Bugin
Бағаны қолдан көтеру
Биыл Қазақстанда пәтер бағасы қандай болмақ, сарапшылар бұған қалай қарайды, болжамы қандай? Бұл сауалдардың жауабын Bugin.kz платформасының тілшісі іздеп көрді.
ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр нарықтағы жаңа үйлердің бағасы 15%-ға дейін қымбаттаған. Ал Өскемен, Талдықорған, Қарағанды мен Петропавл, Семей қалаларында үйдің бағасы мүлде 20-33%-ға дейін өскен көрінеді. Алматыдағы баспана бағасы 13% қымбаттады.
Үйлердің бұлай қымбаттауына мемлекеттік бағдарлама мен инфляция әсер еткені белгілі. Ал биыл қазақстан азаматтарының бір бөлігіне зейнетақы жинағын шешіп, үй алуына рұқсат берілгені бар, мемлекеттік бағдарламаның тағы бір толқыны іске қосылмақ – осының бәрі "биыл да пәтер бағасының өсуіне әкелмей ме?" деген сауал туады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жаңа үйдің бағасы қазірдің өзінде қымбаттауға көшкен. Орташа есепке жүгінсек, 5-13% қымбаттаған екен. Бұл тенденция әлі де жалғаса ма? Сарапшылардан сұрап көрсек...
Зейнетақы жинағы бағаға әсер етпейді
Қазақстанда 25 қаңтардан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға өтініш басталған еді. Бұл бастаманың негізгі операторы – Отбасы банкі (бұрынғы Тұрғын үй жинақ банкі).
Басында сарапшылар бұл пәтер бағасының қымбаттауына әкеледі деп тон пішкен.
Мәселен, "Отбасы банкінің" төрағасы Ләззат Ибрагимова зейнетақы қаржысының нарық айналымына түскенде, пәтер бағасы қымбаттайды деп болжам айтқан.
"Қазақстан нарығы шағын. Сұраныс 10-20% артса, баға 8%-ға өседі. Бірақ бұл пәтер бағасының уақытша қымбаттауына ғана себеп болады", – деген еді Ибрагимова.
Осындай пікірді – экономист Айдархан Құсайынов та айтады. Оның айтуынша, зейнетақы жарнасын шешіп алғысы келетін азаматтардың көбінде тұрғын үй алуға қаржысы жетпейді. Сондықтан баға көтерілгенімен, оны сатып алуға көптің қаражаты жетпей, баға төмендейді.
"Қазақстанда зейнетақы жинап жатқан 750 мың адамның 300 мыңында ғана оны шешіп алуға мүмкіндік бар. Оның өзінде ескеретін жайттар бар. Мәселен, сізге берілген шекті сома 4 млн болып, ал жинағыңыз 4,5 млн болса, онда сіз 500 мың теңгеңізді ғана шешіп ала аласыз. Қалған 400 мың салымшының шекті сомадан асатын ақшасы 100-150 мыңның айналысында ғана. Бұл үй алуға алғашқы жарнаға жетпейді де! Яғни, елде зейнетақысын шеше алатын азаматтың саны 100 мыңға әрең жетеді. Ал бұл тұрғын үй нарығына қосқан тамшыдай ғана", – деп түсіндіреді экономист.
Ал "Тикмилл" халықаралық броккер тобының сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, зейнетақы ақшасының баспана нарығына әсерін білу үшін біршама күту қажет. Баға шарықтайды деуге негіз жоқ, бірақ пәтер арзандайды деп те дәмеленудің қажеті жоқ.
"Иә, әзірше пәтердің бағасы 10-15%-ға қымбаттап тұрғаны рас. Бірақ бұл – уақытша. Өйткені зейнетақы жинағын шешіп алып жатқандардың көбі үй алуға емес, қарызы мен ипотекасын жабуға жұмсап жатыр. Ал үй алуға ешкім асығып отырған жоқ. Баға шарықтай ма әлде жоқ па – тек жарты жылдан кейін ғана белгілі болмақ. Себебі зейнетақы жинағының қайда және қанша сомада кетіп жатқанын сол кезде бағамдап, толыққанды есеп айтуға болады. Менің ойымша, баға жаппай шарықтайды деп күтудің қажеті шамалы. Баға көтеріліп барып, қайта бастапқы күйіне түседі. Бірақ түсті деген арзандады деген сөз емес. Баспана алуды ниет отырғандарға кеңесім – әзірше әліптің артын баққаны жөн", – деп түсініреді ол.
