Bugin

Түркия Шыңжаңнан қашқан ұйғырларды Қытайға қайтармақ

Түркияда 50 мыңға жуық ұйғыр тұрады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркия Қытайдың Covid-ке қарсы вакцинасына қол жеткізу үшін Шыңжаңнан қашқан мұсылмандарды еліне қайтаруға келісіп отыр ма? Business Insider басылымы Түркияның өз ішінде үкіметке осындай айып тағылып жатқанын жазады. Бұл жайлы Азаттық Радиоасы хабарлайды. 

Ердоған үкіметіне мұндай айып тағуға былтырғы желтоқсандағы екі оқиға себеп болған. Анкара Қытайдың Sinovac компаниясынан коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаға тапсырыс берді. Ал Қытай 27 желтоқсанда қылмыс жасады деп айыпталғандарды экстрадициялау туралы 2017 жылғы келісімді ратификациялағанын хабарлады. Ол бойынша Анкара Қытай құқық қорғау органдары қылмыс жасады айып таққан кез келген адамды Пекинге қайтаруы тиіс. Түркия бұл құжатты әлі бекіткен жоқ, бірақ кей ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ел парламенті 26 қаңтарда жұмысқа кіріскен соң оны қарауы мүмкін.

Түркия Sinovac вакцинасын салуды 11 желтоқсанда бастамақ болған. Алайда, жыл соңына дейін елге екпе жеткізілмеді. Президент Режеп Тайып Ердоған үкіметіне оппозициядағы саясаткерлер "вакцинаға қол жеткізгің келсе, экстрадициялау туралы келісімді ратификацияла" деп Пекин биліктегі "Әділет және даму (АКР) партиясына қысым жасап отыр деп дабыл қаққан.

"Соңғы бірнеше жылда мыңдаған ұйғыр Қытайдан мәдениеті мен тілі ұқсас Түркияға қашқан" деп жазады басылым. Оның дерегі бойынша, "Түркияда 50 мыңға жуық ұйғыр тұрады, бұл – ұйғырлардың әлемдегі ең ірі диаспорасы". "Әлемдік ұйғыр конгресінің" өкілі Дилшат Рашит AFP агенттігіне берген сұхбатында "Экстрадиция туралы бұл келісім Қытайдан қашып, әлі Түркия азаматтығын ала қоймаған ұйғырларды қобалжытып отыр" деген.

Келісімге қол қойылса, Түркия өз аумағында жүрген Қытай азаматтарын қорғай алмайды деп санайды автор.

Халықаралық басылымдар Шыңжаңдағы "қайта үйрену лагерлеріне" қамалған мұсылмандарды айтқанда ондағы саны көп ұлттың атауымен "ұйғырлар" деуді әдетке айналдырған. Олардың арасында қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман халықтары бар екені белгілі. Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтерген азаматтық белсенді, "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш былтыр күзде Қазақстан үкіметінен қуғын көргендіктен Түркияға кеткенін мәлімдеген.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қытайдың "мұсылман ұйғырларды қайтаруды сұрағанын, бірақ Түркияның бұл өтінішті орындамағанын" айтты. Анкарадағы ресми тұлғалардың сөзінше, Қытайдан вакцина сатып алу мен Шыңжаң мұсылмандарын қайтару талабы арасында ешқандай байланыс жоқ.

Түркия президентінің Шыңжаң мұсылмандарына қатысты "құбылмалы" саясаты да халықтың күдігін күшейтіп отыр. 2009-2015 жылдар аралығында Ердоған оларды "өз елінде құшақ жая қарсы алып" келген. Дегенмен 2019 жылы Анкара БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Шыңжаңдағы "сот шешімінсіз жаппай қамау және адам құқықтарын бұзу" фактілерін сынаған хатына қол қойған жоқ. Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, сол жылы Ердоған Қытай төрағасы Си Цзиньпинге Шыңжаңдағы ұйғырлардың "бақытты өмір сүріп жатыр" деген. Бірақ кейін Ердоған ақпарат құралдары сөзін дұрыс түсінбегенін айтып ақталды. Ал 2020 жыл ол оппозициялық партияның Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты парламенттік комиссия құру бастамасын орындатпай қойған.