Сұқбат
Бәзілбек Мәди Нұрланұлы – 6 тілді меңгерген полиглот. 1998 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №128 мектепті, одан кейін №24 физика-математика лицейін оқып бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне шығыстанушы мамандығында 1 жыл оқиды. Қалған 3 жылын Жапониядағы Цукуба университетінде оқып бітіреді.
Тілге қызығушылығыңызды оятқан қандай да бір оқиға болды ма?
Ағылшын тілін №128 мектепте 2-сыныптан бастап оқыта бастады. Алғашқы мектебім лингвистикалық бағытта болғаннан кейін, тілге қатты көңіл бөлдім. Ағылшын тілі маған қаншалықты керек екенін 15-16 жасымда түсіндім. Себебі осы жасымда мен шетелде оқимын деп алдыма мақсат қойдым. Ағылшын тілін жоғары деңгейге көтеру үшін жарты жылдай уақыт кетті. Ағылшынмен қатар шығыс тілдерінің бірін меңгеру ойымда болды. Барынша қиын тілді оқығым келді. Жапон тілін таңдадым. Бұл тілді таңдауыма да бірнеше себеп бар. Мысалы қытай, араб тілінде еркін сөйлейтін азаматтарымыз бар. Ал жапон тілін білетін қазақтар аз. Жапонияда оқып, жұмыс істеп, тәжірибе жинағым келді. Қазақстанға жаңа дүниелерді енгізгім келеді.
Жапониядағы білім жүйесі қандай? Қазақстаннан айырмашылығы?
Жапония – әлемдегі дамыған елдердің бірі. Таңдаудағы негізгі мақсатым – тілдің деңгейін көтеру. Жапония ешбір мемлекетке ұқсамайды. Қазақстан студенттері Еуропаға баруға ұмтылады. Шығыс елдерінен қашады. Жапонияның білім беру жүйесі Америкаға ұқсас. Жапондықтар қоғаммен бірігіп жұмыс істеуге дағдыланған. Ортақ дүние шығарады. Жапонияда студенттерге таңдау беріледі. Қандай пәнді оқығысы келеді таңдай алады. Қазақстанда студенттерге таңдау берілмейді. Қандай пәндерді бекітіп береді, соларды оқиды. Негізі бұл дұрыс емес. Студент ЖОО-ға түскеннен кейін пәнді өзі таңдап, жұмыс істеуге бейімделу қажет. Ал графикті қойып беру принциптері адамның өмірге бейімделу қабілеттерін жойып тастайды. Өмірде жетістікке жетуі, өзін-өзі көрсете алу қабілеті төмен деңгейде болады.
Жапонияда қандай қызық оқиғалар орын алды?
3 жыл деген аз уақыт емес. Жапонияға келгенде тілді толық білмедім. Әуежайдан түскен кезде шабадан тасып жүрген роботтарды көрдім. Мен үшін бұл мәдени шок болды. 2-3 ай түсімде жүрген секілді болдым. Өте қатты таңғалдырған дүние зебрадан(жаяу жүргінші жолы) өткен кезде көліктер 500 метрден тоқтайды. Адамның қауіпсіздігіне жоғары деңгейде қарайды. Жапон тағамдарына ұзақ уақыт бойы үйрене алмадым. Қиын болды. Тағамдарға көбіне шошқа етін қосады екен. Мен бұны білмедім. Бір күні Индия елінің азаматтарымен кеспе жейтін жерге келдім. Жазылып тұрған иероглифтерді түсінбедім. Тамақты алып келгеннен кейін сұрасам шошқаның еті болып шықты.
Дәл қазіргі уақытта немен айналысасыз? Жапониядан келгеніңізге қанша уақыт болды? Қандай жоспарларыңыз бар?
Жапониядан келгеніме 2-3 жылдай болып қалды. Қазір магистратурада оқимын. 1 жылға Жапонияға кетуім керек еді . Бірақ карантиннің кесірінен бара алмай қалдым. Қазір онлайн форматта оқып жатырмын. Бакалаврда оқып жүргенімде тіл оқытатын орталық аштым. Тек ағылшын емес, әлемдік тілдерді оқытатын орталық. 1 жыл жұмыс істедік. Коронавирус басталған кезде кризиске ұшырадық. Жауып тастадық деп айта алмаймын, жұмыс істеп те тұрған жоқ. Қазіргі кезде тоқтап тұр. Ойлана келе онлайн оқытуға көштік. Бірақ онлайн оқыту тиімсіз болды. Қазақстандық жастардың басты проблемасы шет тілінде сөйлей алмауы. Граматтиканы, сөзді біледі. Бірақ сөйлей алмайды. Онлайн оқыту да ұзаққа бармады. Сапасы төмен болды.
Ал қазір жобаны қайта жандандыру туралы біршама ұсыныс түсіп жатыр. 1,5 жыл болды инстаграмды жүргізіп келе жатқаныма. Инстаграмның да пайдасы осы шығар. Адамдармен танысып, инвестициялар тартылып жатыр. Инстаграмға келген мақсатым – білетін ақпараттарыммен бөлісу. Тілге қатысты кішігірім блог жүргізу.
Тіл үйренуші жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз
Тіл курстарына қатыстым, түк үйрене алмадым... Ең көп таралған шағымдардың бірі. Тілді меңгеру сабырмен, уақытпен келетін дүние. Инстаграмды ашып қалсаң ағылшын тілін 3 айда, 1 аптада үйрен деген жарнама толып тұр. Әрине бұның барлығы маркетинг амалдары ғой. Бірақ осыған сенетін адамдарға таң қаламын. Қазақ десең өзіңе тиеді. Барлығын тез, оңай үйренгісі келеді. Прогресс болмауы ол қалыпты жағдай. Бір деңгейден екінші деңгейге өтетін кезде сіз бір орында тұрып қаласыз. Осы кезде барлығы шағымдана бастайды. Оқып жүрген заттарыңызды қайталай беріңіз. Бір апта үздіксіз оқысаңыз, бір апта дем алыңыз. Ойыңызды басқа жаққа бұрыңыз. Миыңызды алдап жұмыс істетіңіз. Сонда сізде прогресс болады.
Сұқбаттасқан: Гаухар Бердібек