Бұған дейін Ләззат Ибрагимова алты күннің ішінде зейнетақысын шешіп алғысы келген 50 мың өтініш беріп, оның төрттен үш бөлігіне ақша беру туралы шешім шыққанын хабарлаған. Оның 20 мыңнан астамы ипотекасын жабуға өтініш білдірсе, үй алу үшін алғашқы жарна ретінде зейнетақысын алғандардың үлесі 5%-ға ғана жетеді.
Сондай-ақ сарапшының ойынша, "Алматы жастары", "Нұр-Сұлтан жастары", "Шымкент жастары" сынды мемлекеттік бағдарламалар бағаны қымбаттатуға емес, оны арзандатпауға қызмет етеді.
"Біздің үкімет тұрғын үй бағасының түспеуіне, неге екені белгісіз, өте мүдделі болып отыр. Сондықтан тұрғын үй бағдарламасына жыл сайын қолдау білдіреді. Ал бұл бағдарламалар пәтер бағасын шамалы өсіргенімен, бүкіл нарыққа әсер етіп жатқаны шамалы. Ол бір-ақ мақсат үшін керек: ол – бағаны түсірмеу. Шындап келгенде, қазақстан азаматтарының әл-ауқаты жыл сайын төмендеп барады. Егер осындай бағдарламалар болмаса, үйдің бағасы 2-3 есе арзандап кетер еді", – дейді Арман Бейсембаев.
Жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, қазір Алматы қаласында пәтер бағасы 3-7% көтерілді.
"Алайда бұл – бағаны қолдан көтеру ғана. Яғни, үй сатушылар зейнетақы қаржысы нарыққа түсіп, халықта қаражат пайда болды деп ойлап, бағаны көтеруде. Бірақ зейнетақы қаржысы тұрғын үй бағасын көтереді деп ойламаймын. Бәрі саябырсыған соң, баға бастапқы қалпына келеді", – дейді Айнұр Құдайбергенова.
Оның айтуынша, баспана бағасының қымбаттауына негізінен үш себеп әсер етеді. Бірі – доллардың қымбаттауы, екіншісі – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жаппай іске қосылуы, үшіншісі – жаңа үйлердің қымбаттауымен бірге екінші нарықтағы пәтердің де қымбаттауы.
"Былтыр пәтер бағасының өсуіне негізінен инфляция, яғни, теңгенің құлдырап, доллардың қымбаттауы әсер еткен еді. Бұл – заңды құбылыс. Оның үстіне, шетелден үй алғысы келетіндер сататын үйінің бағасы доллардың құнына шақтап қояды. Егер биыл да доллар көтерілсе, үй қымбаттайды. Ал "Алматы жастары" сынды мемлекеттік бағдарламамен бұрын да жұмыс істегенбіз. Оның бағаны көтеруге қауқары жетпейді. Яғни, уақытша көтеруге ғана қабілеті жетеді. Кейін үй бағасы қайта "сабасына түседі", – дейді маман.
Жаңа үйлер қымбаттайды
Астаналық құрылыс салушы Әділет Исабековтің айтуынша, жаңадан салынып жатқан үйлердің бағасы қымбаттайды. Ол – анық.
"Бұған себеп көп. Солардың бірі – құрылыс материалдың қымбаттауы. Қазір олар металдың бағасы сияқты қымбаттап жатыр. Ал құрылыс компаниялары шығынын жабу үшін пәтер бағасын көтеретіні анық. Клиентті ұстап тұру үшін біраз уақыт бағаны көтермей тұра тұруы мүмкін. Бірақ жарты жылдан кейін жылдың басындағыдай бағаны көру қиын болады. Ал қазір үйдің әрбір шаршы метрі 200-400 мың теңгенің арасында", – деп түсіндірді құрылыс маманы.
Ал Қазақстан Тұрғын үй федерациясы президенті Ермек Мүсірепов элит, бизнес, комфорт сапасындағы жаңа үйлер жылдың басында, ал эконом-үйлер жаздың ортасынан бастап қымбаттайтынын айтады.
"Қазір нарықта сатылып жатқан 10 пәтердің тоғызы ипотекамен беріліп жатыр. Сондықтан ипотекамен берілетін эконом класты тұрғын үйлердің бағасы қымбаттары сөзсіз", – дейді Мүсірепов.