Саясат
Навальныйдың «Путин сарайы» фильмінде этникалық қазақ та бар
Петропавл қаласының экс-әкімі Төлеген Закарьяновтың бауыры Болат Закарьянов Навальныйдың “Путин сарайы” тергеу фильмінде “басты кейіпкерлердің” бірі болды деп жазады Bugin.kz платформасы.
Фильмде көрсетілгендей, Болат Закарьянов бір кездері сарайды басқарған компанияның директоры болған.
Капитал ақпарат орталығының дерегінше, қазіргі уақытта Закарьянов Ресей президенті әкімшілігінің қоғамдық тамақтандыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Сонымен қатар жуырда ғана Закарьянов мырза Краснодар өлкесі Геленджик курорттық қаласындағы Заң шығарушы жиналысы Думасының төрағасы болды. Және Ресей президенті әкімшілігіне қарасты «Рублево-Успенский демалыс кешені» федералдық мекемесінің бас директоры екені хабарланды.
Департаменттің ресми сайтында бұл кешенге 70 жылдан астам тарихы бар ең жақсы пансионаттар мен саяжайлар кіреді делінген.
Президенттің жемқорлығы жайлы фильмді оппозиционер Алексей Навальный түсірген болатын. Навальный Путинді мемлекеттік қаржыны жымқырды, мемлекеттік билікті баюға ғана қолданды деп айыптады. Әрі президент әлемдегі "ең қымбат сарайды" тұрғызып жатыр деп дерек келтірді.
Алайда Дмитрий Песковтың айтуынша, фильмде баяндалған оқиғалардың барлығы өтірік.
"Фильмді әлі көрген жоқпын. Шындап келгенде, бұл – өтірік", - деп жауап берді Песков тілшілердің Путинге салынып жатқан сарай туралы сауалына.
"Дворец для Путина. История самой большой взятки" фильмі оппозионердің YouTube-арнасында жарияланды. Қазірдің өзінде 15 млн-ға жуық көрілім мен 460 мың комментарий жинады.