Bugin
Менің әкем – тумысынан дара жан. Әл-Фараби бабамыз айтқан тәрбиенің бар саласын бір бойына жиған тұлға. «Ана – сая болар бағың, әке – асқар тауың» дейді қазақта. Біздің де ардақ тұтар асқар тауымыз, әкеміз – Жоламан Асанжанұлы Айғараев
Біздің отбасында бәрінен биік – тәрбие. Әкеміз әрқашан ала жіпті аттамауды, адамгершілікті таптамауды құлағымызға құйып отырады. Кездескен үлкен ер адам не әйел адам болсын, алдын кесіп өтпеуді жиі еске салады.
Әкеммен бірге серуендеп жүрген кезім болатын. Кенет алдымызда үлкен шыны бөтелкесінің сынығы жатты. Мен айналып өтіп келе жатып, тоқтап қалдым. Артыма бұрыла қарасам, әкем сынған шыны бөлшегін жиып, алысырақ орналасқан қоқысқа тастап жатыр екен. Мен жанына барып: «Түүүй, папа, айналып өте салмайсыз ба?!» дедім. Әкем маған қарап тұрып: «Балам, бұл шыны біздің аяғымызды кеспесе де, басқа жанның тәнін жаралауы мүмкін ғой. Біз оны көрдік, ал түнде оны байқамай, басып кеткен жан қандай күйде болады, ойлашы», – деді.
Мен де сәл тоқтап, ойға салсам, астарлы дүние жатыр екен. Бұл жалғыз мысал емес, әр жүрген жолында темір-терсек болсын, аяққа оратылып, жүруге кедергі жасайтын барлық затты тазартып, келесі бір адамның таза жолмен жүруіне өз үлесін қосады.
Қазақта: «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» деген қанатты сөз бар екен. Менің қанатымның қайырылмай, биікке ұшуым бәрі – осы ата-анамның арқасы. Әке балаға сыншы демекші, мен одан үйренбесем, еш жалықпадым. Соның арқасында қазіргі таңда қасиетті Қорқыт бабамыздың атындағы университетте әкем берген грантпен оқып жатырмын. Мен бақыттымын. Білесіздер ме, неге?! Себебі, студенттер университетке түсу үшін грант ұтатын болса, мен өмірдің грантын ұттым…
Әке – асқар тау, ана – аққан бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Менің анам әр уақытта «Әкелеріңді сыйлаңдар, қарсы сөйлемеңдер, құрметпен қарап, үлгі алыңдар. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Бір жерге шығуға ең әуелі әкелеріңнен сұраныңдар, егер жіберсе барыңдар, жібермесе кіжірленіп ренжімей, үйде отырыңдар» дейтін.
Дастарқан басында әкемізден бұрын тамақ алмаймыз. Әулеттің үлкені келгенде ғана тамақтанып, бәріміз бірге арқа-жарқа боп ауқаттанамыз. Бұл – тәрбиенің талғамы.
Жан-Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен нақыл сөзінде. Әкемнің ұстаздық етіп келе жатқанына биыл 37 жыл. Осы жыл аралығында талай шәкіртті ыстық ұясынан ұшырып, сана биігінде қалықтатты. Шәкірттерінің көңіліне – нұр, өміріне шуақ шашты. Әрқашан алдыңғы орынға білімді емес, тәрбиені қойды. Қазір өздеріңіз білетіндей, «онлайн оқу» жүйесінде оқып жүрміз. Студенттер де, оқушылар да. Менің таңғалатыным – әкемнің сабаққа оқушыдан бетер тыңғылықты дайындалатыны. Сабақты өзінше оқып, ой қорытындылап, сұрақтар дайындап, пікірталас ұйымдастырады. Тағы да мен: «Папа-ау, бір тасырмаңызды жүктеп қоя салмайсыз ба?» десем, «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз», «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп Момышұлы мен Толстойдың қанатты сөзімен қайырып, қанағаттанғанымды көріп, мәз болады.
Мен бұл қасиетінен де үлгі аламын. Әр іске немқұрайды қарамай, шабыттана, қай іс болмасын, жалқаулық танытпауды әдетке айналдырамын. Маған әкелік және өмірлік ұстаз болғанына қуанамын, мақтанамын!
Үлгі бізге айтылған сөзің дара,
Тапқан екен сені де төзімді ана.
Бізді жұрттар мақтаса, мақтай берсін,
Мақтау сөзге лайық жан өзің ғана!
Ардақты әкешім, асқар тауым! Біздің биік шыңымыз болып тұғырыңыздан таймай, адамдығыңыздан айнымай, отбасының арқасүйері болып жүре беріңіз.
Менің әкем – орны төрде, ел сыйлаған ел ағасы!