Bugin

Назарбаев ашқан 8 автозауыттың 6-уы жабылып қалды

Қытай көліктері ғана қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда 2010-2018 жылдары ашылған 8 автозауыттың қазір екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалғандары жабылып қалған. Мұны Bugin.kz платформасы Exclusive.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның жазуынша, 2010 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанда өндірілген 100 мың автокөлікке $500 млн жұмсалған. Ал осы он жылдың ішінде 8 автокөлік құрастыру зауыты салынғанымен, оның алтауы жабылып тынған. Ал оны құруға жұмсалған қаржыны кім өтемек?

Қазақстанның осы онжылдықта автокөлік өндірісіне біршама мән бере бастағаны белгілі. Өйткені елдегі жеңіл және ауыр көліктің, ауыл шаруашылық техникасының көбі ескі. Оны жаңарту – күн тәртібіндегі мәселе.

Қазақстанда алғаш құрылған автокомпаниялардың бірі – бұл кәрістің SsangYong маркалы көлігі. 2010 жылы Оңтүстік Кореяға ресми сапарымен барған Н.Назарбаев сол елдің автокөлік өндірушілерімен серіктестік жөнінде келісімшарт жасап, сол жылы "Сарыарқа автопром" кәсіпорнында SsangYong көлігін құрастыру қолға алынады. Жылына 7,5 мың дана кәріс көлігі шығарылуы тиіс еді.

Алайда шағын құрастыру қондырғысын орнатуға үш жыл уақыт кетіп, небары 486 кәріс көлігі шығарылған. Алғашқы көлікке Н.Назарбаев өзінің қолтаңбасын жазып, 2017 жылы бұл концерн 75 мың көлік шығарып, оның 70 пайызы экспортталады деп сендірген. Алайда президенттің ойлағанындай болмады.

"SsangYong Nomad көлігін құрастыру жобасы "қиын мәселеге" айналды. Қаншама мемлекеттің қаржысы кетті, ал нәтиже жоқ. Ал қаржыны мемлекеттік қазынаға қайтару мүмкін емес", - деп мәлімдеді 2017 жылы Қостанайдың әкімі Базыл Жақыпов.

2020 жылы бұл көліктің шығарылымы толық жабылып қалды.

2012 жылы наурызда "Сарыарқа автопромы" украиндардың ZAZ көлігін құрастыруды қолға алғанымен, 2014 жылы ол да банкрот болды.

2013 жылы ақпанда Қазақстан үкіметі мен Toyota корпорациясы Toyota Fortuner көлігін құрастыру туралы келісімге келеді. Бұл да Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған. 2014 жылы Сарыарқа автопромына" сапармен келіп, SsangYong пен Toyota Fortuner көлігінің алғашқы данасына қолтаңба қалдырған еді. Бірақ екі жоба да құрдымға кетті.

2013 жылы қыркүйекте аталмыш автопром француздың Peugeot көлігін шығаруды қолға алады. Қазақстан үкіметі 2014 жылы Peugeot-301 көлігін шығару бойынша автопроммен меморандум жасалады. Жылына бұл көліктің 12 мың данасын жасау жоспарланды. Алайда жоба іске аспады.

2015 жылы қытайдың JAC көлігі мен Geely көлігін құрастыру қолға алынды. Сол жылы "Сарыарқа автопромы" SsangYong, Peugeot, Geelly, Jac, Toyota көліктерін шығаруға "Қазақстан Даму банкінен" 93 млн АҚШ доллары көлемінде несие алады.  Ал шағын құрастыру жобаларына 107 млн АҚШ доллары көлемінде несие алған. Қазір бұл көліктерден тек Jac қана шығарылымда. Қалғандарының барлығы тоқтап қалған.

Нақтырақ айтсақ, SsangYong көліктерін шығару 2017 жылы, ZAZ 2014 жылы, Peugeot 2018 жылы, Geely 2015 жылы желтоқсанда, SsangYong Nomad маркасы 2016 жылы, Toyota Fortuner 2016 жылы, тоқтап қалды.

Тек JAC пен JAC S3 көлігі ғана өндірісте.