Қоғам
Серігімізге айналған техниканың қатері қандай? Виртуалды тәуелділіктің салдары не болмақ?
Қазіргі уақытта интернетке қолжетімділіктің кеңеюі – заманауи үрдістердің бірі. Мойындамасқа шара жоқ. Айналамыздағы онлайн өмір адамзатты өзінің құлындай телміртіп алғаны – ащы шындық. Телефон, компьютер сынды түрлі гаджет сананы улап, серігімізге айналғаны сөзсіз. Алайда, оны біле тұра бас алуымыз да қиындады. Дегенмен, «21 ғасыр» сынды алдамшы ойдың салдары өз зардаптарын әкелуі ғажап емес. Уақытша қызыққа тұсау болып қалғанымызды денсаулығымызға келген кері әсердің нәтижесін көріп қана тоқтау сала аламыз. Зиянды тұсын аңғарсақ та, уақытша деген қызыққа уақытымызды сарп етіп, бар пайдалыны желге ұшырып жатқанымызды да байқамаймыз. Болашақта өміріңе пайдасын тигізетін дүниемен айналысу керек екенін ұғынсақ та, бас ұрмаймыз. Тереңдеп телміртіп алған бұл байланыс құралының адаммен байланысының күштірек болуы, мықтылап тұсаулай салғаны көз алдымызда өрбіп жатқаны шындық.
XIX ғасыр басында ДДСҰ дәрігерлері ұялы телефонның сәулеленуі тірі адамның денсаулығына зиян тигізеді деген қорытынды жасады. Дәрігерлер смартфоннан қолды ғана емес, дененің басқа бөліктерін де аулақ ұстау керектігін тілге тиек етті. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде ұялы телефонмен сөйлесу он минут ішінде мидың беткі бөлігінің температурасының оннан бір градусқа дейін өзгеруі үшін жеткілікті екендігі дәлелденді.
Талай адам өліміне себеп болған бұл техника құралының берер зияны белгілі. 2016 жылы Ақтөбе облысынының 28 жасар тұрғыны, 2014 жылы Астана қаласында 1-сынып оқушысы, 2016 жылы Оралдағы 17 жастағы қыз, 2019 жылы Алматы облысының Бастөбе ауылында 14 жасар оқушы қыз, 2020 жылы Алматыдағы 15 жастағы қыздың қайғылы оқиғалары дәлел бола алады. Ең өкініштісі, адам нанғысыз «ұялы телефон жарылысынан» өмірден озғандардың көбі де жеткіншектер болып шыққан.
Қазақстан Республикасының ҰЭМ статистика комитетінің деректері бойынша елімізде 2018 жылы 6–74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылардың үлесі 81,3% құраса, 6 жастан 15 жас аралығындағы балалардың интернетті пайдалануы 72,9% құраған.
Психологтар тәуелділік адамның мінез-құлқының ішкі реттеушісі болмаған кезде пайда болады деп санайды. Қолда телефон, планшет болған кезде бәрі қарапайым, жақсы болып көрінсе, интернетті немесе электр қуатын кесіп тастаған жағдайда, гаджеттен алыстаған сәтте айналамыз бос, әрі қарай не істеу керектігін ұғына алмай, түсініксіз халге түсеміз. Бұл тәуелділіктің түп тамыры адам бойында екендігі белгілі. Өзін–өзі реттей алмау, есеп бермеу – кез келген тәуелділіктің бастауы. Ал қызыққа тез еріп, құмарлана кететін жасөспірімдерге ата-аналары дұрыс жол сілтеп, бала кезінен бойына бар жақсыны сусындатқаны абзал.
Әрбір құбылыс сияқты, қазіргі заманғы технологиялар серпілісінің де оң және теріс жақтары бар. Гаджеттердің шектен тыс пайдаланылуы, адам ағзасына соның ішінде баланың физикалық және психологиялық денсаулығына зиян тигізетіні айдан анық. Осы орайды, ДДСҰ "алтын орта" – баланың монитор (компьютер, планшет немесе смартфон) алдында отыру уақытын ұсынады:
Сандар мен деректерді сөйлеткенмен орын алып жатқан барлық тәуекелдер мен қауіптер адамдарды ғылыми және цифрлы технологиялық жетістіктерден бас тартқыза алмайды. Дегенмен, болған оқиғалардан ой түйіп, интернеттегі жұмсалатын уақытты азайтып, «онлайн өмірді» «шынайы өмірге» алмастырумен қатар барынша пайдалы дүниемен айналысып, рухани дамуымызға үлес қоссақ, жақындарымызбен мейлінше жақын араласып, мұқтаж жандарға қол ұшымызды тигізсек, өміріміздің жақсара түсуіне себепкер болатынымыз сөзсіз. Әрине, алдымыздағы онлайн өмір тек осымен ғана шектеліп қалмайтыны мәлім. Алайда, «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп Мұрат Мөңкеұлы бабамыз айтқандай, виртуалды вирус жетегінде кетпей, санамызға серкеу түсірмей, пайдалы мен зияндыны уақытында ажырата білу маңызды.