Экономика
Пайда табатын - билік пен құрылыс компаниялары ғана, ал азамат шығынға батады
Қазақстанда өткен аптадан бастап зейнетақы жинағын шешіп алуға өтініш қабылдау басталған еді. Алайда сарапшылардың бір бөлігі үкіметтің мұндай бастамасы елдің әл-ауқатын көтеруге түк пайдасы тимейтінін, керісінше, тұрғын үй бағасы көтеріп, кредиттік секторды тығырыққа тіреп, ел экономикасына зиян әкелетінін айтуда.
Ендеше сол сарапшылардың пікіріне сөз жүгіртейік.
Wall Street Invest Partners сарапшысы Данияр Жүмекеновтің айтуынша, азаматтарға зейнетақы жинағын шешуге рұқсат беру қазақстан үкіметінің "таза популисттік идеясы".
"Яғни, үкіметтіңк қиналып жүрген жұртқа жеңілдік береміз деген желеумен халық алдында абырой жинау әрекеті ғана. Ал шындап келгенде, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге түк пайдасы жоқ. Ең қатерлісі сол – шенеуніктер зейнетақы қорындағы қаржыға емін-еркін ауыз сала алады. Ал БЖЗҚ зейнетақысын шешіп алуға келген азаматтардың барлығына қаржы бере ала ма? Бұл да мәселе. Өйткені қазіргі болжам бойынша 721 мың азаматтың зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп ала алатындай жағдайда. Былайша айтқанда, зейнетақы қоры 1,4 трлн теңгені азаматтарға қайтарып беруі керек. Ал БЖЗҚ-ның қолында мұндай ақша тұрған жоқ. Қорда жатқан сома экономиканы инвестициялауға кетті. Онсыз да ел бюджетіне масыл болып отырған қор тағы да қазынадан қаржы ала ма?", - дейді сарапшы.
Ал "Тикмилл" халықаралық броккер тобының сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, шын мәнінде мемлекет халықтың қаржылық мұқтаждығын шешуді ойлап отырған жоқ.
"Мұның мақсаты біреу-ақ: ол – экономикаға ақша құю мен құрылыс секторын қолдау. Бұдан тек банктер мен құрылыс компаниялары ғана пайда көреді. Ал қарапайым халық делдалдардан ұтылып, қаржысын жоғалтады. Зейнетақы қорынан шешіп алған қаржының 10-20%-ы қымбатшылықтың кесірінен айдалаға кетеді", - деп түсіндіреді ол.
Халықаралық EXANTE инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, зейнетақы қорындағы қаншама миллион экономикалық нарыққа шығарылса, онда тұрғын үй бағасы шарықтары сөзсіз.
"Былтыр тұрғын үй бағасы 14%-ға дейін қымбаттаған. Биыл да тұрғын үй бағасы қазірден қымбаттай бастады. Яғни, зейнетақы қорынан шешілген қаржы жай ғана инфляцияның кесірінен күйіп кетеді. Зейнетақысын шешіп үй алғысы келгендер керісінше, шығынға ұшырайды. Егер бір үйді сатып алатындай зейнетақы қорынан ақша шеше алатын болса, онда басқа "әңгіме". Бірақ ондай бірде-бір салымшы жоқ. Орта есеппен әрбір салымшы 1,6 млн теңгедей қаржы шеше алады", - деп түсіндіреді Чеботарев.
Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтің айтуынша, бөлінген ақшаның көп бөлігі бәрібір билікке "таныс" құрылыс компанияларының қалтасында кетеді.
"Неге зейнетақы қорынан шешіп алынған қаржыны үй сатып алу мен емдеуге ғана берілуге рұқсат етілген. Мұның артында лоббизм тұрғаны анық", - дейді ол.
Ал Банка ЦентрКредит басқару төрағасы Галим Хусаиновтың айтуынша, зейнетақы қорындағы қаржы шешудің ең алдымен азаматтың өзі зардап шегеді.
"Зейнетақы қорына қаржы жинау бізге не үшін керек? Тезірек зейнетқе шығу үшін қажет. Ал оған жинап жүрген қаржыны шешіп алу арқылы азамат ең алдымен өзіне зиян шектіреді. Мәселен, азамат 5 560 000 теңгені жинаса, автоматты түрде зейнетке шығады. Зейнетақыны шешіп алуға қарағанда оны жинаған тиімдірек", - дейді экономист.