Қоғам

Қазақтың кешегісін бүгінімен байланыстырған феминист қыз

Баян Сұлу мен Қыз Жібек ХХI ғасырда туған болса, қандай болар еді? Олардың бүгінгі күнгі бейнесін елестетіп көрдіңіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жанар Ерланқызы – қазақилық пен заманауилықты байланыстыра алған суретші, иллюстратор. Алматы облысы, Есік қаласының тумасы. Желіде @suretwi деген атпен танымал.  

ОлТ.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Колледжді де, университетті де, магистратураны да сол оқу орнында тәмәмдады. Айтуынша сурет салу өнері әкесінен дарыған.

Шабытымды ашқан Швеция

ЖОО-да оқып жүргенімде киіз үй, жайлау, тауды салу зеріктіретін іс болды. Бірде күйеуім іс-сапармен Швецияға ұшып кетті. Артынан мен де бардым. Біз онда 1 жылдай уақыт тұрдық. Швецияда болғанымда менің ішімде шығармашылық өзгеріс, өзгеше толғаныс, еліме деген сүйіспеншілік сезімі оянды.

Бұрынғы мен бүгінім

Ол елдің халқы өз ертегілерін, тарихын жатқа біледі. Қайда барсаң да, кімнен болса да ежелгі мифтары жайлы біле аласың. Бірақ олардың аңыздарды ұсыну жолы бөлек. Тұрғындар оны заманауи үлгіде беруге тырысады. Сол кезде маған бір «неге қазақтың бұрынғысын бүгінімен байланыстырып көрмеске?» деген ой келді. Бәрі осыдан бастау алды.

Қабілет пе, қанға біткен бе?

Шығармашыл адамдарды түсіну мүмкін емес. Кейде тапсырыс түссе де, сурет салғым келмей қалатын кездер болады. Уақыт жағынан келетін болсақ, бір туындыны салып бітіруге кейде бір күн, кейде бір апта уақыт кетеді. Есімде бір туындыны күн демей, түн демей салған кезім болған. Соған қарағанда бойымдағы қабілет қанға біткен сияқты.

Қыздар да «батыр» болуға лайықты

Мен – феминиспін. Әйел мен ердің әрқашан тең дәрежеде тұрғанын қалаймын. Біздің санамызға «батыр» деген ұғымды тек ер адаммен байланыстырып сіңірген. Осы себептен әйелдер қауымы шетте қалып жатады. Мысалы менен бәрі «Не үшін тек қана қыздар?», «Ер адамдар бейнесі неге жоқ?» деп сұрайды. Бірақ мендік миссия – әйелдер бейнесін өзге тұрғыдан жаңғырту. Оларға да «батыр» шенін беру. Шынымды айтсам, менің өнерге деген құлшынысымды көбіне қыздар қауымы оятады.  Себебі әйел – жарқын болашаққа жетелеуші, шабыт сыйлаушы жан.

Қиялымдағы өмірді шынайымен жиі шатастырамын

Менің ойымша, әрбір шығармашыл адамның шынайыдан бөлек қиялындағы әлемі болады. Күнделікті тұрмыстағы тірліктен шаршап кеткенде сол әлемге кіріп кетемін. Кейде шынайы өмірмен шатастырып аламын. Мен үшін шығармашылықпен айналысу – жанымның рахаты. Әрдайым өз салама жұмыс ретінде емес, жұмысыма демалыс ретінде қараймын. Қиялымдағы образдарды шын өмірде кигім келеді. Ол киімдер өндірісте болса, сәнге айналып кетер ма еді? Өз басым осы заманға сай қазақ қызын солай елестетемін.

Бәрін бірге жасаймыз

Мен жар таңдағанда қателеспедім. Мұны нақты айта аламын. Біз үйде бәрін бірге істейміз. Ыдысты кезекпен жуамыз. Одан бөлек тамақты да, үйді де кезекпен жинаймыз. Тіпті менің тапсырысым көп болып жатқанда, күйеуім бәрін жалғыз жасай береді. Себебі әйел үшін, оның ішінде тұрмыстағы шығармашыл ана үшін, күйеуінің қолдауы – басты нәрсе.

Сұхбаттасқан: Ақбота Нысанбаева