мен тәуелсіз бақылаушылардың есебі кеп түсуде. Соның негізінде өз есебін шығарған сарапшы сайлауға қатысқан Қазақстан азаматтарының жалпы үлесі 15-20 пайыз аралығында ғана болғанын айтады.

- Бұл көрсеткіш халық пен билік арасында сенімнің қаншалықты жоғалғанын, бір-бірін танымай кеткенін көрсетеді. Бір жағынан, диктаторлық режімнің өзі аз азаматтың сайлауға келіп қатысқанын қалады. Ал екінші жағынан, азаматтардың да сайлауға кеп дауыс беруге құлқы жоқ. Сайлауда кеткен заңбұзушылықтардың есебінде сан жоқ. Мыңдаған хабарлама түсіп жатыр. Мәселен, кабинаның ашық тұрғанының өзі өрескел заңбұзушылық. Билік сайлаудың барынша "қара жамылып жасырын" өтуіне мүдделі болды, - дейді құқық қорғаушы.

Ал "сайлауға неге аз адам қатысты?" деген сауалға Барлық Меңдіғазиев "кінә халықта емес, билікте" деп жауап берді.

- Біздің билік азаматтардың жеке басына тиесілі құқықтың бәрін алып қойды. 30 жыл басқарған Назарбаевтың билігі қазақстандықтарды құқықтық жағынан мәңгүрт қып шығарды. Мәселен, ауылдағы халық сайлау, құқық, азаматтық ұстаным дегеннен мүлдем мақұрым. Өйткені билік халықты буындырып, ештеңеге мүмкіндік бермей отыр, - деп түйіндеді сөзін құқық қорғаушы.

Айта кеткен жөн, қазір тәуелсіз бақылаушылар ұйымдары сайлауға қатысудың есеп-қисабын жасап жатыр. Есеп жақын арада дайын болмақ. 

Алайда қоғам белсенділері мен кейбір тәуелсіз сарапшылар, тәуелсіз бақылаушылардың қазірдің өзінде сайлауға қатысудың өзіндік есеп-қисабын жасап, Орталық сайлау комитеті шығарған статистикамен мүлдем сәйкес емесін айтуда. 

- Тәуелсіз бақылаушылар жинаған протоколдар сайлаудың шындыққа жақын орташа қорытындысын жасауға мүмкіндік береді: сол құжаттар бойынша, парламентке барлық бес партия өтті. Бірақ "сыртта қалған" партиялар - "Адал" мен "Ауыл" өздеріне халық берген дауысты қоғауға қауһарлы ма, ел-жұрттың есіл кеткен ерік-жігеріне араша түсе ала ма? – деп жазады саясаткер Ермұрат Бәпи.