Редактор бағаны

Алғашқы сезім

Тынысым тарылып, өкпемнің кепкеніне назар салар емеспін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жүгіріп келемін. Жан-жағыма қарамай бар дәрменімді салып зытып келе жатырмын. Тынысым тарылып, өкпемнің кепкеніне назар салар емеспін. Өз обалымды ойлар болсам басымнан айрыларым бесенеден белгілі. Екі аяқтан айрылсам да, қу бастан айрылмайын деп ауымды алшақ-алшақ басып келемін. 

Негізі қашып келемін, қашқанда да кімнен, ажалымнан қашып келемін. Артыма да қарап қоямын, алпауыт денелі қара неме нөкерлерімен зуылдап ұшып келеді. Неде болса, халық арасынан пана іздейін деп, құмырсқадай құжынаған лық толы базар арасына сіңіп кеттім. Қарсақпайдың үйі базарға жақын болғалы қандай  жақсы болған. Топырлаған топ арасынан ізім суыған тәрізді. Ешкім де қуып келе жатқан жоқ сияқты, жүрегім жайланайын деді. Адамдар қатары сирек бір бұрышқа бардым да жалпая жата кеттім. Әңгіменің төркінін түсінбей мең-зең болып отырған шығарсыңдар.

Менің есімім Айтық. Ата-анам жоқ. Шындығында, білмеймін бар ма, жоқ па. Әйтеуір көрген емеспін. Мені Қарсақпай деген байдың есігінің алдына тастап кеткен. Бай үйінде өстім.  13 жыл күнді күн демедім, не түнді түн. Табаным тозғанша жұмсап, тамырым шыққанша тірлікке тықты, бір қасық берген тамағын міндеттеніп ата-бабамнан бастап боқтығымен сылады, баекең. Құдай-ау, сәби күнімде сүтте бермеген шамасы сол сараң неме. Бәрін айтта бірін айт, байдан қашып кеттім. Бай баласы доп теуіп ойнайды да, малға да, жанға да жүгіретін мен. Дұрыс істелінбеген жұмыс болса таяқты жейтін де мен. Тамақтан қағылатын да мен. Шіркін-ай! Мынауым бар бәлені бүлдіретін Қожаның өмірінен аумай қалды-ау. Алайда, мен бұзықшылық жасап көрген емеспін. Шын сөзім. Мектепке де бармаймын ғой мен байғұс. Бұзықшылық жасап көзге түсетін. Мейлі... Оның бәрін жіпке тізіп не істемекпін. Әңгіменің түп төркіні, бай маған бақандай бір жұма ас бермеді. Өзім тамақ жемесем тыным таппайтын тентекпін. Сол тентектігімнен бүгін атың өшкір байдың малына жем, шөбін салмадым. Сілейіп құр сүйегім қалған денемді қамшымен сабадым кеп. « Мә саған» деп беті беттей, домаланған байды итеріп жіберіп едім, домаланды да кетті. Ал Айтық енді қашпасаң болмас дедім де, екі аяғымды қолыма ұстап, « Қолдай көр Аруақ» деп жел қаптырдым. Сол қашқаннан тоқтаған нүктем осы болып тұр.

Базардың у-шуы басылар емес, сірә. Тұла бойым сіресіп, сіңірлерім созылмай қалыпты. Бар күшімді жинап, базар көшелерін аралап келемін. Жұмыс табылса мына қу ішекке ас кіргізу керек, ол үшін ақша табу керек. Тар жол, арлы-берлі асыққан адамдар, арам жолмен болса да, адал жолмен болса да, тауарын саудалап жатқан саудагерлер. Ешкімнің мен байғұспен шаруасы жоқ. Азық-түлік сатып тұрған семіз денелі, сары әпкенің қасына келдім де «робота сдес» дедім. Қайдан білейін дұрыс айттым ба, әлде бұрыс айттым ба?! Байдың баласының Сәрсен деген жақсы досы бар еді. Құдай жарылқағыр, сол әріп танытып, есеп үйретіп, ішін ара орысша сөздіктерде жаттатқызып тұратын. Сол оқығанымның пайдасы тиген шамасы, сары әйел бетіме жымыңдады да «здесь, здесь» деді. Мен ұялыңқырап қалдым. «Қарның аш па?» деді маған мұңды кейіппен. Жүдеу түрім айтып та тұрған болар, шамасы. Ол мені дүкеніне кіргіп тәтті тоқаш, ыстық шәй беріп, қарнымды қампитып тастады. Сол арада бәрін сұрап, істің мән- жайын  түкпір-түкпіріне дейін ақтарып алды. Жанарына жас үйірілгенін байқадым. Өзі ашық, жайдары, мейірімді әпке екен де, бірақ, жылауы жылдам екен. Несіне жылап отыр деп, мен ойланып отырмын. Менің жағдайымды есітіп Сары әпке ойланып отыр. Сонымен Сары әпке маған өз үйінен орын берді. Үйі дүкенінің жанында екен. Мен әпкеден «Мені ұрып –соғатын балаңыз жоқ па?» деп сұрадым. Ертең келісеріме келісіп алып, баласы мені құлша жұмсап, күн сайын жұдырығының астына алса, Сары әпкеге не бетімді айтамын. Сары әпке біраз ойланып отырды да «менің жарым да, ұрпағым да жоқ» деп жерге қадала қарап, үнсіз қалды. Мен Сары әпкенің жылап тұрғанын білдім. Бірақ, бұл жолы жылағаны орынды секілді. Сары әпкемнің тырнаққа зар болғаны өкінішті. Себебі, ол өте мейірімді жан емес пе?! Баласы болғанда жанындай аялайтын еді. Бірақ, жазмышқа жаза бар ма?! Құдай салды көнеміз, басқа амал да, айла да жоқ. Жаңағыдан бері Сары әпке деп саңқылдап қоймадым-ау. Шындығында оның есімі Мария екен. Орыстың қызы. Түрі де, көзінің түсі де орыстардікінен аумай қалғанымен, таза қазақша сөйлейді. Біздің Шымкенттіктердің ең жақсы қасиеті де осы. Адамдардың дінін де, тілін де ұмыттырып, оңтүстіктің салт-санасын үйретіп, өздерінің адамы етіп шығарады. Мен «Мария» деп айтуға тілім күрмеліп, еш айта алмадым. Өңшең қазақ арасында «Қарсақбай, Орманбай, Дәуренбек, Бейсенгүл» деп жүргенде, аспаннан топ етіп түскендей Мария деп айту айтарлықтай қиын болды. Сонымен, денесінің үлкендігі мейірімімен шектелетін ардақты жанды «Сары әпке» деп атап кеттім.

