Bugin

Қазақстан Қытайға қанша жер берді?

Бұрынғы кеңес елдері Қытайға қанша жер берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытай басылымдары Орталық Азиядағы жер мәселесіне тағы киліге бастады. Пропагандалық БАҚ қытай жерінің біраз бөлігі Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда қалып қойды деп жаппай ақпарат таратып жатыр. Мұны Bugin.kz платформасы хабарлайды.

Мәселен, қытайдың "Гүл – тарих бейнесі" атты ақпараттық порталы 3 қаңтар күні "9,28 млн тұрғыны бар Тәжікстан қайдан бастау алады?" атауымен мақала жариялап, "Тәжікстанды Қытайдың бір бөлігі болған" деп тон пішеді. Тіпті Тәжікстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағын Қытайға тиесілі мекен деп жазған. Мақала авторы белгісіз. Бірақ Азаттық Радиосының хабарынша, мақалада келтірілген тарихи деректердің негізі де, дереккөзі де жоқ жалған ақпарат.

"Хан әулеті Қытайды билеген тұста көрші елдерді бағындырып, Ұлы Жібек жолын салды. Цинь мен Таң империясы кезінде Тәжікстан Қытайдың қолына өтті. Кейін Қытай Хутаннан шығыста – парсы империясына дейінгі аймақты бағындырған. Бұл аумақ қазір Орталық Азия деп аталады", - делінген аталған мақалада.

Ал "Қытай байланыс толқыны" агенттігі Тәжікстанның Қытайға жер бергені жайлы заң қабылдағанын жазады. Басылымның айтуынша, Қытай мен Тәжікстан жер беру туралы келісімді 11 жыл бойы жүргізген.

"Тәжікстан билігі дипломатиялық жетістікке жеткенін хабарлап жатыр. Даулы аймақтың 3 пайызын Қытайға берді", - дейді мақала авторы.

Былтыр осы басылымда тарихшы журналист Чу Йао Лу "Тәжікстан Памир тауын Қытайға – өз иесіне берді" деген мақала жазып, Тәжікстанның 1158 шаршы шақырым жерді Қытайға тапсырғанын айтқан еді. Автор "Қытайдағы тәжіктер мен Тәжікстандағы тәжіктерді ұқсас не?" деген сауалға жауап іздейді. Әрі Тәжікстандағы Памир тауы Қытайдағы Памирдің заңды жалғасы әрі көне аймағы деген ойша тұжырым жасайды.

Ал Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин 2020 жылы шілдеде өткен баспасөз конференциясында "қытай тарихшысының жазғаны – оның жеке пікірі әрі бұл Пекиннің ресми мәлімдемесі емес" деп мәлімдеген.

Қазақстан Қытайға қанша жер берді?

Ресейдің Взгляд басылымы жақында "Бұрынғы кеңес елдері Қытайға қанша жер берді" деген мақала жариялады. Мұнда Орталық Азия елдерінің ішінде Тәжікстанның Қытайға көп жер бергені айтылады.

Яғни, Тәжікстан қытайға 1100 шаршы шақырым, Қазақстан 407 шаршы шақырым, Қырғызстан 161 шаршы шақырым жер бергені айтылады.

"1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-қытай шекарасын шегендеу бойынша нақты келісімге келді. Ресми деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан Қытайға даулы аймақтың 407 шаршы шақырымын берген. Алайда келісімнің өзі ашық дереккөзде жоқ. Ал қазақстан қоғамы мыңдаған шаршы шақырым жердің Қытайға беріліп кетуі мүмкін деп үрейленді. Өйткені ресми құжат жоқ. Қалай десек те, Қазақстан шекара мәселесін ұтымды шеше алды. Даулы аймақтың басым бөлігін өзінде алып қалды. Ал Қырғызстан киелі мекені – Хан Тәңірін қытайға беруіне тура келді", - деп жазады басылым.

Басылымның жазуынша, Орталық Азия елдерінің қытай даулаған жерді беруінен басқа амалы жоқ.

"Әскери күші бар Үндістанның өзі Қытаймен бейбіт бола алмай отыр. Оның жанында Орталық Азия елдері дәрменсіз жанның күйін кешкендей", - деп жазады басылым.