Сараптама

Ата-аналардың кемшіліктері

Кез келген, тіпті біз қатты жақсы көретін, ең керемет ата-ана да қателік жасайтын қарапайым адам

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақсы тәрбиелеймін деп баланың өз бетінше өмір сүруіне дұрыс тәрбие бере алмай жатады. «The Varkey Foundation» білім қорының мәліметінше, 42% ата-ана баласының өз бетімен өмір сүруін дұрыс қамтамасыз ете алмайды. Соның кері әсерінен жасөспірімдер түрлі қиындыққа ұшырап, болмашы проблема үшін стресске түсуі әбден мүмкін.

Балалардың өз бетінше шешім қабылдай алмауына, бірінші кезекте жанұядағы тәрбие әсер етеді. Ендеше оқырман назарына ата-аналардың тәрбие беруде жіберетін қателіктерді айтпақшымын.

1. Үздік болу

Үлкендер кішкентайлардың қателесуге құқығы бар екенін біледі. Бірақ көптеген ата-ана балаларының қателік жасағанын қаламайды. «Жақсы жұмыс істеу үшін, жақсы ЖОО-ға түсу қажет, демек, ертерек дайындаламыз және ешқандай аралық бақылаулардан сүрініп, аз ұпай жинауға болмайды». Өкінішке орай, бұл әдіс ұзаққа бармайды, бала тек қателік жасау арқылы ғана қорқынышын жеңіп, үздік нәтиже көрсете алады. Егер бала қателессе, ең жаман не нәрсе болуы мүмкін? Қайта тапсыру! Жаман естілмейтін сияқты.

2. Жұрттың баласы

«Сен Әлиден қалып қалдың, келесі жолы Әлиден озып кет» – тезисі өте қате болып саналады. Бұл сөз өзгелердің жетістіктерімен салыстыру, яғни баланың басқа баланың жетістігіне деген қызғанышы пайда болуына әкеледі. Сонда Әли қателік жасап қойса, тырысудың қажеті жоқ деген сөз бе? Мүмкін, керісінше, бала барлығын дұрыс істесе, әке-шешесінен мақтауды ешқашан ести алмайды ма? 

3. Бұл саған қажет емес

Ата-ана өмірден тәжірибесі мол болғандықтан, баласының қай жерден жарқырап шығарын нақ білетіні анық. Бірақ әңгіме қызығушылықтары жайлы болғанда, баланың шешімімен санаспауы көп орын алады. «Сен футболға бармайсың, сенен ешқандай футболшы шықпайды. Боксқа барасың, ертең өз-өзіңді қорғауға қажет болады». Өз бетінше қорықпай шешім қабылдау, еркін таңдау болған кезде ғана пайда болады. Өзінің қызығушылығы болмаған жеткіншек, есейгенде эмоциялық проблемаларға ұшырауы мүмкін. 

4. Өзін-өзі бағалауға соққы (самооценка)

Ғалымдардың тұжырымынша, адамдардың өзін-өзі бағалауы отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Әрине, ата-ана өз баласын жерден алып, жерге салмайтыны белгілі. Бірақ кішігірім қателік жасағанға бола «сен ақымақсың», «сенің қолыңнан келмейді», «мен жақсы көрмеймін» сөздері балаға ауыр тиетіні сөзсіз.

Бала ата-анасының күткенін орындай алмаған сәтте, әке-шешесінің ренжіген, ашулы жүзін байқауға болады. Қиын периодтарда балаға төреші болғанның орнына, баланың қасында болған өте маңызды. 

5. «Біз»

«Біз тамақтанып алдық» және тағы басқа «біз» сөзі баланың жеке ойын білдіруге мүмкіндік бермейді. Бала қателескен кезде, бірден көмектесуге асығып, балаға қиындықтарды жеңіп, үлкен тәжірибе алуына кедергі жасаймыз. 

Баланың жеке күнделігін ақтарып, балаға қандай жейде кию керектігін шешу баланың жеке тұлға екенін ескермеу болып есептеледі. 

6. Кінәлі сезіну

Кейбір әке-шеше өзінің жастық шағының ерте біткеніне, баласын кінәлайтыны өте қате әрекет. Және баласының балалықпен істеген дұрыс емес істері үшін, ұрсып, жекіріп, заттарын сындыру – өкінішке қарай, кей отбасыларда болатын жайт. Оның орнына, баламен сөйлесіп, бәрін басқаша жолмен де шешуге болатынын ұмытпаған жөн.

Егер де мен жасаған тізім сіздің ата-анаңызбен қарым-қатынасыңызды еске түсірмесе, мен шынымен қуанатын боламын. Мүмкін, бұл ақпараттарды өзіңіздің тәжірибеңізде сынап қаларсыз.