Bugin
Журналистикада ретроспективалық сұхбат деген бар. Ерекшелігі – өмірден өткен тұлғамен сұхбаттасып, оқырманға ой салу Абай Құнанбаев өткен ғасырда көтерген мәселелер әлі де өзекті. Соның бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
- Әңгіме әлқиссасын адамзатқа арнасақ. «Толық адам» концепциясын ұсынып, қара өлеңді «Адам болам десеңіз...» деп бастайсыз. Сіз армандайтын адам бейнесі қандай? Миссиясы ше?
- Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу.
- Осы мақсатты ұмытпауға не істемек керек? Тіршілік пен тойшыл болмысымыз бұған кінәлі ме?
- «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін... ...күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр» ...Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғымен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғымен бол демеймін. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпа, орынды харекетпен азайт! Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де - бір антұрғандық...
- Бүгінгі қоғам теңдікті дәріптейді дейміз. Алайда әлі де баспанаға зәру қазақ пен шетелге шығатын қазақтың арасында әлеуметтік теңсіздік бар. «Бай» мен «кедей» деген "туу лотореясы" туралы не дейсіз?
- Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық. ...Әйтеуiр анадан тәуiрмiн ғой деме... Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады.
- Адамның деңгейін санасы анықтайды дейсіз ғой. Ендеше ақылды деген кім?
- Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім. Әуелі пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.
- Біз – адам мен заман бір-бірін кінәлайтын ғасырдың ұрпағымыз. Он жаңалықтың тоғызы адам өлтірді, бала зорлады, есірткі тасыды дегенге саяды. Бұл неден?
- Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?
- Кезінде орыс тілін үйренуге малын қиған қазақтың бүгіні басқа. Мемлекеттік тілдің тағдыры көпшілікті алаңдатады. Себеп қандай?
- Өзің құрметтемеген нәрсеге – бөтеннен қайтіп құрмет күтесің.
- Болашақ ұрпаққа айтарыңыз болса
- Ғылым таппай мақтанба...