Bugin

Шәй ішемін деп, абыройынан айырылған Саяжан

Біздің қоғам "жыныстық тәрбие" пәнін енгізуге дайын ба?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

“Атаң бетімнен шөлп етіп сүйді де, содан сенің әкең дүниеге келді”. Бұл сөйлем сізге таныс па? Қазақтың әжесі осылай бірауыз сөзбен-ақ қызының етегін қымтаған. Бұл – XXI ғасырдың басындағы тәрбиелеу үлгісі. Ал қазір ше?

Бүгінде БҰҰ халық саласындағы қоры қолдауымен Қазақстанда жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда әр алтыншы жас жігіт пен қыз мектеп жасында-ақ жыныстық қатынасқа түскен.

Айы “оңынан туған” шығар

Саяжан өзінің жүкті екенін білгенде тоғызыншы сынып оқушысы еді. Жақын араласып жүрген жігітімен көрші тұратындықтан бір-бірінің үйіне жиі келгіштеп жүретін. Бір күні 17 жастағы жігіт 15 жастағы Саяжанды үйіне “әпкелерімізбен шай ішеміз” деп шақырды. Алайда әпкелері шұғыл шаруалары шығып кетіп қалады.

“Жігітті жақсы таныдым, ұнаттым. Дәл сол кезде не істерімді білмей қалдым. Алайда қарсылық та танытпадым. Тек ырқына көндім. Бірнеше аптадан соң жүкті екенімді білдім”, - деп өткенін есіне түсірді Саяжан.

Кәмелет жасқа толмағандықтан түсік жасатуға тек ата-анасының рұқсаты керек. Сондықтан Саяжан құрбыларының кеңесімен түсік тастауға көмектесетін дәрі қабылдаған. Мақсатына жетті де. Ал жігіт Саяжанның жүкті екенін естіген соң басқа қалаға көшіп кеткен. Жаупкершілікті мойнына алған жоқ. Саяжан ата-анасының ашуынан, туыстарының сөзінен қорыққандықтан істі ың-шыңсыз бітіруге тырысты. Бұл жағдайды мектеп те, ата-ана да білген жоқ.

Сорлап қалған тағдыр

Ақмарал о дүниелік болғалы қашан. Бірақ сорлап қалған тағдырын ауылдастары әлі күнге дейін сөз етеді. Оқушы кезінде аяғы ауыр болып, мектептен қуылды. Сыныптастарына күлкі болды, ауылдастары күнде табалады. 9 ай бойы ішін тартып байлап жүрді. Апасының қолында тұратын. Босанған соң ішкілікке салынды. Себебі қорлықты көтере алмады. Қоғам Ақмаралды қабылдаған жоқ. Ал Ақмарал тек тұншыға берді. Ақыр соңы ішімдіктің кесірінен бауыры зақымданып, азаппен қайтыс болды. Баласы жетім қалды, баланың әкесі сол күйі табылған жоқ. Бір тағдыр сорлап қалды.

Бұл бізге белгілісі. Ал  біз естімегені қаншама...

ЮНФПА зерттеуі бойынша, БҰҰ халық саласындағы қоры қолдауымен Қазақстанда жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 2010-2011 жылдары бала босану коэффиценті әр 1000 бойжеткенге шаққанда 30 баладан келсе, 2015-2016 жылдары бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Бұған қоса, жүкті болып қалған қыздардың 62 пайызы түсік жасатқан. 2016 жылы ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1400 түсік тіркеген. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,3 есе көбейген.

Проблеманың түп-тамырын қалай шешеміз, шеше аламыз ба?

Статистикаға көз жүгірткен ЮНФПА жоғарғы оқу орындары мен мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие курсын немесе пәнін енгізуді ұсынған. Алайда біздің қоғам мұндай өзгеріске дайын ба? Ең алдымен психолог маманмен тілдесіп көрдік.

Атыраулық психолог-маман Венера Қайыржанова жас та болса талай тағдырдың шешімін тауып жүр. Бұл мәселеде де үнсіз қалмады. Айтуынша, ондай пән сөзсіз керек.

“Тыйым салынған жеміс қашан да тәттірек” дейді ғой. Болмайды деген дүниеге адам құлшынып, қызығып қарап тұрады. Ал ата-ана “болмайды” деген сөзді айтуға құмар. Сол себепті бұл мәселеде жауапкершілікті мектепке жүктеу керек. Мәселен, егер бала жыныстық қатынас туралы анасымен немесе туысқанымен ақылдасқысы келуі мүмкін. Оған сырласы түсіністікпен қарап, бар білгенін айтады. Алайда тек өз тәжірибесіне сүйеніп айтады. Әр адамның қалауы, ағзасы әртүрлі. Сондықтан мұнда ғылыми білімнің қажеттілігі зор.

