Білім және ғылым

Еуропа елдерінде оқу үшін

Шетелде оқып, білімін жетілдіріп жатқан қазақ жастары аз емес. Шетелде оқу жастарға кең ауқымдағы мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Осы орайда, Италияның Генуя қаласында магистратурада техникалық мамандық бойынша оқып жүрген Әлия Абайқызынан шетелде оқу жайлы сұрап, сонда оқуға түсу үшін нені қаперде ұстау керегін білдік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Сәлеметсіз бе, Әлия Абайқызы?! Алдымен сіз өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

- Сәлеметсіз бе, Бакдаулет! Мен, Арыстанбек Әлия Абайқызы, Алматы қаласы Түрксіб ауданының тумасымын. №54 мектеп-гимназиясын 2015 жылы аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне «Физика(ғылыми)» мамандығы бойынша оқуға түстім. Бұл ЖОО-ны 2019 жылы бітіріп шықтым.

- Қазір немен айналысасыз? Біліміңізді қайда жалғастырып жатырсыз?

- Мен қазір Италияның Генуя қаласындағы Мемлекеттік Генуя университетінің политехника бөлімінде «Робототехника бойынша инженері» мамандығы бойынша магистратураның 2-курс студентімін. Оқу мерзімі 2,5 академиялық жыл.

- Шетелде білім алғанның артықшылығы қандай? Оның отандық білімнен айырмашылығы неде?

- Ең бірінші айырмашылығы  студенттердің сабақ өту барысында креативтілік танытуы, оқытушылар мен студенттер арасындағы байланыстың достық қарым-қатынаста орнатылуы. Оқытушы мен студент арасында қорқу, ыңғайсыздану сияқты кедергі жоқ. Студент өзін әрдайым еркін сезінеді. Екіншіден, зертханалық лабораториялардың және басқа да оқуға қажет жағдайдың барлығы студенттерге жасалған. Студенттер өздері қалаған уақытта кез келген жерде сабақ оқуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Әрқашан студенттің қалауы орындалады. Мысалы қай бағытта оқитынын, сабақ кестесін, өзіне дәріс беретін профессорлық-оқытушы құрамды өзі таңдайды. Тағы да бір артықшылығы мұндағы университеттердің басқа шетелдік көптеген университетпен серіктестігі. Европа елдерін қоспағанда, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка, Таяу Шығыс елдеріне (Жапония, Сингапур) академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бір семестр оқу әрі тәжірибеден өту үшін көптеген тегін мемлекеттік бағдарлама бар. Сонымен қоса, үлкен компаниялардан тәжірибеден өте жүріп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, диссертация жазуға да мүмкіндік бар. Себебі, Еуропада білетініміздей барлығы алдыңғы қатарлы мемлекеттер және ол мемлекеттерде перспективті компания көптеп кездеседі.

- Сіз құрған «Studygram» орталығы болашақтағы Еуропа студенттері мен магистранттарына қандай көмек көрсете алады? Қандай қызмет ұсынасыздар?

- Ия, мен биыл «Studygram» студенттерге Еуропада оқу бойынша қызмет көрсететін орталық аштым. Ол Италияда мемлекеттік гранттар алып оқуға түсуге құжаттарын дайындауға көмектеседі. Одан басқа ұтымды мотивациялық хат (мотивационное письмо), ұсыныс хат (рекомендательное письмо) жазу бойынша консультациялық кеңес бере аламыз. Сол арқылы бізден толық ақпарат алуға болады. Түркияның халықаралық стипендиялары Turkiye Burslari бағдарламасына да тапсыруға толық көмектесе аламыз. Мұнан бөлек, Еуропа елдері Одағы арқылы жасалған халықаралық Erasmus Mundus бағдарламасы бойынша Еуропаға магистратураға оқуға түсуге көмектесеміз. Сонымен қоса, осыған ұқсас Erasmus+ бағдарламасы жайлы да толық кеңес бере отырып, грантты иемденудің барлық оңтайлы процессін түсіндіреміз.

- Еуропа мен отандық ЖОО салыстырғанда, қай жақта оқу қиындау болып табылады?

- Бір жақта оқу қиын деп айта алмаймын. Әрине, Еуропада оқыған кезде іргелі ғылымнан бастап инженерлік сабақтарды өтіп бастайды. Сол үшін бізге, Қазақстаннан келген студенттерге, кішкене қиындық туады, бірақ, әрқашанда әр адам өзі еңбек етіп, тырысып оқитын болса, ол оған ешқандай да қиын болмайды деп ойлаймын.

- Сіздердің орталықтарыңызды әлеуметтік желілерден қалай табуға болады?

- Бізді Instagram және Telegram желісінде Studygram_abroad және Studygram деген атаумен таба аласыздар. Сонда біздің байланыс номерлеріміз де көрсетілген.

- Еуропада студенттер жұмыс істей алады ма? Олар үшін қандай да бір шектеулер бар ма?

- Ия, студенттер Еуропада жұмыс істей алады. Университтерде студенттерге арнайы жұмыс қарастырылған. Әрбір студент аптасына 20 сағат жұмыс істей алады. Жұмысқа анкета не резюме өткізу процессі өте оңай болып табылады және көп уақытты талап етпейді.

- Қазіргі жастарға айтар ақыл-кеңестеріңіз.

- Біздің заманымыз – білім мен ғылымның, техника мен революцияның заманы. Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бері жастарымыздың жан-жақты дамып жетілуіне, алыс-жақын шетелде білім алып, мықты кадр болып шығуына толыққанды жағдай жасап отыр. Сол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әр секунд сайын болып жатқан өзгерістерге өз үлесімізді қосу, жаңалықтың жаршысы болу – біздің басты мақсатымыз. Жастар қашан да жаңалық пен білімге талпынып, еліміздің жарқын болашағы үшін әрекет етуі қажет.