Bugin

Навальный әсері: Қазақстан билігі адам құқығы жөніндегі ұйымды жауып тастады

Салық органдары қысым көрсетуде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро жұмысы тоқтатылды. Бұған себеп – салық органдарының айыппұл салуы. Мұны үкіметтік емес ұйымның директоры Евгений Жовтис хабарлады.

"Бізбен бірге Амангелді мен Айна Шормановтың "Халықаралық құқықтық бастамалар", Павел Лобачевтің "Эха" ұйымының жұмысы тоқтатылды. Бұл – биліктің адам құқығы жөніндегі ұйымдарды жаппай тоқтатуға көшкенін білдіреді. Бізге салық органдары арқылы қысым жасауда. Ал түптеп келгенде, бұл – саяси құйтырқылық", - деп мәлімдеді Жовтис.

Оның ойынша, биліктің адам құқығы жөніндегі ұйымдарға килігуіне Белоруссия мен Ресейде болып жатқан жайттар себеп.

"Бізге енді тиісе бастауының себебі мынада. Белоруссияда президенттік сайлауға, Ресейде Навальныйды қолдауға байланысты протестік көңіл-күй басым. Қазақстан билігі бізді бұған дейін жауып тастауға бекіген. Алайда парламенттік сайлауға байланысты тиісе алмады. Батыс елдері алдында "бізде адам құқығы жөніндегі ұйымдар бар, олар сайлауға атсалысты" деген желеу керек болды. Енді сайлау бітті, ал көрші елде наразылық күшейді", - деп түсіндірді Жовтис.

Құқық қорғаушының айтуынша, мұндай қысым 1993 жылдан бері бірінші боп тұр.

"Салық органдарының қысымын бұлай қатты болады деп басында ойламаған едім. 1993 жылдан бері мұндай қысымды бірінші рет көріп отырмыз", - дейді ол.

Навальный ісі: Ресейде мұндай ауқымды митинг бірінші рет боп тұр