Weekend

Оқуға қиялыңыз жетпесе, «JUZ» кітабы айыпты емес

Ұлы Шайқының жаңа туындысына ой-толғақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кез келген қоғамның мәдениетін қалауға ат салысатын бірегей әрі білдей абыройы бар кірпіш бар. Ол – әдебиет. Ол кірпішті алып тастасаңыз бізден бастап сонау арысы антика дәуірінен келе жатқан мәдениетті құлатып алғаныңыз. Себебі ол – өнер. Ал өнер әркімнің бағына қарай бұйрады, беріледі, келеді, қысқасы құдай реттейді.

 

Жақында ғана «Алматы мен Астана қаласында бұрын-соңды болмаған кітап тұсаукесері болды»деп, дүрліккен елді көрдік. Құлақ естіді. Естіген құлақтың жазығы жоқ, ал оны көруге асыққан көз бен нәпсінің айыбы.

Сыртқы мұқабасына әдемі графикалық сурет жасатып, төбесіне «MICHAEL SHERIMBEK» деп атын жазып, астына жақша ішіне (ҰЛЫ ШАЙҚЫ) деп өзіне ерекше есім берген, Садық Шерімбек деген азаматтың «JUZ» атты абсурд пен сарказымға толы, азырақ шындық араласқан кітабын оқып шықтық.

 

Екі бетім от болды

Осы уақытқа дейін қанша кітап оқыдым, бірақ кітаптың алғашқы бетін «соңғы сөз» деп бастаған авторды бірінші рет көрдім. Оны автор өзінше пәлсапалаған: «әлемде 90% жазушылар өтірік айтады. Кез келген кітаптағы ең алғаш сіз оқитын «алғысөз» бөлімі әдетте ең соңында жазылады» дейді.

Халық түзу өскен ағашты құртып тынады да, қисық өссе таң қалып, таң-тамаша болып сол туралы сөз етеді. Бұл бұрыннан бар үрдіс. Алғашқы бөлім «АБСУРД ПЕН САРКАЗЫМҒА ОРАЛҒАН АЗЫРАҚ ШЫНДЫҚ» деп басталады. Кезінде Аслан Қаженов деген жас ақынның «Туалеттегі туынды» кітабын да оқыдық қой, мынау да соның кебін киген кітап деп түйдім. Әлбетте солай болды, тек басқаша екенін айту керек.

Аталған кітаптың екінші бөліміне жеткенше екі түрлі адами қасиетті бастан кештім: бірі – екі бетім от болып ұялдым, екіншісі – күлдім.

Негізі бұл автордың дәретін ала келіп жазған, жазушылық қырын танытатын кітап емес. Бұл оның әлеуметтік желідегі жарияға жар салып жазған ПОСТТАРЫНЫҢ жиынтығы. Қазіргі жаңа әдебиеттің қолтығына жармаса бастаған «пост» түсінігін интернет пайдаланатын кез келген буын біледі.

Әрі қарай парақтадым. Тақырыптарын оқып көз сүрінеді. Жоқ, сіз ойлағандай «не деген тақырып» деп емес, көз алдыңызда кетіп бара жатқан бикештің көйлегін жел көтерген кезде көзіңіз тайып кететін әсерді айтып отырмын. Адамның биологиялық, физикалық әрекеттері, ең төменгі қасиеттерін сипаттай келіп қоғамның бүгінгі көрінісін беруге тырысқан кітап.

 

«JUZ» ішінде жүзіп келем...

Шешінген судан тайынбас. Ұяттың танымына ауыр, көңіліне келетін тақырыптарды парақтарып тұрып оқыдым. Іштегі жалғыз «НЕГЕ?» деген сұраққа жауап іздеу үшін. Себебі автордың кітабын оқып отырып, оның әдебиеттен гөрі техника ғылымдарына жақын адам екенін байқайсыз. Бір сөзбен айтқан кезде, от тілмен емес, код тілімен жазып шыққан. Құпиялы сөздің мәні мен мағынасына барсаңыз мүлде басқа картина көресіз.

Мұрыннан шашырап кеткен қанның түсіндей, қыл қаламнан ақ параққа шашырап кеткен қызыл түсті миллион долларға сатып жатқанда, бұл оның қасында түсіндіруге тырысқан дүние болды.

«Жастар кітап оқымайды», «жастар жеңіл ойлайды», «жастар...» деп жас біткеннің бәрінің маңдайына бір-бір күйені жағып қойдық. Көз тимесін деп емес, тисін дегендей жақтық. Ал шынында оларға беретін қоғамның наны жоқ. Бәрі аш отыр. Аштыққа бірер уақыт шыдар, бірақ нәпсі араласқан күні, көңіл құлазыған күні айналасына ашкөздікпен қарап, өз шеңберінен шығып кетеді. Қайда барады? Әрине орыс тілінде жазылған орыс әдебиетіне емес, орыс тіліне аударылған шетел әдебиеті, шетел пәлсапасы мен шетел танымына барады. Ендеше жастың кінәсі жоқ. Осыны түсінген Садықтың сау адам оқыса «сандырақ» деп жауап беретін кітабы, қазіргі жастарға жол тартып кетті. Шындығында сандырақ шығар, шындығында түкке қажеті жоқ әңгіме болар, алайда абсурд жерін алып тастап, майын алып тастап сүр етін жеген секілді күйде түсінсеңіз, ойыңыз шыр айналып барып орнынан келер еді.

