Экология

Экология болашағы

Жер бетінде тіршіліктің пайда болғанына 4 млрд жылдан артық уақыт өтіпті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адам баласы алғаш басқан қадамынан бастап өзі өмір сүрген ортасына, басқа биологиялық түрлерге қарағанда әлдеқайда артық өзгерістер енгізді. Алайда бұл өзгерістердің салдарынан табиғат өте қауіпті, қолайсыз жағдайға ұшырады. Қазба байлықтарды өндіру, өнеркәсіп пен қалалар санының өсуі, топырақтың, судың, ауаның түрлі өнеркәсіп қалдықтарымен ластануына әкелді. Адамның іс-әрекеті нәтижесінде табиғи байлықтар азайып, қоршаған орта, биосфера түрлі өндіріс қалдығымен ластанып, табиғаттағы айналым бұзылып, климаттың өзгеруіне себеп болды. Сөйтіп, адам қоғам дамуының әртүрлі сатысында табиғатқа тигізетін әсері, оның байлықтарын пайдалануы да әртүрлі жағдайда болды.

 Табиғатта еш нәрсе жоқтан пайда болмайды, еш нәрсе жойылып кетпейді. Егер табиғаттағы айналымның бір бөлігі түсіп қалатын болса, онда оның нәтижесі ойда болмаған нәрсеге алып келеді. Мысалы: адам масаны жою арқылы, онымен тамақтанатын шегірткенің азаюына себеп, ал шегіртке азайса онымен қоректенетін дала мысығы азайып, нәтижесінде кемірушілер қаптап келеді. Міне, мұны табиғаттағы «жалпы айналым» дейді.

 Адамның өмірі үшін ең басты қажеттінің бірі  – ауа. Өйткені барлық ағза атмосфералық ауамен тыныс алады. Адам тамақсыз бес аптаға, сусыз бес күнге, ал ауасыз бір сағатқа да шыдай алмайды. Әрбір адам тәулігіне 4-5 литр су, тамақ ішетін болса, дем алғанда 23-24 литр ауа жұтады. Адамға ауаның маңыздылығы осында!

 

Алайда қазіргі таңда адам үшін өте маңызды атмосфералық ауаға өте қатерлі қауіп төніп тұр. Өндірістің қарқынды дамуы, отын энергиясының көбірек қолданылуы, атмосферадағы оттегінің мөлшері азайып, көмірқышқыл газының жоғарлауына әкеліп соғады. Бұл – өте күрделі мәселе. Менің ойымша, мұның басты себебі жасанды ластану, яки, транспорт көліктерінен пайда болып отыр. Транспорт адам үшін уақытты тиімді жұмсай білуге көмектеседі. Алайда, атмосфералық ауаны нағыз ластаушылар да солар. Қазіргі кезде шамамен әлем бойынша 500млн-нан астам автомобиль жүріп тұрса, үлкен қалалардағы атмосфералық ауаның тазалығын сақтау адамзат үшін қаншалықты маңызды екені айтпасақ та белгілі, айқын.

Ауадан кейінгі басты мәселе – ластанған су, тартылып кеткен өзендер мен көлдер. Айта кетер бір жайт, Арал теңізінің шөгіп бара жатқанына байланысты бұл мекенде қоныстанған елдердің климаттық жағдайы да өзгерді. Балқаш көлі деңгейінің төмендеуі, оның төңірегінде орналасқан жерлердің климаттық жағдайының өзгеруіне әсер етіп жатыр. Қазақстан үшін су қоры өте маңызды рөл атқарады. Себебі оның аумағында шөл мен шөлейт дала өте көп. Әрбір жердің, аймақтың су қорының өзгеруі, ластануы сол жердің климатына тікелей байланысты.

 «Суы кеткен жердің нұры кетеді» демекші кез келген шұрайлы жер құрғақ бола бастаса, яки, тартылып кетсе ол біртіндеп солып, құла түзге, шөл далаға айналады. Кең дала, құлазыған шексіз жазира сусыз қалғаннан кейін ондағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, тіпті, адамдар да сусап, шөлікейтін болады.

Табиғатты қорғаудың түрлі тәсілін ескермей жүргізген адамның шаруашылық іс-әрекеттері соның ішінде топырақтың да ластануына әкеліп соқтырады. Мұны ғылыми тілмен «топырақ эрозиясы» деп атайды.

Күнделікті өмірде қоқысты жерге тастаудың өзі топырақ эрозиясын тудырады. Сондай-ақ қазіргі таңда көптеген егін шаруашылығы, жылыжайлар ерте өнім беру үшін өсімдіктерді дәрі-дәрмек қоспаларымен өсіріп жатыр. Ол біріншіден адам денсаулығына, екіншіден жоғарыда айтылған топырақ құрамының нашарлауы, яғни, топырақ эрозиясына алып келеді. Менің ойымша, әрбір жерде экологиялық проблемалар орын алмау үшін олардың алдын-алу шараларын ұйымдастыру қажет. Мысал келтірер болсам, Қытайда көлік түрлерінен гөрі велосипед арбалары көп деседі. Есесіне табиғат ластанбай өз өмірлерін таза ауада  өткізіп жатыр. Сондай-ақ қоқыс қалдықтарынан көптеген пайдалы зат, ұсақ-түйектер жасалған. Бұл да экологиялық проблеманы шешудің бірден-бір жолы.

Табиғат – баға жетпес байлық, біздің қазынамыз. «Табиғатты сүйе білиеген туған елін де, өзін де сүйе білмейді» деп жазушыларымыз айтқандай, әрбір адам өзі үшін болашағы үшін кішкене болса да, уайым жесе, табиғатты барынша аялауға ұмтылу қажет.

Табиғат – тіршілік көзі. Табиғат пен адам егіз ұғым. Адамсыз табиғат, табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Өмірімізді мейлінше жақсарту үшін табиғат аясы өсімдікке бай болуы тиіс. Себебі өсімдіктер өзіне лас ауаны жұтып отырады. Табиғаттың бар құбылысын, сылдырап аққан өзенді, ақ мақтадай бұлттарын, жап-жасыл кілемдей құрағы, маңғаздана тұрған ағаштарының сұлулығын сөзбен жеткізе алу мүмкін емес. Ал сол табиғатты қорғап қалуы адам қолында.

Біз, адамзат, алақандай «табиғат» атты асау, баға жетпес жәдігерімізді сақтап қалар болсақ өмірімізге, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам баса алатынымыз сөзсіз айқын. Экология болашағы –өз қолымызда!