Арада бір жұма өтті. Базарда Сары әпкеме көмекші болып жұмысқа орналастым. Тамағым тегін, жатағым жайлы. Әпкем маған туғаным істемеген жақсылықты жасап, жағамды жайлау еткізіп жүр. Тәуір киім алып, сыланып, иіс су да сеуіп алатын болдым. Не дегенмен, дүкенге неше түрлі адамдар келеді, қыз-қырқым бар дегендей. Мен әпкемнің жанынан бір елі ажырамаймын. Әлгі Қарсақбай менің осында екенімді ендігісі білген де болар. Жанында жанашыры бар деп жолай алмай жүрген шығар.

Кеш батып, ымырт үйірілді. Әпкемнің шаршағанын бір-екі әжім басқан беті айтып-ақ тұр. Жаным ашып, кешкі қоқысты тастап келуге өзім шықтым.

Адамдар қатары саябырсыған. Өзім әндетіп, шат-шадыман келемін. Сол мезетте, арқадан « Айтық» деп айқайлады біреу. Таныс дауыс, жалт қарадым. О, құдай сақтай көр, нақ алдымда Қарсақбайдың менен екі жас үлкен, денелі баласымен желік қуған жолдастары. Зәрем зәр түбіне кетті. «Көлденең келген көк атты келімсек, асымды ішіп, ыдысына түкіргенің бе бұл, оңбаған?!» - деп Байдалы басымнан шертіп қалды. Жәбірленіп кеттім де, өзіне қайта төпеп келіп қалып едім, бір топ бала жабылды да кетті. Бар білерім, бай баласын жұдырығымен жыққаным, одан арғысын білмеймін.

Шыңғырып шыққан дауыстан есімді жыйдым. Сөйтсем, Сары әпкем аңырап жылап отыр екен. « Екі туып бір қалғаны емеспін ғой, мен үшін несіне шырылдайды бұл әйел» деп таңданып, түсінбей жатырмын. Айнала қан жоса. Киімімнің сау жері қалмапты, аяғым ісіп, қимылдауға келмейді. Басым да мең-зең. Сары әпкеге « қойыңыз, жыламаңыз, мен үйреніп қалғам. Еш жерім ауырмайды» дедім. Әпкем одан әрмен жылауын үдете түсіп, « сенен айрылып қалдым ба деп қорықтым, балам» деп құшағына қысты.

Тоқта, тоқта! Бұл несі? Денем неге тітіркенеді? Жүрегім құдды асау тұлпардай ышқынып жатыр. Бұл қандай құбылыс? «Балам» деді ме? Өмірімде бірінші рет есітіп тұрмын ғой мына сөзді. Бұл не тағы? Қандай ыстық құшақ десеңші?! Әлі күнге адам баласынан мұндай мейірім сезініп көрген емеспін. Көзімнен ыстық жас ытқып шыққанын байқадым. О,тоба! Өмірімде жылаған адам емеспін ғой мен. Бұл қандай тартылыс? Бұл әйелде не құпия бар? Ересек шаққа ауысар сәтте сезінгенім не балалық сезімді? Алғашқы сезім, анаға деген сезім. Қандай керемет десеңші?!

Санам сан саққа жүгіруде. Бәлкім ана махаббаты деген осы болар. Ана! Қандай жағымды естіледі, ә! Туғалы ана деп айтып көрмеппін. Өз ойларыммен арпалысып  тұрғанда, қаусарып құшақтаған сары әйелге «анашым» деп жармаса кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Сары әпке де өмірінде алғаш рет «ана» деген сөзді естігені таңсық болып, «балам» деп жас пен қан араласқан қара бетімнен шылпылдатып сүйе берді.

Жаңа қосылған аналы- балалы біз ұйқыға жатайын деп төсек-жайымызды салуға кірістік. Бетім піскен алмадай домаланып, ісіп кетіпті. Бұл бай баласының естелігі болып қалды да. Сонымен анам мені құшағына алып, ұзын-сонар әңгіме бастады. Арасында менде қосылып, анамды күлдіріп қоямын. Қандай керемет десеңші! Енді менің анам бар. Біз ертең Алматыға жол тартамыз. Анам маған бұл жердің қауіпті екендігін айтты. Қалаға барып бақытты ғұмыр кешеміз деп қуантып тастады. Терезеден ай жылжып барады. Біз де ұйықтайық дестік. Анамның жылы құшағында жатып, Аллаға шүкіршілігімді білдірдім. Қанша дегенмен 13 жыл ана орнына ана, әке орнына әке болған Алла тағалам ғой.

-         Мені 13 жыл бойы бағып-қағып шаршаған боларсың. Сен дем ал. Енді анам қарайлайтын болады. Алайда, сенің бар жақсылығыңды ұмытпаймын Жаратушым. Саған мың да бір шүкір! Шүкір! Шүкір!...