Қоғам
Ірі елдердің тамаққа таласуының себебі неде?
Соңғы онжылдықта Оңтүстік Корея мен Қытай арасында бірнеше рет дипломатиялық шиеленіс орын алды. Бірақ осы жолы екі ел қырыққабат тұздығына байланысты жанжал шығарады деп кім ойлаған?
Сеул мен Бейжің арасында бұл тағам түрі үшін қақтығыс желтоқсан айында басталды. Оның себебі – Қытайдың Сычуань қаласынан шыққан «пао цай» тұздығының халықаралық сертификат алуы. Ал бұл тағам түрі бүкіл әлемге әйгілі Оңтүстік Кореяның ащы маринадталған «ким чи» қырыққабатын еске түсіреді. Осы себеппен әлеуметтік желілерде көкөніс үшін жанжал туды.
Алайда бұл елдер арасындағы ұлттық тағамдар үшін болып жатқан алғашқы талас емес.
Bugin.kz тілшісі тағы қызуталасқа түсіп жатқан 3 тағам түрін тауып жазды.
Оңтүстік Америка – танымал көкөніс түрі картоптың отаны ретінде есептеледі. Алайда 1530 жылы елге испандықтар шабуыл жасауының нәтижесінде картоп Еуропаға енген.
Еуропалықтар картоп жайлы білген кезде, Оңтүстік Америка әлі шекарасын бекіткен жоқ еді. Соның арқасында көршілес Чили және Перу мемлекеті де өздерін картоптың отаны деп жариялап алды.
Чилиліктер өз сөздерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Олар Нобель премиясын иеленген Пабло Неруданың шығармасын айғақ ретінде көрсетіп отыр. Шығарма толығымен картоп туралы жазылған. Одан бөлек 2008 жылы ауылшаруашылық министрлігі генетикалық байланыс бойынша картоптың 99%-ы Чилиліктерге тиісті екенін айтты.
Таяу Шығыс елдерінің ең сүйікті тағамы ретінде «хумус», яғни әлемге әйгілі бұрыштан жасалған пюре танылады. Бірақ соған қарамастан Ливан мен Израиль арасындағы дау тоқтайтын емес.
Екі ел де хумусты өздерінің ұлттық тағамы деп есептейді. Мысалы, израильдік сарапшылар дәлел ретінде екі мыңжылдық тарихы бар діни жазбаларына сүйенеді.
2008 жылы Ливан мемлекеті Израильді аталған тағам негізінде сотқа берді. Ливандықтар олардың ұлттық тағамын заңсыз саудаға салып, жарнама жасағаны үшін де қапалы.
Одан бөлек Бейрут Еуропалық Одаққа өтініш жіберіп, ЕО билігінен «хумусты» Ливанның мәдени мұрасының қатарына кіргізуді сұрады. Алайда бұл өтініш кері қайтарылды. Еуропалық Одақ хумусты барлық Таяу Шығыстың, оның ішінде Израильдің ұлттық тағамы ретінде таныды.
АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама байқаусызда Түркия мен Греция арасында қақтығыс тудырды. Дәл осы саяси келіспеушілік нәтижесінде Анкара мен Афина «пахлава» тәттісіне таласуды бастады. Пахлава – жаңғақ салындысы бар, май мен балға малынған пирог түріндегі десерт.
2012 жылы Барак Обама Грецияның тәуелсіздік күніне арнап Ақ үйде кешкі ас ұйымдастырды. Қонақтарға арналған тағамды грек аспазшысы Мария Лой дайындады. Кейінірек Лой президентке пахлава ерекше ұнағандығын жазды. Мұны естіген түрік БАҚ өкілдері арасында наразылық туды.
Осылайша Барак Обама екі ел арасындағы димломатиялық келіспеушілікке тап болды. Ал бұдан бірнеше жыл бұрын түріктер Еуропалық Одақтың жарнамасына қарсы наразылық тудырған еді. Жарнамада пахлава гректердің ұлттық десерті ретінде көрсетілген.