Саясат
Жаһандық соғыстың басталу сценарийі жасалды
Жасанды интеллект қорғаныс саласында барынша қолданылуда. Бұл туралы Times журналының тілшісі Роджер Бойес өзінің «Келесі жаһандық соғыс осылай басталуы мүмкін» атты мақаласында кеңінен тарқатып жазды.
2018 жылы Лондон қаласында АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания әскери мамандары қатысқан басқосу өтті. Басқосу барысында жасанды интеллекттің ядролық қауіпсіздікке әсері талқыланды, арнайы компьютерлік ойын арқылы сараптама жасалды.
Компьютерлік анализ арнайы сценарий шығарды. Сценарий бойынша «2021 жылдың маусым айында ядролық қаруы бар көптеген мемлекеттер жасанды интеллект жасап шығарған арнайы видео, фото және құжат түріндегі ақпараттарды алады. Онда ядролық соғыс басталатыны жайлы мәліметтер болмақ. Бұл жасанды интеллектің туындысы болса да, оны шынайы құжаттардан ажырату мүмкін емес. Салдарынан үш ядролық держава шынайы соғысқа көшуге шешім қабылдап, жаһандық соғыс басталады. Яғни жасанды интеллект келесі жаһандық соғысты бастайтын болады» делінген арнайы сараптамада.
Бойестің айтуы бойынша қазірдің өзінде Ресей мен Қытай хакерлері қорғаныс саласындағы жасанды интеллектіні алдай алады. «Мұндай жағдайда Вашингтон қате шешім шығарып, шынайы соғысқа көшуі мүмкін» дейді ол.
Мақаласын қорытындылай келе, Бойес жасанды интеллект адамзатты келесі жаһандық соғысқа бастаушы құралға айналады деп отыр.