Сұқбат
Аружан Макен (@arujan_maken) – инстаграмда 56 мың оқырманы бар блогер. «Blogger stars» журналының авторы. Әлеуметтік желіде танылып, жұлдыз болғандардың құпиясын айтып берді.
Бастапқыда «Журналдар оқылмайды» деген қарсы пікірдің астында қалдым. Алайда «Заманым түлкі болса, мен тазы болып шаламын» деп белді бекем будым. Жұрт телефонға телміре қойсын. Ендеше, журналдарымды осында әкелейін. Міне, осы ойлармен журналымыздың электронды нұсқасы да жарық көрді. Тақырыптарым трендпен үндесіп отырса, бәлкім, кәдуілгі басылып шығарылатын журналдарға да жазылушы қатары көбейер деген үміт те бар. Түркияда таңертең және кешкісін газет-журнал оқу үрдісі қалыптасқан. Біздің де осы деңгейге жетуімізге өз тарапымнан үлес қосуды қаладым. Қазір блогерлік өте актуалды. Әлеуметтік желі арқылы көпке танылғандарды да, тіпті кәсібін жүргізіп отырғандарды да байқап жүрсіздер. Осы саланы журналымның негізгі арқауы етіп алдым.
17 жасымнан бері ата-анамнан ақша сұрамаймын. Блогерлікке келмес бұрын түрлі жұмыс істедім. Даяшыдан бастап, сұлулық салонында мастер, сату менеджері, редакторлық сияқты қызметті атқардым. Қаражат жинап, журналды да өз табысыммен бастап отырмын. Айналамдағылардан қаржылық қолдау сұрамасам да, моралдық демеу күтетінімді жасырмаймын. Өкініштісі, керісінше, мені артқа тартатын пікірдің қатары көп болды. Реніш болғанымен, оның бәріне мойын бұрып жатуға уақытым тығыз еді. Алда орындалуы тиіс армандарым күтіп тұрды. Сондықтан сағым сына қойған жоқ. Осы кезеңдерден сабақ ала білдім. Өз басым өмірдегі қиындықтарымды жарияға жар салғанды, әсіресе әлеуметтік желіде бөліскенді құп көрмеймін. Инстаграмға бірі жұмыстан тыныққысы келгенде кіріп отыруы мүмкін. Ал менің ол адамның көңіл күйін құртуға құқым жоқ.
Блогерлерден гөрі кадрдың сыртында жүрген мамандар көбірек ақша табады. Олар: гив ұйымдастырушылары, копирайтер, видеомейкер т.т. Инстаграм қай уақытқа дейін актуалды болары белгісіз. Бірақ «Оның дәурені қашан бітеді?» деп қарап отырмауымыз керек. Беріліп тұрған мүмкіндікті пайдаланайық. Мұнда әнші, күйші болмасаң да танымал бола аласың. Қай жерде тұратының да маңызды емес.
Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ЖОО-ға «Философия және саясаттану» факультетіне грантқа түстім. Оқу үлгерімім мұнда да өте жақсы болды. Белсенді студент, топ басшысы болдым. Бірақ мамандық жан қалауым болмады. Оқуды тастауға шешім қабылдадым. 1 ай декан үгіттеп, қалдыруға тырысты. Дегенмен ойымды өзгертпедім. Диплом үшін уақыт жоғалтқым келмеді.
Рас, қолды бір сілтей салғаным жоқ. Сараладым. «Гранттан бас тартқаныма ертең өкінбеймін бе?» деген сұрақ алаңдатты. Ой үстінде жүргенімді әкем сезіп, «Қызым сені не мазалап жүр?» деп сұрақ қойды. Ашық әңгімелестік. «Қай жерде оқығың келсе, сонда бар» деді. Мені түсінді және қолдады. Анам аздап қарсылығын білдірді. «4 жыл оқи сал. Кейінгісін көре жатарсың. Есесіне қолыңда бір дипломың болар еді» деді. Қысқасы, қазір Ресейдің қашықтан оқытуға мүмкіндік беретін университетінде білім алып жатырмын. 3-курс оқимын. HR маманы болып шығамын.
Осы оқиғаны айтып бергеннен кейін ол да оқуын тастады. Оған да ЖОО-дағы оқу процесі ұнамай жүрген екен. Әрі блогерлікке бөле алатын уақытының болғанын қалаған. Бизнес бастағым келеді деген ойлары бар екен. Мұның бәрі «уақыт бағалы» екенін саналы түрде ұғынғандықтан. Шетелдіктерге еліктеуден туды деу – қате пікір. Ішкі әлеміміздің қалауы.
Блогта өзіңді табу қиын. Расымен де, өзіндік "Мен" қалыптасқан дұрыс. Алайда оңай жолды таңдап, хайппен көтерілетін адам көп. Парақшамда өзімнің бизнес жобаларым жайлы көбірек айтсам деймін.
Еңлік Әбдіқадырдан алған тәжірбием мол. Мен де аянбай еңбегімді сіңірдім деп ойлаймын. Карантин біраз қиындықтар тудырды. Айлықсыз жүрген уақыттарымыз болды. Сонымен, «біршама уақыт тәжірбие алдым. Енді жеке қадам басатын уақыт жеткен шығар» деген ой келді.
Сторизді әр 30 минут сайын салу керек. Сторизді аз салсаң, назарға ілікпейсің. Дегенмен санды ойлап, сапаны шетке ысыруға болмайды. Бұрын пост салу маңызды болса қазір сториз зор мәнге ие. Постты аптасына 2-3 рет жазсақ та жеткілікті. Блогер көп. Бәсеке де басым. Сондықтан еңбектен қашпауымыз керек!