Қоғам
Адам баласы туылғаннан бері тәрбиеде. Не көреді? Не естиді? Оның барлығы баланың тәрбиесіне тікелей әсер етеді
Тәрбиені біз дүниеге келген шақтан, тіпті анамыздың құрсағында жатып алады екенбіз. Ертеде аналарымыз ішінде жатқан баласын еркелетіп, ертегі оқып, ән мен өлең айтып тәрбиелейтін болған. Осы уақыттан бастап бала есту қабілетімен тәрбиелене бастайды. Ал туылған шақта есту қабілетімен бірге көру қабілетімен тәрбиелеуге көшеді.
Осы себепті ата-аналар өздерінің қандай үлгі, қандай тәлім-тәрбие беріп жатқанына аса мән беру керек. Баланың болашағы, оның тұлға болып қалыптасуы тікелей ата-анасына, қоршаған ортасына байланысты. Қазақ халқының ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов "Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас" деген екен. Міне, дәл осы қанатты сөз жоғарыда айтылған мәселеге тұспа-тұс келеді.
Қазақ даласының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы "Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады" дейді. Яғни, адам баласы өз-өзін жеке тәрбиелей алмайды. Оған не болса да, қоршаған орта үлкен әсерін тигізеді. Айналасы жақсы болса, өзі де жақсы болады. Керісінше, айналасы нашар болса, оның адамшылдығы төмен деңгейде болуы әбден мүмкін. Баланың тал бесіктен кейінгі алатын тәрбиесі – оның ұстазы мен достарынан.
Ал орыс ғалымы Иван Павлов: "Әрбір баланың мінез-құлқы ата-анасының жағымды іс-әрекетінен үлгі алу барысында қалыптасады", - деген екен.
Осы ретте өз өмірімнен алынған мысалдарды келтіріп өтейін. Біздің отбасымызда баланы жастайынан сыйластыққа тәрбиелеу дәстүрге айналған. Бұл мәселе ер адамды да, қыз баланы да сыйлауға қатысты. Мәселен, менің әжем: "Ер адамның киімін ешқашан басып өтуге болмайды, тіпті оның киімі жерде де жатпау керек. Ер адамның киімінің өзі киелі болып келеді", - деп мені ер адамдарға деген сыйластыққа тәрбиеледі.
Енді қыз баланы сыйлау мәселесіне тоқталайық. Біздің әулетімізде, қандай да бір жиындар болса, әулеттің қыз баласын төрге жібереді. Осылайша, үйде береке болады деген екен. Бұл да бір тараптан қыз балаға деген көрсетілетін сыйластық болып табылады.
Қазақтың салт-дәстүрлеріне сіңісіп, жақсы тәрбиеленген қазақ баласы – еліміздің болашағы. Сондықтан тәрбиеге үлкен мән берейік.