"Отбасы бақыты, тұрмыстық сана". Танымал блогерден ақыл-кеңестер

Қазақстандық психолог-лайф коуч, жиһанкез блогер, «Өмірге шексіз ғашық» атты кітаптың авторы , «Ditravel tour» авторлық турының жетекшісі Динара Болаттың әлеуметтік желісіндегі оқырмандарына берген жауабы көптің ойына ой ұялатты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Танымал жиһанкез блогер Instagram парақшасындағы оқырмандарының қойған сұрағына ұтымды әрі әсерлі жауап қайтарды.

Блогер мынадай сұрақтарға жауап берді:

Жақсы сөз жиі естисіз, ал керісінше көңілге тиетін жүректе қалған сөз қандай?

Есімде қалғандары бар. Бірақ жүректе ізі қалмаған. Барлық жара жазылды.

Отбасын не құтқарады? Екеудің ойлау деңгейі бірдей болу маңызды ма?

Маңызды. Отбасын әдемі естеліктер құтқарады. Күн сайынғы мейірім, қамқорлық, жылулық, сыйластық болса, кім қалай қатты сүрінсе де осыған дейінгі болған жақсы істері кім-кімді де ақтап алады.

Ортаны жақсы жағына түзетуге тырысқан дұрыс па? Әлде басқа ортаға ауысқан дұрыс па?

Тұтас ортаны жақсы жағына өзгерту қиын. Бірақ агрессивті үгіт-насихатсыз, өзіңіз үлгі болу арқылы әуелден өзгеруге потенциалы жеткілікті кейбір жанды оятуға болады. Ортаны ауыстырып жіберу де жаман емес. Алайда, ол орта да 100% сіздің көңілізден шықпауы мүмкін.

Сананы тұрмыс билей ме, тұрмысты сана ма? Қалай ойлайсыз?

Рухы әлсіз адамның санасын тұрмыс билейді. Ал,ауқымды ойлай алатын, жігерлі жанның санасын арман мен мақсат билейді. Қазір қандай жағдайда өмір сүріп жатқанынан тәуелсіз.

Пессимистер алқызыл көзілдірікті (розовые очки) кигенді ұнатпайды дейді. Алқызыл көзілдірікпен қарау дұрыс па?

Қиял мен ақиқатты шешуші кезеңдерде ажырата алсаңыз, қанша кисеңіз де зияны жоқ.

Жас отбасының бақыты неде?

Тұрмыспен мүжіле қоймаған еркіндікте: бірге серуен, түнімен кино көру, кішкентай балаң болса да әлі студенттік өмір сүру. Сосын алғашқы отбасылық жетістіктерде: бөпеңнің жүріп, сөйлей бастауы, жолдасыңның жақсы қызметке орналасуы, алғашқы жөндеу жұмыстары, алғашқы пәтер т.с.с бәрі қуаныш. Бақыт – уақытылы әр жақсы сәтті бағалай білу.

Адамның көңіліне қарап сөйлеген дұрыс па, әлде өзіне лайық қарым-қатынаспен қарау дұрыс па?

Әуелі әдеп. Әдептің түбірі – сыйластық. Алайда кейде сенің сыйлағаныңа түкіргені бар жағдайлар болады. Ондай кезде еркіңіз білсін. Бірақ, мен кейінгі әсерді ойлаймын. Жақсы сөз, ізгі әрекет кейін бәрібір маза бермей қояды.

Мұңаятын күніңіз болса қалай өткізесіз?

Қуанышты күндерімнен аса айырмашылығы жоқ. Ол күні тек тыңдайтын музыка әдемі, мұңды. Жаныма адам қоспай жалғыз серуендеймін. Бәрібір кофе ішемін. Жылы көрпенің астына жатып ұйықтап қалуым да бар. Ашу жоқ. Жай тәтті мұң бар. Ол да өткерілу керек.

Иллиюзиямен өмір сүру қаншалықты қауіпті?

Өмірдің өзі – иллиюзия. Тудың, бар. Өлдің, ғайып. Сондықтан иллиюзияны да орнымен қолданған жөн. Қиял арқылы өзіңді жұбату, ілгері жүру үшін үміт сыйлау тамаша! Алайда амалын жасамай өздігінен тәуір болады деп өзіңді алдау-уақыт жоғалту, ғұмырыңды қысқарту.

Қазақстанның келешегіне сенімің бар ма?

Адамзат, әлем ізгілікке жетсе, ешкіммен жұтылмаймыз. Онда білім, ғылым, өнер, саналы өмір сүру салты арқылы сапалы ұлт, ел боламыз деген ой келеді.

Екінші нұсқа: әлем осы күйінде жалғасса түбі біреуімен жұтыламыз. Бірақ сақталғанынша қазаққа тән бар жақсыны сақтағым келеді.