Weekend

Құдалық жоралғыларын білесіз бе?

Салт-дәстүр сөйлейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отыз күн ойын, қырық күн тойын асқақтатып жасаған қазақ халқының байырғы салт- дәстүрлері шежіреге ұласып, тарих тоғысынан мүдірмей өтіп, әлі күнге қолданылып келеді. Салт дәстүр– берекелі елдің мерекесін үстемдетіп, үдемелетіп отырады. Дәстүрге бекем қазақ халқы ғана емес, әр ел мен жер ата- бабадан қалған салт- дәстүрлерін асыл мұрасындай қадағалап, қағида тұтады.

Құдалық жоралғыларын білесіз бе? Құдалық –  екі елді жегжаттастырған ұл мен қыздың ата-аналары, тума-туыстарының арасында өтетін дүбірлі той. Төс қағысқан құдалар бір-бірінің шаңырақтарын алғаш аттайтын кез де сол құдалықта жүзеге асады.

Күйеу бала ең алғаш жұбайының шаңырағын аттаған сәтте балдыздары, яғни келіннің іні-сіңлілері жезделерінің аяқ киімін тығып қояды. Күйеу бала аяқ қиімін арнайы салықты төлегеннен кейін ғана алады. Салық түрі өз аяқ киімінің бағасынан еселеп асып кетуі де мүмкін.

Күйеу баланың алдына табақ тартылып, төс қойылады. Күйеу қайындап келген жұртына, анығырақ жеңгелеріне алғаш жеген төсінің өтемін қайтаруы керек. «Қалмады бастан бөрік, белден белбеу,

Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай»-деген осы болар.

Жеңгелері қолтықтаған келін не күйеу баланы тойға келген жұрағатқа көрсету де құда тарапқа салық болады. Көрген келін не күйеуіне көрімдік үлестіруі керек. Қалта қампайтар тағы жеңгелер тарапы.

Салттың және бір түрі келген құда-құдағиды бір арқанға орап байлап, бір-бірін тартқызады. Бұл дәстүр «арқан тартар» деп аталады. Мағынасы отағасы мен шаңырақ анасының татулығын көрсету.

Жеңгелер тарапынан «ұн жағар» рәсіме де назардан тыс қалмайды. Тойда жүрген тойшыл қауымның оң жақ беттеріне «той сендерге де жұғысты болсын» деп ұн жағып шығады. Қайын іні мен сіңлілеріне «ертерек отау құрыңдар» деп әзілдеп көптен жағып кетеді.

Сондай-ақ, «Құда, құда дегізген,

Құйрық, бауыр жегізген»- әні тегіннен тарихта қалмаса керек-ті. Жаңа құдаларға қатарласа қойылған «құйрық, бауырды» жегізеді, негізгі ниет: ғұмыр бойы «құйрық, бауырдай» жанасып, дәм-тұзымыз жарасып, үйлесіп жүрейік дегендері.

Әйелдер арасында ауыздан –ауызға тастамай, аңызға айналдырып жіберетін жоралғылардың бірі- «шуылдақ». «Шуылдақта»- құдағи тарап үй иелерінің әр қайсысына сый алып келеді, келіндер шай ішері, кішкентай балаларға деп ойыншық, сыйлықтарын да естен шығаруға болмайды.

Осылай, ата-бабалардың ізімен құда тарапқа үйір-үйір жылқы бермесе де, сол жылқының құнын шығарады. Жоралғылардың бәрі «Құда-мың жылдықтың» қамы үшін жасалынады. Құдды, Дулат Исабековтың «Шалдар» әңгімесіндегі қос құданың тату да тәтті ғұмыр кешкені сияқты.