Weekend
Музыка – мәдениет кілті. Музыкасына қарап халықтың қандай екенін көруге болады екен. Расында да жай ғана музыкадан халықты тануға болады ма деген сұрақ туындауы мүмкін.
Әлемдік музыка әлеміне американдық Rolling Stones тобы рок жанрын әкелсе, Бейонсе, Джастин Тимберлейк америкалық попты одан әрі дамытты. Сол секілді осы кезеңдерде Корея мемлекетінде де музыка алға өрледі. Олар к-рор жанрын өмірге алып келді. Бұл жанрдың деңгейі америкалық попқа жетпесе де, жанр ерекшелігі бірден сезілді. Оның ерекше болғаны соншалық ақылды, қу деген Қытай халқы да к-рор-ты мойындады. Тіптен еліктеді. Ұлы держава Қытай еліктегенде, Қазақстан халқының, кейбір әншілерінің к-рор-ты қабылдауын заңдылық деп санар едім.
Негізі мойындау керек соңғы жылдар Қазақстанда шоу бизнестің емес, той бизнестің айы оңынан туған заман болып кетті. Өзім күні бүгінге дейін q-pop-ты, 91-ді қабылдай алмайтын едім. Алайда соңғы күндері олардыңстилінемес, Қазақстандағы музыкаға жаңа серпіліс алып келгені мен қазақ музыкасын дамытудағы арман-мақсатын құрметтейтін болдым. Олар, расында да, қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Топ продюсері Ерболат Беделхан мен топ мүшелерінің тәуекелге баруы – қазақ музыкасына деген кіршіксіз махаббат іспетті. Негізі біздегі мағыналы, менталитетімізге сай өлеңдердің болғаны секілді рок, поп жанрлары дамыған мемлекеттерде де мағыналы өлеңдер болған. Заманның өзгеруі, адамның, техниканың дамуы жаңа музыкалық жанрлар туғызған. Заман талабына сай бұл жаңалықты халықтың барлық бөлігі қабылдамаған, бірақ жастардың біраз бөлігі қолдаған. Ал қазір ол жанрдың негізін салушылар өз биігінде. 91 тобы Қазақстанда q-pop жанрын өмірге алып келді. Олардың Қазақстандағы pop-тың негізін салғаны к-рор-қа қызығатын халыққа ерекше болды. Бірақ Кореяның побын қайталағаны Кореялықтарды аса қатты таңғалдыра алмады. Олар тек қазақтың тіліне ғана қызығып қойды. Ерболат Беделхан мүмкін Қазақстанның побы деп әлемде жоқ жанр мен әлемде жоқ стильді өмірге алып келгенде, еңбегі басқаша бағаланар ма еді... Біз енді ғана әлемдік музыканың не екенін түсініп жатқандаймыз. Қазақ музыкасы дамып, әлемдік аренада жаңа жанр пайда болатынына сенімім мол. Олай істеуге қауқарымыз да жетеді. Қазіргі әншілер мен болашақ продюссерлердің құлағына алтын сырға, қазақ музыкасының болашағы сіздердің қолдарыңызда екенін сезінгендеріңіз дұрыс-ау. Алайда белдеріңізге көтере алатын шоқпарды ғана байлаңыздар...