Bugin
Бүгінгі күнде ең өзекті мәселелердің бірі – тіл мәселесі. Ана тілімізде таза сөйлеуге бүлдіршін жастан дағдылануымыз қажет. Мектеп қабырғасында да қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне көбірек көңіл бөлген абзал
Тіпті ағылшын, орыс тілдері сабақтарының жиілуінен жас буын қазақ тіліне шорқақ болып бара жатыр. "Қазақтың болашағы қазақ тілінде" деп тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, әдебиетіміз мен мәдениетімізді жаңғырту үшін біздің тілімізді өзгерту емес, тілімізді жақсарту керек. Тіл – қай ұлттың болмасын басты белгісі болмақ. Қай орыс, қай ағылшын өзінің тілін білді екен деп ерекше құрмет көрсетіп марапатқа бөлемек? Әрине, өзге тілдің бәрін біл деген бар, өзге тілің бірлік үшін де керек болар. Десек те, Ғабит Мүсірепов айтқандай "Ана тілін тек өгей ұлдары қадірлемейді, тек өгей ұлдары аяққа таптайды". Тіл мәртебесін өзіміз көтермесек, өзгесіне не керек? Қазақстанда өзге ұлт өкілдері тұрғанмен, қазақ тілін білетіні бірен-саран, олар өз тілдерін жақсы біледі, тіпті, қай ұлтқа болмасын сол тілдегі мектептер ашылған. Өзге ұлтты былай қойып, өзімізді алсақ та жерге ене жаздаймын. Қай жерде жүрсем де, көп байқағаным қазақ пен қазақтың орысша сөйлесетіні. Онысы қазақ тілін менсінбегені ме, қалай?
Бауыржан атамыз үш нәрседен қорқатынын айтқан еді. Әуелі өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған әжеден, ақырғысы қазақ пен қазақтың орысша сөйлесуінен. Шынында қортатын жайт екен . "Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті" демекші, бәрі сол тілге қызығудан бастау алмақ, кейін ол елдің мәдениетін, дәстүрін білгісі келмек, осылайша өзге тілде ойлау басталмақ, ақырында өз тілін, дінін ұмытуға дейін бармақ. Қаншама жыл бойы халық үшін күйінген, ел болуды аңсаған, мәдениетімізді, дәстүрімізді барынша сақтауға тырысқан біздің баға жетпес дарындарымыз, ақындарымыз, батырларымыздың аңсағанын жалғастыру, ұлтымызды сақтау – біздің міндетіміз. Үш бәйтерегіміз бен бес арысымыздың ұлт жолында құрбан болуының себебі де осы. Сол замандағы көздерін қараңғылық шалған қазақ халқын ояту үшін әдебиетімізді жазды, тілімізді насихаттады. Аңғал қазақ тіл білмеуінен, өз ақындарынан, батырларынан, тұнып тұрған ауыз әдебиетінен айырылды. Сондай бір қиын-қыстау кездерде де, әдебиетшілеріміз мол мұра, өшпес қазына қалдырды. Әттең, сол азғантай әдебиетімізді бүгінгінің жас буындары қарап та қоймайды, қызықпайды. Оның бәрі батыс ағымында тәрбиленіп келе жатқандықтан.
"Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеп, қанатын кең жаюы тиіс. Оған қазақ халқының ұрпағы ғана емес, Қазақстанды мекендеп келе жатқан барлық халық үлес қосуы керек. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз керек, дәріптеуіміз, насихаттауымыз керек" деп тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді. Ол үшін қазақ тіліне билік басындағылар көңіл бөле қараса деймін. Қазақ өз тіліне шорқақ келгенде, әлемдегі қиын тілдердің бірі қытай тілін қалай меңгермек? Қазақ тілі – әлемдегі ең бай, ең таза көркем тіл. "Әлем тілдерінің ішінен тек үш тілдің ұлылығын мойындадым. Ол – орыс, француз және қазақ тілі" деп төрткүл дүние төрі мойындаған шығыстанушы В.Радлов жазған екен. Ғалымның бұл пікірі көп нәрсені айқындайды. Осыдан кейін, қытай тілінің не керегі, не кәдесі болады?
Ел болып, жұмылған жұдырықтай тілімізді дәріптесек, тарихымызды, дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтап қала алатынымыз сөзсіз.Тіл мәртебесі қашан да ел мәртебесі болмақ. Бауыржан атамыз бір сөзінде: "Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған" деген еді. Олай болса, сол биіктікті одан да биік асқақтатып, мәртебемізді көтерелік. Қазақ тілінің мәртебесін күллі жер шахарына танытпайынша, бұл міндетті арқаға түскен ауыр жүк ретінде қабылдауымыз керек. Сонда ғана асылы елдің ашылмақ!