МӘДЕНИЕТ
Жер бетінде қаншама көрікті жер бар екені баршаға мәлім. Дегенмен өз туған жеріңнің топырағы ыстық екені риясыз шындық. Иә, шынында да әркімнің туған жері – Мысыр шаһары дейді емес пе?
Ауылым Пенжімімнің тау мен тасы, қияндағы құстары, әрбір гүл шоғы, түздегі алқаптары әрқашан жүрек түкпірімде болмақ. Алтынкөл, Дүпшінкөл, Жидекөл, Құркөл, Сарыкөл секілді көлдері – ауылымыздың тарихымен тамырлас. Алтынкөліміз бейне бір табиғат айнасы іспеттес. Қоғалы көл ретінде танылған бұл көлімізде, көптің сөзіне қарағанда, киелі аққу құсы мекен еткен.
Осы сауалда: Біз – дейді әкем – 6-7 – сынып оқып жүргенде сол көлге балық аулауға баратынбыз, шынында да сұлулық бейнесі саналатын аққу құстарын көретінбіз. Бір күні көлге орыс аңшыларының келгені мазамызды бекер қашырмағанын түсіндік. Сәлден кейін мылтық даусы естілді, жүгіріп барсақ, дәл сол киелі құсымыздың біреуін атқан екен. Тура сол жылдан кейін аққудың көл бетінде қайтіп жүргенін көрмеппін – деп еске алады. Осыдан Мұқағали атамыз айтпақшы: "Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар, шошыса екінші рет оралмайды " деген сөздерінің құба-құп екеніне көзім жетеді. Сонымен қатар аққу кетті, береке де кетті дейді емес пе?
Бұрынғы кездегі балықтарының ірілігімен мақтана айтып, тіпті қармақты майыстырарлықтай салмақтары болғандығын айтады тұрғындар, ал қазір балықтардың майдалынып кеткенін аққу киесі деп ойлаймын. Бірақ аққудың жүрек жылулығы туған жерінде қалғанынан ба Алтынкөлдің суы қашан да жылы болып тұрады. Менің пайымдауымша, Алтынкөл атауы осы алтын құс киелі құс аққуға байланысты. Қазақ халқы тазалық пен сұлулықтың символы ретінде қарайтын аққу өзінің ұясын кез келген көлдерге сала бермейді. Ол ұя салуға ну қамысты, суы таза әрі тұщы ірі көлдерді таңдап алады. Осының өзінен Алтынкөліміздің табиғатының тамашалығын байқауға болады. Ағаштарының өзі көлге табынатындай, аққу мойын секілді, иіліп саяжол беріп тұрады. Мөлдір тұнық сулары да дәл бір аққу махаббаты реуішті өте шынайы, тазалыққа толы. Жағасындағы құмдарының ыстықтығы сыңарынан айырылған аққудың көз жасының ыстықтығынан болғандай ой қалдырады.
Осындай көркем табиғатымыздың шыңдарына Кеңсай, Желсай, Бестөбе, Ақтекше, Көктекше деген сияқты көрікті сайларымыз жатады. Ауылымызға қарасты тау ең әуелі Кеңсайдан бастау алады. Кеңсай аталуының мәні тауға апарар жол тораптарында ең әуелі кеңдігі таңғаларлықтай сай кездеседі екен. Соған байланысты осылай аталған болу керек. Келесі сайымызда азанда жел бағыты батыстан шығысқа қарай соқса, өңірде шығыстан батысқа қарай соғады. Атауы да содан Желсай аталған екен. Жасыл кілемге оранып жатқандай Көктекше сайымыз жанға жайлы, көгорай шөбі мол малға да жайлы әсер қалдырады. Мауыт пүліштей, шұрайлы адырлары көз жауын алатындай сондай көркем! Сауырында атпен жүрсең, бейне бір бусанған сәбидің бостандықта керіліп, созылып, рахаттанып жатқанындай сезімін аласың, сол бір керемет түздерінде аунап-аунап ойнағың келеді.