Bugin
Кремль халық наразылығын басуға тырысуда
Ресей оппозиционері Алексей Навальный ұзақ жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Мұны Bloomberg басылымы Кремльдегі инсайдерлеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметіне қарағанда, Навальныйды екі қылмыстық іс бойынша бас бостандығынан айырмақ. Оның бірі – "Ив Роше" ісі, ол бойынша 3,5 жыл беруі мүмкін. Ал екіншіден, Навальныйға Жемқорлықпен күрес қоры арқылы қаржы жымқырды деп айып тағылып, тағы 10 жыл қосылып берілуі ықтимал. Соңғы іс 29 желтоқсан күні ашылған.
Bloomberg сөйлескен инсайдерлер Навальныйды батыс елдерінің тапсырмасын орындайтын агент деп санайды. Сондай-ақ, Кремль билігі халықтың наразылыққа шығып, Беларусьтегідей жаппай көтеріліп кетуінен қорқатынын айтқан.
"Ресей билігі көтеріліске шыққан халықты тез арада ниетінен не бағытынан жаңылыстырып, ыдыратып жіберуді қалайды", - деп жазады Bloomberg.
Айта кеткен жөн, Алексей Навальный 2020 жылы тамызда уланып, Германияға емделуге аттанған еді. Төрт айдай неміс елінде емделіп, 18 қаңтар күні Ресейге оралған. Алайда ресей билігі оны елге кіргізбей әуежайдан ұстап әкетті. Қазір Химки қаласының изоляторында жатыр. Оның тағдыры енді Кремль билігінің қолында.
Ал "Ив Роше" ісі 2012 жылы ашылған. Ресейдің Тергеу комитеті Алексей Навальный мен оның ағасы Олегті "Ив Роше Восток" компаниясына алаяқтық қызмет көрсетті деп айыптаған. Ағайынды Навальный аталмыш компаниядан ақылы қызмет алып, оның бағасын қымбат қылып көрсетті деген айып тақты. Және 55 млн рубль көлемінде өтемақы төлеуге шешім шығарды.
Алайда аталмыш компанияның иесі Бруно Лепр арызын қайтып алып, Навальныйға кінә тақпайтынын, ақысы кетпегенін мәлімдеген. Кейін Навальныйдың өзі Адам құқығы жөніндегі еуропалық сотқа шағымданып, аталмыш қылмыстық істі толық жоққа шығарды.