Bugin

Қазақстаннан "Навальный" шығуы мүмкін бе - сарапшылар не дейді?

Навальный - жарқын тұлға

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей оппозиционері Алексей Навальный өткен және осы аптаның негізгі ньюс-мейкеріне айналды. Бүкіл ТМД бұқаралық ақпарат құралдары мен халықаралық басылымдар, адам құқығы жөніндегі ұйымдардың талқылаған мәселесі де осы болды.

Алайда бүкіл ел Навальныйды талқылап жатқанда, Ресейдің БАҚ-тары орыс оппозиционерінің елге оралғанын барынша елемеуге тырысты. Демалыс күні 100-ден аса қалада жаппай наразылық шаралары өткенін де білдірмеуге тырысты.

Ал Қазақстандық БАҚ көрші елдегі жағдайды бақылауда, Навальный тақырыбын назарда ұстап отырды. Навальныйдың елге оралғанын да қазақ БАҚ-тары жарыса жазды. Мұның себебі не?

Бір жағынан, бұл Қазақстандағы саяси тақырыптың тоқырап қалғанын, екінші жағынан қазақстан қоғамының да осындай бір саяси серкені аңсағанын білдірсе керек. Ендеше Қазақстаннан да "Навальный" шығуы мүмкін бе әлде жоқ па? Bugin.kz платформасының тілшісі бұл сауалдың жауабын қазақстандық сарапшылардан сұрап көрді.

Дос Көшім, саясаткер

Оппозиция құр сөзді қойып, іске көшуі керек

Қазақстан мен Ресейдің оппозициялық жүйесі екі түрлі. Екі елде де диктаторлық бар дегенімен, Ресейде шамалы әлсіз. Өйткені Еуропаға жақын әрі Ресейде әу баста диктаторлық болған емес. Соның арқасында Навальный өмірге келді.

Жалпы біздің оппозицияда жүргендер Навальный сынды сындарлы, жоспарлы түрде жұмыс істейтін тұлғаны аса ұната қоймайды. Көбі жалаң ұран мен жалаң жамандауға "жатып алған".

Біздің оппозициямыз 90-жылдардың деңгейінде қалып қойған. Бүкіл ашу-ызасы мен кегін президенттен алғысы келеді. Олар өздеріне сәл-пәл бөлек адам шықса, түтіп жейді. Бұған өткен жылдары болған президенттік сайлауда дәлел. Бәрі Әміржан Қосановқа қарсы шығып, түтіп жеп қоярдай болды.

Егер оппозиция өкілдері құр сөзді қойып, көзқарасы мен бағытын өзгертіп, бәсекелестік деңгейіне шықса, онда Навальный сынды тұлғаны қалыптастыруы мүмкін. Ол үшін ең алдымен, оппозиция өкілдері өзімен келіспейтін тарапты өзіне жау деп қабылдамауы керек. Егер қазіргі оппозициядан ештеңе шықпаса, онда жаңа буын оппозициясынан біреуі суырылып шығуы мүмкін. Бірақ әзірше, ондай адамды өзім көріп тұрғаным жоқ.

Егер Тоқаев саяси реформа жүргізу жайлы уәдесін орындаса, онда қоғамда қандай да бір қозғалыс басталып, саяси серкені қалыптастыруға деген алғышарт пайда болуы ықтимал. Сол кезде қазақтың "Навальныйы" шығуы мүмкін. Қазақтың "Навальныйының" бір ерекшелігі болуы шарт: ол – демократиямен қоса, ұлттық мәселені де алып жүруі керек. Егер екеуін алып жүре алмаса, Қазақстанда қандай "Навальный" шықсын-шықпасын, болашағы жоқ!

Ал финансқа келетін болсақ, оны жинау түк емес. Ол – өзімнің саяси өмірімнен көрген тәжірибем. Бірақ жұмыс нақты көрінуі тиіс. Адалдығың мен әділдігің, іскерлігің сезілген тұста, қаржылай көмек көрсетушілер өзі-ақ табылады.