 

Қойын қалтадан түсіп қалған, «қойын дәптер»

Анығында бұл жарыққа шығуды қажет етпейтін қойын дәптер секілді. Ішіне автор бар ызасын, бар күйініші мен қасіретін сығып отырып берген. Жазған сайын эмоцияға беріліп, өзін ұстай алмай, ақыры адасып кеткен адам секілді күйде болған. Себебі жазғаны – шындық. Далаға шықса көретіні сол сюжет. Сол адамдар, солай бағыт алып бара жатқан адасқан қоғам.

Бізде пәлсапа тудырып, пайым жасап отыратын авторлар көп. Олардың терлеп жүрген терінің мәні, адасып жатқан қоғамға қарсы бағытта жүзе отырып, жанып тұрған отқа шелекпен су шашып әлек болумен өлшенеді. Нәтиже қайда дейіз бе, нәтижені өрт сөндіретін көлікпен де келіп өшіре алмай жатқан кезде, от емес, алып жалынға шелектегі сумен қарсы шығу деген нағыз – ақымақтық. Не істемек керек?

Бағана адасып кеткен автор өзінің санасына жалын боп жатқан қоғамға шелектеп су шашып көмектесуді емес, жалынмен бірге лапылдап, сонымен бірге бір бағытта жүзіп отырып, іштен күйретуге тырысқан секілді.

Иә, қазір далаға шықсаңыз, жас буынды қойып, кеше боқ ауыз сөз айтуға үйренбеген, ұят деп қабылдаған тәрбиелі әлемнің ағалары да жаспен жарыса боқтайды. Психологтар адамның арасында боқтап тұру керектігін айтады екен. Ол іштегі барлық жаман энергиясын сыртқа шығарумен өлшенеді-міс. Бұлай деп жазуыма, автордың абсурд толы сөздері мен кодталған әріптері әсер етіп отыр.

 

Кітапты кім оқу керек? (+18)

Бұл басты мәселе. Кітапты қиялы жеткен, түсінік қалыптастырған, ішіндегі абсурд жерін ғана теріп оқитын емес, толық оқып шығып өзінше пайым жасай алатын, жасы 18-ден асқан ұл-қыздарға оқуға болады. Оның өзінде ата-ананың рұқсаты керек болар. Қанша дегенмен де, біз көшпелі тәрбиені меңгерген, ұятты жоғары қоятын ұлтпыз ғой. Ал ақиқатында, керемет мінбеде сөз сөйлейтін шешен адамдардың өзі абсурд толы әңгіме айтпайды дегенге ешкім кепілдік бере алмайды.

«СӘЛ-ПӘЛ САЛМАҚТЫ ҚУЫНДЫЛАР» бөлімін оқуға болады. Бұл бөлімде автор шынымен де не айтқысы келгенін, астарлы ойының түбінде қандай ой жатқанын ашып беруге тырысады. Шындығында, ол үшін қоғам үшін бір нәрсеге істеуге тырысуы міндетті емес. Алайда идеологиясы өліп бара жатқан идеалсыз қоғамға бас сұққан екен, тырыспақ түгілі, араласуға міндетті.

Кітапты оқи алатын көз жоқ емес, бар. Тек басын бастай салып, мазмұнымен шектелетін адамдардың пікірі және ойы сәйкеспей жатады. Бұл дәрет алып келіп оқуды талап етпейтін, өзге ағым жетегіне жетелемейтін, жетектесе де қазіргі дамып жатқан жаңа жаһандық дәуірге қалай басу керектігін, IT мен инновациялық жолдың қыр-сырын сәл де болса ашып беруге апаратын кітап.

 

Садық Шерімбек (Ұлы Шайқы) деген кім?

Адам және автор.

 

Автор туралы не біле алдық?

 

Техника тілін меңгерген, бірақ жазуға қабілеті бар адам.

Діннен де бейхабар емес, бір емес бірнеше діннің саласында зерттеу жасаған пенде.

Жиһанкез. Әйтпесе адам сонау Непалға барып, не іздеуі мүмкін?

Қоғамға жаны ашып отырып, бәрін ашып жазуға тырысатын қаламгер.

 

 

 

 

Майлық

 

Ет жеп, сорпа ішіп болғаннан кейін судан бұрын, майлық сұраймыз. Сол секілді кітапты оқып шыққаннан кейінгі майлықтың ойын айтайын.

Адам өте ерекше жаратылыс. Әсіресе миллиондаған нейрондардан, түрлі қырысты қабаттардан тұратын миды көтеріп жүруінің өзі ғанибет. Тек нейрондардың ақпаратты алмасу жылдамдығы жарықтан жылдам десем артық емес шығар.

«JUZ» кітабы – бүгінгі қазақ әдебиетіне келген жаңалық емес. Абсурд деген түсінік, эротикалық эралардың дәуірі біздің ата-бабаларымыздан бұрын да өмір сүрген, жазылған, сызылған. Біз тек белгілі бір тоқырау кезеңіне бастап кешіп барып, сол үрдісті санада жай ғана қабылдап, қоғамда орынмен пайдалану мүмкіндігінен ада қалғанбыз.

Бұл кітап бүгінгі қоғамда адасып бара жатқан, өзінің қателігінен сабақ алудың орнына, былыққа белшесінен батуға асығып жүрген жандардың бір серпілтіп алуға арналған, өзіндік ішкі түйсігі мен креативті ойлау қабілеті бар жанрда оқырманға жол тартқан еңбек.

Айнаға қараңыз, егер жүзіңіз қызара бастаса оқымай-ақ қойыңыз. Ал оқуға бел байласаңыз, айнаның бетін шүберекпен жаба салыңыз. Яғни оқу-оқымау сіздің еркіңізде!

 

 

(с) Марғұлан Ақан