Bugin
«Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік" деп Н.Ә.Назарбаев айтқандай, үлкенді сыйлап, ардақты қарияларымызды құрметтеу – біздің ең басты парызымыз
«Кәрінің бары – игі» деп келген дана халқымыздың қазіргі ұрпағы аталмыш мақалдың мәнін түсінбей, игіліктен өздері бас тартып, ақырында бармақтарын тістеп қалып жатқан жайы бар. Ұлттық болмысымызға жат қылық – ата-ананы қарттар үйіне тапсыру. Алайда, қазыналы қарттарымызға көңіл аударып, жан-жақты көмек қолын соза алатын жас да баршылық.
Адамның көңілінен нәзік ешнәрсе жоқ. Бір ауыз жылы сөз, жылы ілтипат қарт адамдарға қаншалықты шексіз қуаныш әкелететінін әркім түсіне бермейді. Алайда қарттар үйіндегі жанары жәутеңдеп, есік пен терезеге телміріп, балаларын күтіп отырған апаларымыз бен аталарымызды бұл бір күндік қуаныш жұбата ала ма? Қарттарға қарасаң бала-шағасы, немере-шөбересі бар. Бірақ жасы жеткен шағында өзінің ұрпағының қызығын көріп, қара шаңырағында емес, осы бір қараңғы мекемеде отыруға мәжбүр. Сол қариялардың тасбауыр тағдыр, безбүйрек бала кесірінен жаттың жанында, жылы қабақсыз, жақынның мейірімінсіз жатқаны өкінішті. Осындай қарияларды көргенде тоғыз ай құрсағында көтеріп, дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп асыраған анасы мен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ер жеткізген әкесін қарттар үйіне әкеліп тастауға не себеп болғанын түсіне алмадық.
Қазақтар – "Төріңнен қарт кетпесін" деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Сондықтан, ақсақалдарымыздың қадіріне жетіп, құрметтейік, бас иеиік, өмір бойы борыштар екенімізді ұмытпайық!...