Қарағанды
Көздің жауын алатын қызғалдақ дейтін гүлдің Қазақ жерінде 35 түрі кездеседі екен. Ал оның 12-сі Қазақстаннан басқа жерде жоқ. Сондай сирек түрлерінің бірі – Шренк қызғалдағы. Неге дәл осы түріне тоқталып отырмын?! Өйткені біздің Жезқазғанның эмблемасындағы негізгі элементтердің бірі осы қызғалдақ. Тағы сұрақ: неге? Себебі Шренк қызғалдағы тек мыс, жез, алтын, қола сияқты бағалы металдар шоғырланған топырақта өседі деген ғалымдардың тұжырымы бар
Қазақстан – қызғалдақтың Отаны!
Солай дейміз. Дәлел қандай? Қызғалдақты ең алғаш Еуропаға апарған – Осман түріктері. Кіші Азияға ауғанға дейін бұл жұрт Сырдария мен Ташкен арасын жайлап оғыз деген атпен танылып еді. Жаугер, өршіл бір жұрт еді. Алайда ХІ ғасырда Ұлы Даланың теріскейінен қыпшақтар бері жылжып, оғыздар Иран, қазіргі Түркияға шегініп кетуге мәжбүр болады. Атамекенін тастап бара жатқанда туған топырақтың тәбәрігі ретінде осы қызғалдақты ала кетті дейді.
Былай ғой: оғыздар мұсылмандыққа берік жұрт еді. Сол оғыздың, қазіргі түріктің тілінде қызғалдақ – Лале деп аталады. Дыбысталуы – Алла дегенге қатты ұқсайды. Айтылуы ғана емес, жазылуы да келіңкірейді. Осман империясына, Еуропаның шығысына жауқазынның қайдан тап болғанын түсіндік. Ал Голландияға қызғалдақ қайдан келген? "Аңыз бойынша австриялық елші Константинопольде көздің жауын алған осы қызғалдақтың бірнеше пиязшығын ешкімге көрсетпей, дорбасына салып алады. 1560 жылы елші Венаға сол гүлдің бірнеше пиязшығын ала келіп, ботаник досы Клузиусқа сыйға береді. Араға біршама уақыт салып, Клузиус қызғалдақ пиязшығын Голландияның оңтүстігінде орналасқан қалаға әкелген. Аңызға сенсек, «қызғалдақтар еліне» алғашқы қызғалдақ осылайша жеткізілген екен... " дейді белгілі журналист Нұрбек Бекбау.
Дәлел - осы!