Экология
Жаңа Экологиялық кодекске қысқаша шолу
Ағымдағы жылдың басында мемлекет басшысы жаңа Экологиялық кодекске қол қойған еді. Оның негізгі міндеттері келесідей:
- қоршаған ортаны қорғауда заңдылықтарды күшейту;
- экологиялық реттеудің прогрессивті механизмдерін енгізу;
- қоршаған ортаны қорғауға арналған шаралар өткізу үшін инвестициялар тартылуына қолайлы жағдай туғызу және т.б.
Жаңа кодекс бұрынғысынан несімен ерекшеленбек? Өнеркәсіп орындарының қоршаған ортаға келтірген залалы үшін жауапкершілігі айтылып келді. «Ластаушы төлейді» қағидасы мен ағаштарды заңсыз кескендерге айыппұл көлемі өсетіні де белгілі болды.
Сіздерге Экокодекстің жаңалықтары, түсініктері, терминдері мен талаптары жайында айтып бергім келеді.
ҚОӘБ(ОВОС) – ластаушылар үшін ғана
Құрылыс алдында кез келген жобаның қоршаған ортаға әсері бағаланады. Бұрын барлығының қоршаған ортаға әсері бағаланатын: зауыт, фабрикадан бастап, шағын көлік жуу орталығы мен кафелерге дейін.
Жаңа Экокодекс бойынша, енді тек табиғатқа нақты залал келтіретін жобалар қоршаған ортаға әсері бағаланады.
Жобадан кейінгі талдау – міндетті
Алдағы уақытта жобаның – жаңа кәсіпорынның бастамашысы және құрушысы оның табиғатқа нақты әсері айқындалатын талдау жүргізуге міндетті.
Мемлекет, негізінен, тек «ластаушылар» және экологияға негативті әсер етудің алдын алуға баса ден қоюда.
«Ластаушыларды» бақылау онлайн режимде болады
2023 жылы барлық ірі кәсіпорындар атмосфераға лақтыратын қалдықтарды бақылау үшін автоматты мониторинг жүйесін қондыруға міндетті. Жүйе ақпаратты құзырлы органдарға онлайн режимде жіберіп отырады.
Бұндай механизм мемлекеттік органдарға заң бұзушылық кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Енді жаңа кәсіпорындарға КЭР міндетеледі
Енді барлық жаңадан ашылатын бірінші санатты (қоршаған ортаға біршама негативті әсер ететін нысандар) және модернизациядан өткен кәсіпорындар Кешенді экологиялық рұқсат алуға міндетті(КЭР).
Бұл алдағы уақытта үздік әрі қолжетімді технологияларды енгізу үшін қажет.
ҮҚТ (үздік әрі қолжетімді технологияларды) енгіземіз
Жаңа Экологиялық кодекстің ең маңызды новеллаларының бірі – ірі компаниялардың ҮҚТ-ды енгізу міндеттілігі.
Бұл зиянды қалдықтарды және табиғатқа негативті әсерлерді азайтуға мүмкіндік беретін процесстер кешені.
Енгіз, болмаса төле!
Үздік әрі қолжетімді технологияларды енгізу бір күндік шаруа емес. Бірақ компания ҮҚТ-ды енгізуге міндеттеме алса, онда бұл процесс «Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы» аясында қадағаланады.
Егер ҮҚТ-ды енгізу міндеттемесі орындалмаса, кәсіпорындар зиянды қалдығы үшін бюджетке айыппұл төлейді. Айта кететіні, осы Экологиялық кодекс негізінде зиянды қалдық үшін төленетін айыппұл көлемі артқан еді.
Экологиялық залал нақтыланды
Енді экологиялық залал деп – «жануар және өсімдік дүниесі, су мен топыраққа келтірілген, ақылға қонымды уақыт аралығында бастапқы қалпын қайтару мүмкін емес» залалдар танылады.
Заңның қосымша актлерінде «ақылға қоныды уақыт аралығы» ұғымына нақты түсініктеме беріледі деп үміттенеміз.
«Ремедиация» – бір тал кессең, он тал ек!
Егер кәсіпорын су көзін ластаса – оны тазалауға, ал егер ағаштарды кессе – ағаш отырғызуға міндетті. Қарапайым тілде, ремедиация деген осы.
Бұрын бұндай залал үшін кәсіпорындар айыппұл ғана төлейтін. Бірақ ол айыппұлдан түскен қаржы экологияға келген залалды қалпына келтіруге жұмсалмайтын.
Жұмыс жасаған екенсің – артыңды жинап кет!
Жаңа Экокодекс бойынша, қоршаған ортаға әсер етуші кәсіпорын «қаржылық қауіпсіздік» салуға міндетті. «Қаржылық қауіпсіздік» ұғымы – экологиялық заң жобасындағы аманат немесе депозит деген сияқты түсініктерге жақын термин. Компания жабылып қалған жағдайда да, (мысалы, пайдалы қазба қоры таусылғанда) жасалған жұмыстардан кейін құрылғыларды демонтаждауға, қалдықтарды утилизациялауға және тағы басқасына қаржы қалу үшін жасалатын әрекет. Бұны «қауіпсіздік жастықшасы немесе белдігі» деп те атауға болады.
Экосана жетіспейді
Бұл жаңа Экологиялық кодекс болғандықтан, мұнда экологияның жаңа бағыттары да енгізілуі керек еді деп ойлаймын. Айтайын дегенім, қазіргі кезде табиғатты аялауға бағытталған экосананы, мәдениетті қалыптастырушы экософиялық принциптере қамтылғаны жөн болар еді.Жасөспірімдерде экологиялық сананы заң қалыптастыра алмайды ғой. Сондықтан экосана қалыптастыруда экософиялық принциптерге жүгінуді заңдастыру тиімді болады.
«Байтақ Болашақ» экологиялық одақ» РҚБ Атырау облысындағы Филиал директоры Ізбасаров Есенбай