Bugin

Вакцина салдырған шенеуніктер, олар кімдер?

Медициналық процесс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда коронавирус вакцинасын жаппай салу науқаны басталғаны белгілі. Екпенің зиян емесін жеткізу әрі халыққа жақындығын таныту үшін жоғары лауазымды шенеуніктердің кейбірі өзіне вакцина салдыра бастады. соған байланысты Bugin.kz тілшісі вакцина салдырған шенеуніктерді санап көрді. 

Ковид вакцинасын алғаш салдырған жоғары лауазымды тұлға – ол білім министрі Асхат Аймағамбетов болды. Ол отандық вакцина енді ғана сынаққа жіберілген кезде – былтыр тамыз айында салдырған. Кейін желтоқсан айында екпе салдырғаннан кейінгі көңіл-күйі мен жағдайын айтып, бәрі ойдағыдай екенін жеткізген.

"Коронавирустың жаңа штамын жұқтырып ауырғанша, зиянсыз, бейтарап вакцинаны салдырып аурудан алыс болғаным жақсы", - деген еді министр сол кезде.

Отандық вакцинаны салдырған тағы бір лауазымды тұлға – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен президенттің көмекшісі Ерлан Қарин болды. Оған 28 желтоқсан күні екпе салынды.

"Қазір отандық вакцина клиникалық зерттеудің үшінші кезеңіне өтті. Нәтижесі оңды көрсетіп, қазақстандықтарға пайдасы тиер деген үміттемін", - деді Сапарбаев.

Бір айдан кейін Сапарбаев та жағдайының жақсы екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 26 қаңтар күні өткен үкімет отырысында отандық вакцина дайын болған сәтте соны салдыратынын мәлімдеген.

Қазақстанда 1 ақпанда мемлекет басшысының қаулысымен жаппай вакцинация басталған сәтте, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният екпе салдырды. Сол күні Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов, Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нариман Табынбаев, Қызылорда әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мен Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов өз еркімен вакцина салдырды. Оларға салынған екпе – ресейдің "Sputnik V" вакцинасы.

Вакцина жайлы маман пікірі

Медицина ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің түлегі Ботагөз Каукенованың айтуынша, вакцина – адамзаттың ойлап тапқан ең үлкен ғылыми жетістігі. Жұқпалы ауруларды тоқтатуға вакцина көмектесті. Соның арқасында мұндай аурулардың көбі ұмыт болды.

"Вакцина – адамның иммунды жүйесін шынықтырып, патогенмен күресін күшейтетін қаруы. Сондықтан вакцинаны адамзаттың бәрін пайдалы медициналық ем деуге болады. Оның үстіне, вакцинаны ойлап табу мен өндіріске шығару – әлемде ең қатаң қадағаланатын медициналық процесс. Сол себепті одан қауіптенудің қажеті жоқ", - дейді доктор.

Маманның ойынша, денсаулық сақтау министрлігі "Sputnik V" вакцинасын әзірге ең қолжетімді екпе түрі болғандықтан таңдап алса керек.  

"Н.Ф.Гамалей атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығының ресми мәліметінше, "Sputnik V" вакцинасының тиімділігі 91,4% деңгейінде. Министрліктің бұл вакцинаны таңдауына көптеген себеп әсер етуі мүмкін", - дейді маман.

Ал вакцина салдырудан қорқып, ковид екпесін күмәнмен қарағандарға маман келесідей кеңес береді:

"Вакцинадан неге қорқатыныңызды анықтаңыз. Коронавирус екпесіне күмәнмен қарайсыз ба әлде жалпы вакцинадан қорқасыз ба? Соны анықтап алыңыз. Сондай-ақ Инстаграмдағы @medsupportkz парақшасында вакцина жайлы ғылыми мәліметтер жиналған. Соған көз жүгіртіңіз", - дейді Ботагөз Қаукенова.  

Профессор, дәрігер Алмаз Шарманның айтуынша, ресейлік "Sputnik V" вакцинасы векторлы технология базасында дайындалған екпе түрі. Вакцина жасаудың мұндай тәсілі бұрыннан бар.

"Мәселен, Эбола індетін тоқтатын препарат осыған ұқсас технологиямен жасалған. Мұндай технологияға сөзсіз мән берген жөн. Сондай-ақ коронавирус инфекциясы мутацияға ұшырап өзгерсе, "Sputnik V" вакцинасының да түрін өзгертіп, күшін арттыруға болады", - дейді ғалым.  

Ал бұған дейін Алмаз Шарман коронавирус екпесі дайын болса, оны салдыруға дайын екенін айтқан.