Саясат

Бейжің агрессияға көшті: Мьянмадағы төңкерісті Қытай жасаған

Бирмадағы төңкерісті Қытай ұйымдастырды ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2021 жылы 1 ақпанда Мьянмада төңкеріс болып, билік әскерилер қолына өтті. Атышулы Аун Сун Жи мен президент тұтқынға түсті. Бұл - әлгі мұсылман рохинджаларды қырды деп айыпталған бирмалық саясаткер әйел. Әскери төңкерісті Қытай ұйымдастыруы мүмкін деп күдік бар. Ол күдікті жоққа шығаруға да болмас. Иә, Қытай ресми түрде бұл төңкерісті айыптағанымен, бейресми оған бұл жағдай қолайлы сыңайлы. Неге?

Мьянма - Қытай үшін маңызды елдің бірі. Ең алдымен бұл ел - оңтүстік-шығыс Азияда болашақта Қытайға порт беруге ниетті ел. Ал порт дегеніміз - ақша, сауда, тіпті қажет болса әскери күш. Мьянма ұзақ жылдар бойы әскери диктатураның қол астында күн кешті. Сәйкесінше батыс елдері оған санкция салды. Санкцияда отырған Мьянма Қытаймен ұзақ жылдар сауда-экономикалық байланыс жасауға мәжбүр болды. Сол себепті де инвестицияның үштен бірі дәл осы Бейжіңге тиесілі еді. 

Санкция тек қана 2011 жылы алынып тасталды. Себебі билікке демократиялық партия жақтастары келді, ол жаңағы  Аун Сун Жи болатын. Сөйтіп санкциядан құтылған Мьянмаға Токио мен Вашингтон, Еуропа елдері түрлі жобалар ұсынып, қаржы аударуды бастады. Бұл әрине Бейжіңге ұнамасы анық қой. Өйткені Мьянма қолдан усып шығып барады. Ұзақ жылдардан соң АҚШ басшысы кезінде Барак Обама да бұл елге барды.

Осының бәрі Қытайды ойландырса керек. Өйткені 2010 жылы ұсынған Қытайдың құны бірнеше миллиард доллар болатын портты салу, құбыр жүргізу, Мьянмада бірнеше ірі сауда орталығын ашу, зауыт пен фабрикалар тұрғызу тоқтап қалды. Аун Сун Жи режимі Мьянмада рохинджа мұсылмандарын қудалаған сәтте Батыс пен АҚШ алдындағы абыройын жоғалтып алды, алайда сол абыройды жоғалту үшін Қытай билігі барынша ақпарат таратқан сыңайлы. 

Енді міне, 2020 жылы Мьянмада парламенттік сайлау болып, демократиялық күштер тағы жеңіп шықты. Сол жеңісті мойындамаған әскерилер билікті басып алды. Төңкеріс болмас бұрын Қытай тарапының ірі әскери лауазым иелері Мьянмаға келіп, келіссөздер жүргізгені айтылған болатын. Бейжің өзінің экономикалық жобаларын іске асырып, Мьянмада порт ұстау үшін өзіне лоялды режимді орнатуды жөн деп тапқан сыңайлы.

Әрине, бұл тек болжам ғана. Алайда коммунистік КСРО да тура осы әдіспен Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыста біраз елде әскери төңкеріс жасап, өзіне бағынышты режимдерді қойды емес па. Мүмкін Қытай да солай еткен болар, кім білсін? Егер Қытай тұрса, онда Бейжің агрессиялық саясатқа көшті деген сөз.

Қазір АҚШ бұл төңкерісті қатаң айыптап, тұтқындарды босатуды талап етуде. Санкциямен қорқытуда. БҰҰ-да сол позицияны ұстануда. Қытай да айыптаған сыңай танытты. Бірақ сырттай алаңдағанымен, іштей төңкерісшілерді арқадан қақпағанына кім кепіл.