Bugin
20 пайызға ғана көтеруге дайын
Ақтөбе облысындағы "АМК-Мұнай" компаниясының жұмысшылары наразылық шарасына шықты. Өткен аптада басталған наразылық әлі басылмады. Бұл жайлы Bugin.kz платформасы ҚазТаг-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Мұнайшылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұрап отыр.
"Төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеруді өтінеміз. Біздің компаниямыздың операторлары 67 мың теңге еңбекақы алады. Азық-түлік алуға, коммуналды қызметтерді төлеуге де жетпейді бұл қаржы", - дейді жұмысшылар Тоқаевқа жасаған видеоүндеуінде.
Жұмысшылардың айтуынша демалыс күндері мен түнде жұмыс істегені үшін де дұрыс ақы алмайтын көрінеді.
"Біздің жалғыз-ақ талабымыз бар: ол – еңбекақыны көтеру", - дейді мұнайшылар.
Наразылық шарасына 60 адам жиналған.
Айта кеткен жөн, 25 ақпан күні Ақтөбе облысындағы тағы бір мұнай компаниясы "КМК-Мұнайдың" жұмысшылары көтеріліп, еңбекақыларын екі есе көтеруді талап еткен еді. Аталмыш кен орны Темір ауданында орналасқан. Бұл іс бойынша арнайы комиссия құрылып, облыс басшылығы жағдайды тексеруге кіріскен. Алайда кеше, 29 қаңтар күні, облыс әкімдігі компания басшылығы жұмысшылардың талабын орындаудан бас тартқанын мәлімдеген еді.
"Мұнайшылар бригадасы жұмыс істеп жатқан жоқ, алайда компаниясының жұмысы тоқтаған жоқ. Инженерлі-техникалық құрам жұмыс істеп жатыр", - дейді Ақтөбе облысы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев.
Аталмыш компанияның жұмысшалырының орташа еңбекақысы – 160 мың теңге екен. Мұндай еңбекақыны мұнайшылар үшін көп жалақы деуге келмейді. Былтыр бұдан да төмен болатын. Оны 33 пайызға көтерген.
Ал басшылық еңбекақыны екі есе емес 20 пайызға ғана көтеруге келісіп отыр. Алайда жұмысшылардың айтуынша, бұл өте аз.
"КМК Мұнай" компаниясында 290 адам жұмыс істейді.