Weekend
Бүгінде журналистика мамандығын таңдайтын жастар аз емес. Әдетте олар журналистика факультетіне түсу үшін қандай емтихандарды тапсыратынын білмей, шатасып жатады. Өйткені, бұл мамандыққа құжат тапсыратын түлектер тек ҰБТ тапсырумен шектелмейді, шығармашылық емтихан тапсыруы керек. Ол қандай емтихандар?
ҰБТ тапсырғанда, кез келген оқушы мамандығына сай бесінші пән таңдауы қажет. Былтыр мен де бесінші пән таңдауда көп қиналған едім. Өйткені, түлектердің басым көпшілігі сияқты журналистика мамандығына түсу үшін бесінші пән ретінде «Қазақ әдебиетін» таңдау керек деп ойладым. Бірақ, бұл – қате пікір. Өйткені, журналистика мамандығын таңдаған түлектер ҰБТ-да «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерінен жоғары балл жинаса жеткілікті. Бұл екі пәннің әрқайсысынан шекті меже – 20 балл, яғни екеуін қосқанда 40 балл жинаған абзал.
Келесі кезең – шығармашылық емтихан
Қоржынға қырық баллды салып, шығармашылық емтихан тапсыру үшін ЖОО-ға аттанамыз. Қосымша емтихан «Журналистика» факультеті бар ЖОО-ның өзінде өтеді. Мәселен, мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты Журналистика факультетінде тапсырдым. Шығармашылық емтихан екі бөлімнен тұрады. Ең жоғарғы балл – 80. ҰБТ көрсеткішімен қосқанда журналистика мамандығын таңдаған түлектер максималды 120 балл жинай алады. Шығармашылық емтиханның бірінші бөлімі – жазбаша, екінші бөлімі ауызша өтеді.
Жазбаша емтиханда берілген үш тақырыптың біріне шығарма жазуыңыз керек. Берілетін уақыт – 3 сағат. Маған жазбаша емтиханда өзім дайындалған тақырыптар келді. Олар Отанға, Туған жерге немесе журналистика мамандығына байланысты болуы мүмкін. Шығарманы орфографиялық, пунктуациялық ережелерді сақтап, өз ойыңызбен жазсаңыз, ұтасыз.
Ауызша емтиханда комиссия мүшелері тапсырушылардың сөйлеу мәдениетіне, сөз саптауына, білім-білігіне қарайды. Нақтырақ айтсақ, осы емтиханда үш сұрақтан тұратын билет беріледі. Ол сұрақтар тарихқа, әдебиетке немесе журналистика теориясына байланысты болуы мүмкін. Ауызша емтиханға барынша дайындалып барғаныңыз өзіңізге жақсы. Мысалы, өзіңізбен бірге партфолио дайындап кірсеңіз дұрыс болады. Ол портфолиода оқушының баспа бетінде жарияланған мақалалары немесе жазған өлең, шығармалары болған жөн.
Шығармашылық емтиханда комиссия мүшелері үміткердің журналистика мамандығына деген қабілетін тексереді. Сол үшін журналист болуды армандайтын әрбір оқушыға жақсы дайындық қажет.
Болашақ журналистке беретін бес кеңес:
1. ҰБТ-да міндеттелген екі пәннен жоғары балл жинауыңыз қажет.
2. Жазбаша емтиханда шығарманы өз ойыңызбен жазыңыз. Шығарманы жоғары деңгейде жазу үшін көркем әдебиетті көп оқығаныңыз жөн. Сондай-ақ, мақал-мәтелді, тұрақты сөз тіркестерін, Абайдың қара сөздерін жаттап жүрсеңіз, көп көмек болады.
3. Ауызша емтиханға дайындалғанда журналистикаға қатысты терминдерді алдын-ала зерттеп, дайындалғаныңыз абзал.
4. Жеке партфолио әзірлеуді ұмытпаңыз.
5. Орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтарды қайталап шықсаңыз, артық болмайды.
Былтыр кейбір түлектердің сенімзідіктің жетегіне еріп, шығармашылық емтиханның соңғы сатысында кері бұрылғанына куә болдым. Ең басты кеңес – бойдағы қорқыныш пен күдікті жеңе білу. Биыл журналистика факультетіне тапсыратын түлектерге сәттілік тілейміз!