Алайда ескеретін критерийлер де жоқ емес.

Егер мемлекет сондай қадамға барса, міндетті түрде білікті маманға жүгіну керек. Олар бірнеше жыл тәжірибеден өтуі тиіс. Әр жастағы баламен қалай сөйлесу керек, не айту керек, нені айтпау керек, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін мәселе. Бірнеше жыл керек әлі”, - деп жауап берді Венера Қайыржанова.

Ал ата-ана қарсы. Неге?

Бақилық болған Ақмаралдың туыс әпкесі, алматылық тұрғын Айнұр Сүлейменова бүгінде 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ана. Оның ойынша, қазақтың көкейінен “ұят” деген түсінік ешқашан кетпейді.

“Меніңше, мұндай тақырыптарды мектепте дұрыс түсіндірмейді. Бойжеткен қыз анасынан ұялады, әкесінен қорқады. Сырласатын құрбысының жыныстық сауаттылық деңгейі өзімен қатар. Ол не біледі? Ал мектепте мұндай дүниені қыз баладан барынша алшақ ұстауға тырысады. Дұрыс еместігін, тән еместігін құлағына сіңіреді. Тіпті мектеп психологтары жыныстық қатынас туралы тақырыптарды сенімді жүргізе алмайды. Бүгінгі түсінік мынандай: жүкті қыз мектептің беделін түсіреді, жаман атақ әкеледі, қыздың абыройын төгеді. Яғни оқушыға жеке тұлға ретінде қарамайды. Баланы емес, бірінші орынға өздерін қояды”, - деп жауап берді Айнұр ханым “Жыныстық сауаттылық” пәні керек пе?” деген сауалымызға.

“Жыныстық сауаттылық” пәні оқытылатын 5 ел

-Германияда бұл мектеп бағдарламасындағы міндетті пәндердің бірі саналады. Әрі оқушылардың жасына қарай әртүрлі оқытылады. Мәселен, екінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі оқушыларға қыз бен ұлдың анотомиялық айырмашылықтары түсіндіріледі. Неміс балалар жыныстық қатынас жайлы әңгімеден қашпайды, ұялмайды. Соңғы онжылдықта Германияда ерте жүктілік саны әжептеуір азайған екен.

-Нидерланды да “жыныстық сауаттылық” пәнін мектеп бастауыш сыныптан оқытады. Еуропадағы ерте жүктілік жөнінен ең соңғы орындағы мемлекет. СПИД жұқтыру көрсеткіші де өте төмен.

Мүшеқап бағалары қолжетімді.

-Ұлыбритания Білім министрлігі де осы пәнді енгізген. Үш кезеңге бөліп оқытылады: кіші сыныптар үшін, орта сыныпқа және кез келген жасқа арналған оқыту жүйесі.

Бастауыш сыныпта бөтен адамға еріп кетпеу, желі арқылы таныспау сынды тақырыптар жіті түсіндіріледі.

-Швецияда аталмыш пән 1930 жылдан бастап енгізілген. Қазір жасы кіші балалардың “жақындасу” туралы әңгімелері, пікірлері қалыпты жағдай. Тіпті 3 жастағы бала ата-анасы осы тақырып төңірегінде еркін тілдесе алады.

Кіші сынып оқушылары үшін – жыныстық жетілу, маструбация, орта сыныптағылар үшін – жыныстық жолмен берілетін аурулар, ересектер үшін нақты қарым-қатынас турасында білім беріледі.

-АҚШ-та “жыныстық тәрбие” пәні ертеден оқытылады. Алайда пәннің тиімсіз екені қоса айтылады. Себебі елде ерте жүктілік саны көп.

Ал кейбір штаттарда жыныстық сауаттылықты үйрету былай тұрсын, сақтанудың жолдары туралы әңгіме мүлде қозғалмайды. Бұл мәселелермен мемлекет әлі де күресіп келеді.

Қазақстанға да келеді

Жоғарыдағы пікірлерге көз жүгіртсек, мұндай пәннің енгізуіле қазақ қоғамының дайын емес екенін ағаруға болады. Алайда қазақстандық блогер Айна Досмахамбетқызы алғашқы қадамды жасап көрмек. Жуырда блогер балаларға жыныстық тәрбиені үйрететін мобильді қосымшаны іске қоспақ. Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында хабарлаған еді.

Minus18 қосымшасында не болады?

-Жыныстық тәрбиеге, өтпелі кезеңге, қарым-қатынасқа, өз денеңді тануға арналған қызықты квиздер;

-Жыныстық тәрбие тақырыбындағы подкаст;

-Жасөспірімдерге анонимдік сұрақтар қою мүмкіндігі;

-Жасөспірімдерге көмек көрсететін орталықтардың тізімі (ҚР бойынша).

Аталмыш қосымшамен алдағы уақытта түбегейлі танысамыз.