Bugin

Пойыздағы құбыжықты жуасытқан батыр қыз туралы

Жолаушы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

90-жылдардың соңында сүйкімді бойжеткен тайганың түкпіріндегі ауылынан Байкал маңындағы Транссібір пойыз жолына әупірімдеп жеткен екен. Мақсаты Владивостокқа баратын пойызға мініп үлгеру.

Пойыз тоқтағанда жолсерік әйел орын жоқ деп түсіндіреді. Тек екі адамдық люксте бір орын барын, бірақ тәрбиелі қыздардың ондай купеге қосарланбағаны дұрыс екенін айтыпты.

— Ол купенің несі жаман? — деп сұрайды шошып кеткен қыз.

— Ол купеде лас бір шетелдік келе жатыр. Түрі адам шошырлық, өзі еңгезердей, түк жуынбайды, сақал-мұртын қырмайды, есі дұрыс емес біреу сияқты.

Жолсерік әйелдің айтуынша:

— Мені әжетханаға өзімен бірге сүйреп кірмек болды. Сосын бір жігітті әжетханадан шығармай қыстап ұстады. Бірге кір деді. Қолын сермеп бірдеңе айтады. Бірақ орысша сөйлей алмайды. Көзі қорқынышты. Ашкөздік бар, ашулы. Әжетхананың жанынан ешкімді өткізбей қинады. Сосын онымен жақсылап сөйлесуге мәжбүр болдым. Оның жанына отырмай-ақ қой.

Бірақ бойжеткен асығыс еді. Сол құбыжық шетелдіктің купесіне отырады. Шетелдіктің бағына орай, қыз ағылшынша білетін боп шықты. Шетелдік шынында да сұңғақ бойлы, сақал-мұрты қырылмаған жігіт ағасы сыпайылық танытып орнынан тұрады. Оның атып тұрғанынан қыз қайтып купеден шығып қалады. Шетелдік амандасты да қайта отырды. Сақал-мұртын сипап, кір жейдесін көрсетіп, күрсінеді:

— Sorry! No water!

— Неге су жоқ? — деп таң қалады қыз, — Әжетханада бар ғой?

— Әжетханада болдым. Барлық кранды айналдырдым, барлық шүмекті түрткілеп шықтым — ешбірінде су жоқ! Адамдардың әжетханаға сүлгілерін иығына салып барғанын, сақал-мұртын қырып келе жатқанын көріп жүрмін. Сұрайын десем, бәрі менен шошиды.

— Батырмасын бастыңыз ба? — деп сұрайды қыз.

— Қандай батырмасын?!!!

Америкалықтың неден ашулы екені, көзіндегі ашкөздік неден екенін де қыз анықтайды. Оның кредит-картасын мейрамхана қабылдамапты. Сібірлік қалашықтарда банкомат атымен жоқ. Шетелдік сонау Петербордан келе жатыпты. Өзі ірі жігіт болған соң Байкалға жеткенше қалтасындағы ұсақ-түйек ақшасын ішіп-жеп қойған. Ірі бекеттерге жеткенде банкомат іздеуге шығуға қорыққан — пойыздың қанша уақыт тұратынын ешкімнен сұрап біле алмаған.

Сәлден соң жолаушылар купенің есігінің ашылғанын бақылап тұрады. Қайсар қыз жуасып қалған шетелдікті дәліз бойымен ертіп жүреді. Екеуі әжетханаға кіреді. Жұрт аң-таң. Бір сағаттан соң шетелдік жуынып, қырынып, таза жейдесін киіп, тамақтанып, көзі жайнап отырды. Бұл америкалық жолаушы өмірде профессор, биология ғылымдарының докторы, жобалық менеджмент маманы, антарктикалық полярлы экспедициялардың қаһарманы Джон Маклин Крум болып шығады. Аудармашы қыздың арқасында елмен түсінісуге мүмкіндік алады. Бірақ өзінің неге елді шошытқанын түсіндірмепті.

Бүкіл вагон қызға қызыға қарады. Адам шошитын шетелдікті жуасытқан батыр қыз. Джон Крум осылайша өзінің келешек жұбайын жолықтырған екен.

«Did you press the pimpochka from the down?» деген сөз олардың отбасылық аңыздарына айналған екен!

Полина Санаева

Аударған Шынар Әбілда