Bugin

XXI ғасыр баспасөзіндегі кемшіліктің сыры неде?

"Қазағым шыбынша қырылып жатқанда, туысым өліп жатқанда мен үнсіз тұра алмадым", - дейді журналист

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Серке" газетінің жабылуына түрткі болған оқиғаның бірі – М.Дулатовтың "Біздің мақсатымыз" атты мақаласының жарық көруі. Ол мақалада қазақ халқының Ресейге тәуелді екені, қарапайым халықты қанаған чиновниктердің арам пиғылын еш бүкпесіз ашық айтылған.

Қазақтың отаршылардан көріп жүрген езгісі, қорлығы Міржақыптай батыл әрі жас ақынның көкірегінде қайғы, күйік болып біте қайнайды. Қазақтың ең шұрайлы жеріне қоныстанған орыстардың кесірінен тұрғылықты халықтың шырқы бұзылып, үлес салмағы да азая бастады. Отарлау саясаты айрандай ұйыған елдің үрейіне айналды.

Тарихымыз әбден бұрмаланды. Ашылмаған ақиқат, бізге беймәлім тұстар да әлі жоқ емес. Десек те, қалың жұрт мұндай ауыр сынаққа қарсы тұрып, оңай беріле қоймады. Себебі шындықты айтып, бозторғайдай шырылдайтын ер-азаматтар сол заманда да жетіп артылды. Оған дәлел – Міржақып Дулатов.

Шындықты айтамын деп басын дауға да, сынға да  қалдырды. Қазіргі таңдағы журналистерге қарағанда сол жылғы журналистер әлдеқайда батылырақ болған тәрізді. Ойын ашық жеткізіп, шындық соңынан ерген.

Алайда қазіргі күннің де өз батыр әрі жанашыр журналистері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Негізі бірнеше журналистерді атап өтуге болар еді. Бірақ мен Жанат Бақыт есімді жас журналист жайлы сөз еткім келіп отыр. Басшылыққа ащы шындықты айтқаны үшін, саясатқа наразылығын білдіргені  үшін  эфирден кетірді.

"Қазағым шыбынша қырылып жатқанда, туысым өліп жатқанда мен үнсіз тұра алмадым", - дейді журналист.

Халық арасында осындай ақиқатында не болып жатқанын айтатын біреу керек. Журналистика – төртінші билік еді ғой, ал қазір көп журналистер бірінші биліктің қолшоқпарына айналып барады.