Марат Шибутов, саясаттанушы

Қоғамның саяси санасы қалыптасу үстінде

Оппозиционер Алексей Навальный, расымен, қызығушылық тудырар қоғамдық қайраткер. Оны 2007 жылдан бері танимын. Саяси мансабын содан бері бақылап жүрмін. Түрлі қызметтерде болды, соның арқасында саяси мансабы мен саяси қыры да айтарлықтай өскені байқалады. Басында саяси бағдарламаны жүргізуден бастаған ол кейін адвокат, заңгер, пиар-менеджер, "Яблока" партиясының мүшелігінде болды. "Народ" қозғалысын бастады. Әриние, мұның бәрі саяси қайраткер ретінде қалыптасуына зор ықпал етті. 

Қазір СИЗО-ға түскен саяси серкесі үшін Ресейдің 112 қаласы аяғынан тік тұрды. Бұл тегін емес. Оның саяси қайраткерлігінің жарқын бейнеде екенін танытады.

Өкінішке қарай, мұндай тұлға Қазақстанда жоқ. Одан өкініштісі сол –  біздің қоғам мұндай тұлғаны қолдауға да, жақтауға да қауқарсыз. Өйткені қазақстандық қоғамның әлі азаматтық позициясы қалыптаспаған. Саяси саланың қарапайым түсініктерінен мақұрым. Ірі ағартушылық жұмыс жасау керек бұл үшін. Навальный да ресей қоғамын ояту үшін он жыл жұмыс істеді.

Қазақстанда "Навальныйлар" бар. Халық қолдамағаннан кейін көлеңкеде қап жатыр. Мәселен, 2009 жылы біз кедендік заңсыздықтар арқылы мемлекетке 300 млрд теңгені қайтардық. Ал мұны байқаған ел болды ма?

Қазақстанда "Навальный" сынды қайраткерді қолдау үшін қаржы табу керек. Оны ФБК қоры сияқты елден жинау бізде мүмкін емес. Сол арқылы билікке қарсы тұрар күшті қаржыландыру, оны демократияның бір қыры деп ұғу, саяси реформаларды жүзеге асыруға ұмтылу деген түсінік әлі қалыптаспаған.

Сондықтан әзірше Қазақстанда ондай тұлғаның шығуы екіталай.

Ал Ресейде, Белоруссия мен көрші Қырғызстанда болып жатқан саяси бас көтерулер бізге аса әсер ете қоймайды. Мұндай саяси наразылық көбінесе әлеуметтік-экономикалық арнаға бұрылып кетіп жатыр. Кейде конспирологиялық жағдайға ұласып кетеді. Бұған жақында Көкшетауда болған вакцинаға қарсы наразылық дәлел болады.

Андрей Чеботарёв

Билік бәрін тұншықтырып тастады

2019 жылы Қазақстан қоғамында саясилану үрдісі жүріп, билікке деген көзқарасын ашық айта бастады. Саяси партия рөлін алғысы келген бірнеше саяси топтар, қозғалыстар пайда болды.

Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясы", Тоғжан Қожағалиевтің "Халыққа адал қызмет" партиясы, Бэлла Орынбетова "Respublika" мен Димаш Әлжановтың "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы, "Көше партиясы", "Халық билігі", "El Tiregi", "Progress" сынды партия-қозғалыстар сол кезде пайда болды.

Алайда бұлардың арасында байланыс пен татулық жоқ. Билікке қарсы жұмылудың орнына бір-бірін сынап, сөзге кеп жатады. Саяси альянс құрып, біріксе, біраз дүние шығаруға болады. Мәселен, 10 қаңтар күні Алматыда Демократиялық партия мен "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы бірігіп наразылық шарасын өткізді.

Ал билік бұлардың арасына іріткі салып, бірін біріне айдап сап отыр. Менің ойымша, билік "Навальный" сынды тұлғаның шығар арналарының бәрін бітеп, тұншықтырып тастаған. Сондықтан жақын маңда қандай ұйым билікке төтеп беріп, қай қайраткердің айналасында халық топтасарын анық айту қиындау.

Оқи отырыңыз

Билікке Навальный келсе, Назарбаев Қытайдан бір-ақ шығады